ADAL партиясы атынан Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің Алматы қаласы тұрғындарымен кездесуі жалғасып жатыр. Бұл жолы кандидаттар білім саласының мамандарымен, шағын және орта кәсіп өкілдерімен жолықты.
Алматы қаласында ADAL партиясынан Мәжіліс депутаттығына үміткерлер Алина Асқарова, Ақмарал Бекмұрзаева, Олжас Ордабаев, Нұрлыбек Малелов, Мақсат Толықбай, Дәулет Мұқаев, Ләззат Шыңғысбаева, сондай-ақ партия өкілі Нұрлыбек Мұқановтар тұрғындармен кездесті.
ADAL саяси партиясының кеңсесінде Алматы қаласының белсенді жастары мен Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушыларымен, студенттерімен онлайн-жиын ұйымдастырылды. Іс-шараға спикерлер ретінде Алина Асқарова, Ақмарал Бекмұрзаева және Олжас Ордабаев қатысты. Кездесуге қатысушылар партияның сайлауалды бағдарламасы туралы ақпарат алып, бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.
Іс-шара барысында Олжас Ордабаев білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысын көтерудің маңызына тоқталды.
«Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен бастап, мұғалімдердің жалақысын арттыру мәселесі өте өзекті күйінде тұр. Біз білім берудің барлық деңгейлерінде мұғалімдердің жалақысын арттыру мүмкіндіктері бойынша жұмыс істеуді жалғастырамыз», деді Олжас Ордабаев.
Депутаттыққа кандидат Нұрлыбек Малелов пен партия өкілі Нұрлыбек Мұқанов оқу орнының оқытушылары және студенттерімен кездесті. Жиын барысында қатысушылар партияның білім беру жүйесін реформалау жөніндегі ұсыныстарын да жоғары бағалады.
Үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары мегаполистің ірі базарлары мен сауда нүктелерінде жалғасты. Депутаттыққа кандидаттар Мақсат Толықбай, Дәулет Мұқаев және Ләззат Шыңғысбаева шағын бизнес өкілдерімен кездесті.
Базар қызметкерлері ADAL партиясының мақсаттары мен міндеттері туралы ақпаратты тыңдады. Қызу пікірталастар жұмыспен қамту және медициналық сақтандыру мәселелерінен туындады. Кездесулер барысында тұрғындар партияның елдегі кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұсыныстарын қолдайтындарын жеткізді.
«Іс жүзінде сіздер жұмыс орнынан шыға алмайсыздар. Сондықтан сіздердің шетте қалмауларыңыз үшін, осы саяси науқанға белсенді қатысуларыңыз үшін біз арнайы осында кездесу ұйымдастырып отырмыз», деді Ләззат Шыңғысбаева.
Жұмыс күнінің соңында кандидаттар ADAL партиясының төрағасы Серік Сұлтанғалимен кездесті. Кандидаттар партия төрағасына аймақтардағы үгіт-насихат жұмыстарының нәтижелері туралы айтып берді. Сонымен қатар олар қалалар мен ауылдар тұрғындарын мазалайтын, ең көп кездескен проблемаларды жеткізді.
«Өте ауқымды, маңызды және қажетті жұмыс атқарылды, көптеген мәлімет, тілек пен ұсыныс жиналды. Мен әрқайсыңызға осындай қиын сәтте белсенділік пен жұмысты адал орындағаныңыз үшін алғыс айтамын. Өздеріңізге және денсаулықтарыңызға мұқият болыңыздар, менің ойымша, бұл бүгінгі күннің ең маңызды басымдығы екендігі баршаға түсінікті. Барлығыңызға үміттеріңізді жоғалтпауға және біздің ортақ мақсатымызға табандылықпен ұмтылуларыңызға тілектеспін. Халық бізге сенеді, сондықтан оларға адал болып, уәделерімізді орындайық», деді Серік Сұлтанғали.