Атыраудың төл перзенті Сапарғали Мұқалов – Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен жауынгердің бірі. Ол 1920 жылы бұрынғы Гурьев облысы, Бақсай ауданындағы Сарайшық ауылында дүниеге келген екен. Ал 1940 жылғы 22 қазанда Гурьев әскери комиссариатынан Қызыл Армия қатарына шақырылған. Әскери борышын өтеуді Чита облысында бастаған. Жауынгер 1941 жылы Смоленск шайқасына танк дивизиясының құрамында қатысқан. Алайда...
Былтырғы қазан айына дейін қазақ жауынгері туралы еш дерек табылмаған еді. Соғыста хабар-ошарсыз кеткен жауынгердің қайда жерленгені де белгісіз болды. Туыстары оның бір дерегін күтуден жалыққан жоқ. Десек те Сапарғали Мұқаловтың сүйегі Ресей Федерациясындағы Смоленск облысының аумағында жерленген болып шықты. Сол елдегі «Переправа» отрядының командирі Наталья Максимованың мәліметінше, қазанда Смоленск облысының Кардым ауданындағы іздестіру жұмыстары кезінде белгісіз жауынгердің тұтынған заттары мен елге жазған хаты табылыпты.
– Жауынгердің медальонындағы қағазда «Каз. ССР. Гурьевская область, г.Гурьев, Баксайский р-н, посёлка Сарайчик, получить Ербатыровой Рахимой» деген жазу ғана бар. Бірақ қағазда жауынгердің аты-жөні жазылмаған. Бұл біз үшін жұмбақ болды. Қазақстандық іздестірушілерден белгісіз жауынгердің туыстарын табуға көмек сұрадық. Кейін 1940 жылдары аталған елді мекенде Ербатырова Рахима есімді жалғыз әйел болғаны анықталды, – дейді «Переправа» отрядының командирі Наталья Максимова.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгердің батыр екені даусыз. Осы тұрғыдан айтқанда,майдан даласында хабарсыз кеткен батыр сүйегінің туған жерге оралуына «Переправа» іздеу отрядының командирі Наталья Максимова, Павлодардағы «Майдан жолы» іздеу отрядының командирі Александр Шитов, Атырау облыстық «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшесі Қуаныш Юсупов, облыстық «Былина» орыс этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Андрей Кораблев пен өзге де белсенді азаматтар атсалысты.
– Адамзат тарихындағы қанды қырғын атанған Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ елінен жүз мыңдаған жауынгер қатысты. Соғыстан оралмаған боздақтардың бірі – Сапарғали Мұқалов. Атыраулық жауынгердің сүйегі 80 жылдан кейін туған жер топырағына жеткізілді. Оның рухы енді туған жерінің төсінде тыныштық табады, – дейді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Жауынгер дерегін күткен ұрпақтарының бірі Марат Үмбетәлиев «өшкені жанғандай, жоғалғаны табылғандай» толқынысын жасыра алған жоқ. Өйткені Сапарғали Мұқаловтың өзінен ұрпақ қалмаған.
– Адамзат баласы туған жеріне туған бойда тамырымен байланады деседі. Арада қанша уақыт өтсе де оларды ажыратпайтын бір тылсым күш бар. Сапарғали Ербатырұлының сүйегінің туған жеріне жеткізілуі – атамекен мен адам арасындағы байланыстың айғағы, – дейді Марат Үмбетәлиев.
Смоленск даласынан табылған атыраулық жауынгердің сүйегі мұсылмандар қорымына жерленді. Ал облыстық тарихи-өлкетану музейіне оның әскери каскасы мен құтысы, қаруының штик-пышағы мен белдігінің бөліктері, ауылының мекенжайы жазылған хаты тапсырылды.
Атырау облысы