• RUB:
    4.97
  • USD:
    493.85
  • EUR:
    519.04
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Қаңтар, 2021

2021 жылдан бастап елімізде қандай салық өзгерістері болады?

4105 рет
көрсетілді

2020 жылы салық саласында да бірқатар өзгеріс болды. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов былтыр қыркүйек айында жаңа жылдан бастап салық төлемдерінің біразы қысқаратынын мәлімдеген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жолдауда салық саны тым көбейіп кеткенін айтқан.

«Қазір 40-қа жуық түрлі салық пен төлемдер бар. Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп депутаттық корпусты қатыстыра отырып салық міндеттемелерін түбегейлі жеңілдету және салықтар мен төлемдер санын азайту үшін салық кодексі мен заңға тәуелді актілерді қайта қарауды тапсырамын» деген болатын мемлекет басшысы.

Жақында ғана салық кодексіне енген өзгеріс бойынша, 1 қаңтардан бастап қосымша құн салығы бойынша есепке қоюдың шекті мөлшері 30 мың АЕК-тен 20 мың АЕК-ке дейін қысқарады. Ал биылдан бастап көпқабатты үй тұрғындары жер салығын төлеуден босатылады. Осыған дейін олар аталған салықты төлеп келген болатын.

Сонымен қатар мемлекет көлік салығын төлеу мерзімін де ұзартты. Былтыр 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін төлеп үлгеруі керек болса, енді ол мерзім 2021 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылды.

2021 жылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы қорындағы жинаған қаражатының бір бөлігін алып, оны тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге пайдалана алады. Қазір бұл бастаманы реттеумен «Отбасы банкі» айналысып жатыр. Осы орайда жинақтан ақша алу кезінде аталған қаражаттың 10 пайызы жеке табыс салығы ретінде ұсталатыны хабарланды. Дәл осы ереже қоғамда әжептәуір шу тудырды. Дегенмен қоғам қарсылығына қарамастан заң жобасы бәрібір қабылданбақ. Яғни, азаматтар жеке табыс салығын төлейді, алайда бірден емес. Аталған төлемді зейнет демалысына шыққаннан кейін бөліп төлеу қарастырылып отыр.

Енді ел тұрғындары мүлік пен жер салығын бірге төлейді. Сол арқылы аталған салық түрін төлеу процесі жеңілдетіліп отыр.

Пандемияға байланысты былтыр кіші және шағын бизнес ұжымдық табыс салығы, жеке табыс салығы, әлеуметтік және бірыңғай жер салығын төлеуден босатылған еді. Мемлекет сондай-ақ бизнесті тексеруге қатысты да мораторий жариялады. Аталған шара 2022 жылдың соңына дейін күшінде болады. Сондай-ақ шағын және орта бизнес те салықтан және жалақы қорының төлемдерінен босатылды.

2021 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 2917 теңгені құрайды. Ал базалық әлеуметтік төлемдер мөлшерін есептеу үшін күнкөрістің ең төменгі мөлшері 34 302 теңге болып бекітілген. 2021 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңге күйінде қала береді. 1 қаңтардан бастап төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 18 524 теңге. Бұл ретте минималды зейнетақы мөлшері – 43 272 теңге.   

Соңғы жаңалықтар