• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Қаңтар, 2021

Алматының Жетісу ауданында үш дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады

367 рет
көрсетілді

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша шаһарда алғашқы болып Жетісу ауданында «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы ашылды. Жобаның мақсаты - бастауыш сыныптарда оқитын көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды дамыту және оқыту. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Шыңға өрлеу» клубында бейнелеу өнері үйірмесі, емдік дене шынықтыру, актерлік шеберлік үйірмесі, вокалдық үйірме, дойбы және шахмат, домбыра үйірмесі, би үйірмесі, өзіндік дайындық сағаттары сияқты үйірмелер жұмыс істейді. Жылдық қамту 240 баланы құрайды.

«Жетісу ауданында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашу мәселесі қала әкімінің ерекше бақылауында тұр. Атап айтқанда, олар Құлагер шағын ауданында аумағы 7,5 мың ш.м. және жобалық қуаты бір ауысымда 150 адам қабылдайтын бассейні бар, Айнабұлақ шағын ауданында аумағы 4,5 мың ш.м. және жобалық қуаты бір ауысымда 100 адам, Кемел шағын ауданында аумағы 2,5 мың ш.м. және жобалық қуаты бір ауысымда 94 адам қабылдай алатын бассейндері болады. Қазірдің өзінде екеуі бойынша құрылыс басталуда. Үш дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ағымдағы жылдың соңына дейін ашу жоспарлануда», - деп хабарлады аудан әкімі.

Балалар мен жасөспірімдер спортын қолдау үшін «Айнабұлақ жекпе-жек орталығы» ашылды, онда 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар тегін жаттыға алады. Биылғы жылы сонымен бірге, ауданның басқа 3 шағын аудандарында: Көкжиек, Көкмайса, Құлагерде осыған ұқсас жекпе-жек орталықтарын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды спортқа тарту мақсатында ауданда 7 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған тегін футбол және волейбол секцияларының жобасы іске асырылды. Тегін футбол мен волейболдан жылдық қамту 400 баланы құрайды.

2020 жылдың тамыз айында «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «Домбыра мектебі» ашылды, оның мақсаты 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды жыл бойы тегін домбыра ойнауға үйрету болып табылады. Қазіргі уақытта мектепте 200-ге жуық бала оқиды.

Балалардың бос уақытын өткізетін нысандарды ашу бойынша жұмыс жалғасатын болады. Осы жылы Көкмайса шағын ауданында балалар шығармашылығы орталығын ашу жоспарлануда, онда хореография және музыка үйірмелері, тіл үйрету курстары және зейнеткерлерге арналған кабинет ұйымдастырылады.

«2020 жылы қала әкімінің тапсырмасы бойынша 4-ші Айнабұлақ шағын ауданында № 24 кітапханаға күрделі жөндеу жүргізілді. Жөндеуден кейін үй-жай заманауи жиһазбен жабдықталған, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы орнатылған, интернетке қол жеткізу аймағы ұйымдастырылған», дейді Жетісу ауданының әкімі.