• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Қаңтар, 2021

Бақытжан Сағынтаев құрылысшыларды Алматының тарихи орталығында құрылыс жүргізуді тоқтатуға шақырды

213 рет
көрсетілді

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев онлайн-кездесу барысында құрылыс компанияларының, кәсіби қауымдастықтар мен қаржы ұйымдарының өкілдерімен бірге Алматыдағы құрылыс нарығының даму перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кездесу барысында тұрғын үй құрылысының сапасы, білікті кадрларды даярлау, құрылыс материалдарын өндіру, әлеуметтік тұрғын үй құрылысының қарқыны және инженерлік инфрақұрылымдарды жүргізу мәселелері қаралды. Сонымен қатар, кеңеске қатысушылар тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасын іске асыру тетіктерін жетілдіру, бос жер учаскелерінің тапшылығы тақырыптарын талқылады.

Осыған орай, Сағынтаев тарихи орталықта, сондай-ақ тұрғын үйлердің аулаларында нүктелі құрылыстарды жүргізуге тыйым салынатынын атап өтті. Бұдан өзге, үйлердің арасына «кірістіріп» құрылыс жүргізуге де тыйым салынатын болады. Айта кетерлігі, ескі үйлердің орнына жаңа үйлерді тұрғызғанда олардың бұрынғы биіктігін сақтауға рұқсат етіледі.

«Мен құрылыс жүргізуге қатысты ережелерді әзірлеуді тапсырдым, оның негізінде тарихи орталықта, аула аумақтарында бос жатқан жерлерге нүктелі құрылыс салуға, жалпы құрылыс жүргізуге тыйым салынады. Басты міндет – қаланың бұрыннан қалыптасқан тарихи келбетін сақтап қалу. Жоғалтып алғандарымызды қайта жаңғыртып, әсем Алматының ежелгі даңқы мен қайталанбас көркін қалпына келтіру»-, деді қала әкімі Б.Сағынтаев.

Оның айтуынша, ережелерде тарихи орталықтағы жер учаскелерінің иелері тұрғындардың қалауы бойынша балалар алаңдарын немесе қоғамдық орындарды салып, олардың айналасын абаттандыра алатындығы көрініс табады. Ең бастысы - қалыптасқан архитектуралық имиджді бұзбау. Бұлай етпеген жағдайда құрылысты жүргізетіндерден жер телімдері сатып алынып, қала меншігіне беріледі.

Ережеге қатысты тарихи орталықтың, сондай-ақ қаланың басқа аудандарындағы жеке аумақтар – ықшамаудандардың, тыныш аудандардың шекаралары анықталады.

Тарихи маңызы бар нысандарды анықтау қарастырылуда, олардың жанынан кез-келген құрылысты жүргізу қоғамдық талқылаудан өткеннен кейін ғана мүмкін болады.

Ережелерде қала құрылысын ретке келтіру жөніндегі ерекше аумақтарда құрылыстың тығыздығы мен салынатын ғимараттардың биіктігі есепке алынады. Бұдан өзге, аэрация режимін жақсарту, көгалдандыру, қалалық қоршаған ортаны сақтау және жайлылықты кеңейту, қаланың тарихи келбетін сақтау үшін қасбеттерді безендіру талаптары да жазылатын болады.

Құрылыс жүргізуге қатысты Ережелер қаңтар айында әзірленіп, ақпан айында сарапшылар қауымдастығы мен қоғамның кеңінен талқылауына ұсынылады. Құжат наурыз айында қабылданады деп жоспарлануда.

Құрылысшылар қауымдастығына жоспарларға түзетулер енгізу және қарқынды дамып келе жатқан Жаңа Алматы аймағына назар аудару ұсынылды. Мысалы, Алатау ауданы, мұнда тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың құрылыстары қатар жүріп жатыр.

Жалпы, Алматы әкімі Б.Сағынтаев тұрғын үймен қатар әлеуметтік нысандар - мектептер, ауруханалар, спорт нысандары мен кешендердің құрылыстары қарқын алғанын атап өтті. Жұмыс жалғасатын болады.

Бұрын хабарланғанындай, 2020 жылы 1 586 мың шаршы метр тұрғын үй немесе коммерциялық тұрғын үйдің 16879 пәтері салынды. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 289,5 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 3902 пәтер іске қосылды. Ағымдағы 2021 жылы 1716 мың шаршы метр коммерциялық тұрғын үй немесе 12 мың пәтер салу жоспарлануда. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша - 328,8 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 4470 пәтер салынатын болады.