Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Хабаровскіде «Амур» клубымен өткізген «Барыс» буллит сериясы бойынша жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантты.
«Барыс» клубы үшін жаңа жылдағы алғашқы бәсеке табысты әрі нәтижелі аяқталды. Сегіз гол соғылған ойында қазақстандық команданың айы оңынан туды. Кездесудің есебін алғаш қонақтар ашты. 13-минутта Мэттью Фрэттин «Барысты» есепте алға шығарса, бірінші кезең соңына дейін айдын иелері екі шайба соғып, таразы басын өздеріне аударды. 14-минутта Александр Полунин, 17-минутта Дмитрий Лугин гол соқты. Екінші кезеңнің орта тұсында «Амур» ойыншысы Михал Йордан мергендігімен көзге түсіп, таблодағы көрсеткішті 3:1-ге жеткізді. Арада бірер минут өткенде Павел Акользин (33-минут) есеп айырмасын қысқартса, Роман Старченко (34-минут) таразы басын теңестірді.
Үшінші кезеңде командалар тағы да бір-бір шайбамен алмасты. Алғаш 52-минутта «Амур» сапынан Сергей Терещенко командасының төртінші голын соқса, іле-шала Никита Михайлис есепті 4:4-ке жеткізді. Ал қосымша уақытта жағдай өзгермеген соң, барлық мәселе буллит сериясында шешілді. Нәтижесінде, екі мәрте нәтижелі соққы жасаған Роман Старченко «Барысқа» жаңа жылдағы алғашқы жеңісті сыйлады. Екі команда бүгін тағы да өзара бақ сынайды.