Алматылық Александр Данчев өзгеше өнерімен көпшілікті тәнті етті. Салмағы 26 тонна тартатын алып вагонды арқанға байлап, тісімен жылжытқан оның есімі Қазақстанның «КИНЭС» рекордтар кітабына енді.
Ақылға сыйымсыз болып көрінетін осы бір ермек біздің елде аса танымал болмағанымен, Еуропа мен Америкада табысты спорт түрі саналады. Бұл нәтиже азуы айбарлы Александрдың алғашқы рекорды емес, ол бұған дейін де осы жолғы нәтижеге жетеқабыл өнер көрсетіп, шетелдік әуесқойларды таңғалдырған болатын. Алған бетінен қайтпайтын қайсар жігіт бұл жолы салмағы зіл батпан темір вагонды екі жарым метрге дейін сүйреді.
– Бала күнімнен бұл іске ерекше құмарттым. Ғаламтор кеңге қанат жайғалы бері америкалықтардың көлікті қалай сүйреп жатқанын үнемі тамашалайтын болдым. Қызығушылығым оянып, жеңіл көліктерді тісіммен жылжыта бастадым. Нәтижесінде, осы деңгейге жеттім. Бұл жаттығуды орындау өте күрделі әрі ұзақ уақытты қажет етеді. Мұндай жаттығуды ешкімге қайталамауға кеңес беремін, – дейді рекордшы.
Қазақстан рекордтар кітабы тіркеу департаментінің директоры Бақытжан Тастүлековтің сөзінше, біздің еліміздің рекордтар кітабының басқа рекордтар кітаптарынан ерекшелігі адам денсаулығына зақым келетін жайттар жетістік ретінде тіркелмейді. Бірақ тіспен ауыр көліктер мен вагондарды сүйреу әлем елдерінде әлдеқашан спорт ретінде мойындалғандықтан, Александр алға қойған мақсатына қол жеткізіп отыр. Мұнымен тоқтап қалмаймын деген ол осы өнерімен алты құрлықты мойындатуды армандайтынын айтады.
АЛМАТЫ