Сенат депутаты Ерік Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша, Ақжар және Уәлиханов аудандарында болды. Сапар барысында ол жергілікті құс фабрикасының жұмысшыларымен кездесті және кәсіпорындардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz
Сенатор сондай-ақ өңір тұрғындарымен сапалы медициналық қызмет, қашықтан оқуды техникалық қамтамасыз ету және жол жөндеу жұмыстарына қатысты мәселелерді талқылады.
«Осы үш ауданның тұрғындарын алаңдатып отырған басты мәселе Көкшетау-Омбы тасжолын жөндеу жұмыстары екені белгілі. Осыған орай келесі жылы жобалау-сметалық құжаттамаға 104 миллион теңге бөлу жоспарланған. Соған сәйкес 2022 жылы жөндеу жұмыстарын бастау көзделіп отыр. Одан бөлек, Үкіметтің іргелес ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз етуге арналған бөлек жоспары бар. Алдағы 2-3 жылда әр ауылда интернет болады деп сенемін», деді Ерік Сұлтанов.
Сонымен қатар сенатор Ақжар аудандық орталық ауруханасының дәрігерлерімен кездесіп, былтыр қабылданған заңдардың маңызы жөнінде айтып берді. Ол бір жылға жуық індетпен күресте табандылық танытып келе жатқан мамандарға алғысын білдіріп, медицина саласы бойынша облыстағы өзекті мәселелерді талқылады. Өз кезегінде дәрігерлер жергілікті ауруханаларда заманауи жабдықтардың жетіспейтінін айтты.
«Біздің ауданға қазіргі заманғы лапароскопиялық аппарат қажет. Бұл қондырғы абдоминальді хирургия, өт шығару жолдарындағы аурулар мен зағиптікті емдеу және гинекологиялық оталар үшін керек. Осындай заманауи оталардан кейін науқастар 3 күннен соң қалыпты өміріне қайта оралады», деді дәрігер-хирург Бауыржан Қосаев.
Ерік Сұлтанов бұл мәселелер Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып қаралатынын жеткізді.