Ақжолдықтар үгіт-насихаттың жаңа форматына көшті. Партия белсенділері әдеттегідей сайлаушыларды бір жерге жинамай, сайлауалды бағдарлама мәтінін үйге жеткізіп беруге бел байлады. «Есіктен есікке» акциясы аясында партияның ондаған еріктісі Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғындардың пошта жәшігіне арнайы парақшалар қалдырып жүр.
Егер жергілікті тұрғындар тарапынан сұрақтар туындаса, еріктілер сол жерде пікір алмасып, саяси ұйым ұстанымдарын, сайлауалды бағдарламасын түсіндіруге дайын. «Есіктен есікке» акциясы бір күндік шара емес. Бұл акция үгіт-насихат науқанының аяғына дейін жалғасады. Шара сонымен қатар тек елордада ғана емес, еліміздің барлық өңірінде өткелі отыр.
Партия атынан қалалық мәслихат депутаттығына үміткер Серік Түсіпов еріктілердің қасында болып, тұрғындармен пікірлесті. Оның айтуынша, кездескен азаматтардың көбін толғандыратын басты мәселе несие жайында болды. Халық кредит мәселесінде халыққа жеңілдік жасалғанын қалайды екен. Естеріңізге сала кетсек, «Ақ жол» партиясы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету үшін ипотека, тұтыну тауарлары үшін, шағын және орта бизнес пен халықтың тұтыну қажеттіліктері несиелерінің пайыздық мөлшерлемелерін 7-8%-дан аспайтын етіп шектеуді ұсынып отыр.
Одан бөлек, кәсіпкерлікті қолдау – жұмыссыздық мәселесін шешудің, жұмыс орындарын құрудың және қазақстандықтарды табыспен қамтамасыз етудің басты құралы деп санайтын партия өкілдері Қарағанды кәсіпкерлерімен кездесті. Үгіт-насихат тобын партия көшбасшысы Азат Перуашев бастап барды.
Қарағанды облысына жұмыс сапары «Британский комфортный квартал» ТК құрылыс алаңында сайлаушылармен кездесуден басталды. Тұрғын үй құрылысы өткен жылдың соңында басталған. Жекелей инвестицияланған нысанды құрылысшылар осы жылдың соңында пайдалануға беруді жоспарлап отыр екен.
«Жаңа үйде 720 пәтер болады. Нысанда жүзден астам адам жұмыс істейді. Мамандардың барлығы жергілікті тұрғындар, дегенмен жұмыс қолы жетіспейді. Пандемияға дейін Өзбекстаннан мамандар тартылды, бірақ олар қазір елдеріне оралды. Енді кадрлар жетіспеуде», дейді құрылыс жетекшілері.
А.Перуашев мұндай компанияларды қолдау қажет екенін атап өтті. «Құрылыс бүгінде экономиканың нақты секторының дамуына әсер ететін басты салалардың бірі болып отыр. «Ақ жол» партиясы – шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдаудың жақтаушысы. Біз инвестицияларды тартудың шынайы стимулдарын енгізу қажет деп санаймыз. «Ақ жол» пандемияның салдарын еңсеру үшін салықтық рақымшылық жүргізуді, ШОБ-ты төлем қабілеттілігі толық қалпына келгенше салықтан босатуды, микробизнес пен өзін өзі жұмыспен қамтыған халықты салықтан босатуды ұсынды. Біз Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесін 4-5%-ға дейін төмендету, кейіннен ЕДБ кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендету мәселесін үнемі көтеріп жүрміз», деп атап өтті ол. Содан кейін Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» үгіт-насихат тобы Қарағанды кәсіпкерлерімен кездесті. Партиялықтар бизнесмендерді өздерінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, оларды толғандыратын мәселелерді тыңдады. Әңгіме барысында экономикалық заң бұзушылықтар, салық салу, мемлекеттік сатып алу саласындағы кедергілер тақырыптары көтерілді.