Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына акцизделетін тауарларға салынатын салыққа қатысты бірқатар өзгеріс енгізіледі.
Атап айтқанда, темекі өнімдеріне акциздердің ставкалары кезең-кезеңімен өседі. Яғни темекі өнімдерінің заңсыз айналымының таралуын болдырмау мақсатында темекі өнімдеріне акциз ставкаларын кезең-кезеңімен арттыру көзделген.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумақтарында өткізілетін темекі өніміне арналған акциздер ставкаларын үйлестіру (сәйкестендіру) «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өніміне арналған акциздер саласында салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы Келісім» (Үкіметтің 2019 жылғы 9 желтоқсандағы № 911 қаулысы) шеңберінде іске асырылады.
Енгізілетін жаңа нормаларға сәйкес (2020 жылғы 10 желтоқсандағы ҚРЗ) 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін акциздердің ставкалары: темекіге – 12 300 теңге (1000 данасына); қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға – 11 750 теңге (1 кг темекі қоспасына); никотині бар сұйықтыққа 8 теңгені (1 миллилитр сұйықтыққа) құрайтын болады. Қолданыстағы заңнама бойынша 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін акциз ставкалары темекіге – 11000 теңге (1000 данасына); қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға – 7345 теңге (1 кг темекі қоспасына); никотині бар сұйықтыққа 5 теңгені (1 миллилитр сұйықтық) құрайды.
Жаңа тауарларды акцизделетін тауарлар тізбесіне енгізу бойынша қазіргі уақытта газохол, бензанол, нефрас, жеңіл көмірсулар қоспасы, экологиялық отын түрінде ЕАЭО елдеріне бензиннің экспорты ұлғайды, бұл ішкі нарықта мұнай өнімдерінің тапшылығына алып келеді және көлеңкелі айналымның ұлғаюына ықпал етеді. Осыған байланысты, акцизделетін тауарлар тізіміне жаңа тауарлар енгізілді, атап айтқанда газохол, бензанол, нефрас, жеңіл көмірсулар қоспасы және экологиялық отын.
Бұл өзгертулер 2022 жылдан бастап қолданысқа енеді.