• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Пікір 07 Қаңтар, 2021

Ел де, ер де жақсы атқа лайық!

245 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы тұсында, мемлекеттілік жаңғырып орныққан кезде, көптің көкейінде жүрген мәселені қайта қараудың қисыны бар. Алғаш рет сонау 1993 жылы түрлі геосаяси, басқа да қиындықтарға қарамай, Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев осы бағыттағы сауапты қадамға ұйтқы болғанын білеміз. Сонда «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң қабылданып, оларды еске алу күні белгіленген. Одан бері көп нәрсе өзгерді, ең бастысы – еркін сана-сезім орнықты.

Ұлтымыздың ардақты тұлғалары туралы шындықты айтып, оларды ақтау тек олардың ұрпақтары үшін ғана емес, жалпы қоғамдық сананы жаңғырту үшін қажет. Мұны ел үшін жанын құрбан еткендер мен жеке басының қамынан аса алмағандардың ара жігін ажырату үшін қажетті шара деп қабылдау орынды. Әр дәуірдегі, кезеңдегі азаматтық қоғам белсендісінің, тұлғаның, қайраткердің  саяси-практикалық іс-әрекеті үшін тарихтың әділ бағасы бола­тынын қалыптастыру жолы деп қарастыруға болады. Сонау «азаматтық соғыс», әлемдік құқық практикасында қолда­ныл­маған «халық жаулары» деген ұғым-тер­миндердің заңды анықтамасын қайта тара­зылау керек шығар. Советтік кезеңде саясатты түсінбей бас көтерген көтеріліс­шілердің, байдың тұқымы, діни тұлғалар ретінде атылып немесе «итжеккенге» айдал­ған­дардың обал-сауабын іздеу, сұрау салып, ақ-қарасына көз жеткізу – бүгінгі ұрпақ үшін арылу парызындай болар еді. Одан кейінгі 1920-1921 жылдардан бастал­ған аштық құрбандарының және ашар­шылық себептерін әшкерелеген саяси тұл­ғалардың тағдыры да трагедияға ұласты.

Сондай-ақ өткен ғасырдың 30-50 жыл­дары билікке қарсы тұрған қазақ жаста­ры­ның түрлі ұйым, бастамалары туралы журна­листік ізденістерден басқа тың­ғылықты зерттеулер жоқтың қасы. Мұның сыртында реп­рессияланған азаматтардың ұрпағы көрген азап пен мехнатқа баға берілмеді. Екін­ші дүниежүзілік соғыс құрбандарын, тұт­қында, лагерьлерде азапталған, атылған тұлға­ларды қай санатқа жатқызарымызды біл­медік. Олар­ды тек «соғыс құрбаны» деу аз, өйтке­ні бұл бейбақтар саяси жүйелер теке­ті­ре­сі­нің қорлығын басынан өткеріп, жанын қиды. Қырағы қараулар көзіне ілініп, ғұмы­рын аң­­дудың астында өткізгендер қаншама?!

Жоғарыда айтылған міндеттерді орындау барысында мемлекеттік комиссия мүшелері мен тиісті жауапты орындар мынадай ұсыныстарды ескергені жөн шығар.

Біріншіден, саяси зардабына әділ баға берілмеген совет өкіметі келмеске кетті. Бірақ сол қоғам ауыр саяси айып таққан­дардың ұрпағы тірі. Ата-бабасының ақталуын және саяси қателіктерге баға берілуін ең алғаш солар күтіп отыр. Осы тұрғыда келмеске кеткен патша өкіметінің де қуғын-сүргіндеріне, оның құрбандарына лайықты саяси баға берілгені дұрыс.

Екіншіден, біз Аштық пен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуды бір күні атап өтуіміз керек пе, жоқ бұған екі бөлек дата арнауымыз қажет пе – осы жағын қайта қарау маңызды деп ойлаймыз. Біздіңше, «Қазақстан аштығы» немесе «Ашаршылық құрбандарын жоқтау» – аса қасіретті оқиға. Сондықтан екеуін бір-бірімен байланысты, бірақ екі бөлек күрделі де трагедиялы дата ретінде санада да, тарихта да орнықтырған жөн болар еді.

«Архивтерді ашып, жария ету абырой әкелмейді, аз қазақтың арасына іріткі салады» деген пікірлер де айтылып қалып жүр. Бұл – әлденеше рет қайталанып келе жатқан еріншектердің  шөп басын сындырмай, «ертеңге сырғытпа сылтауы» немесе көзқамандар мен мәңгүрттердің керенаулығы. Сонда «жауырды жаба тоқу» кімді беделге шығармақ? Біздіңше, қиын тағдырлардың, трагедиялық жағдайлардың да елімізді топтастыратын, бірлігін бекемдей түсетін тұстарының өзін түгендеп зерттеп алсақ та жеткілікті болар еді. Оның үстіне, қазіргідей көзі ашық, сауатты ұрпағы бар халқымыздың өресі, өткен-кеткеніне тоқтам айтар мінезі мен байсалды ойын, қорытынды жасай білетін қасиетін неге ескермеске?

Міне, қалың көпшілік тиісті комиссия мүшелерінен осындай ниетке сай, ақылға қонымды, темірдей тәртіпке бағынған, терең де байыпты жұмысты күтеді.

Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы аталған комиссия туралы ойымызды бір жаңғыртса, екінші жағынан тарихқа әрі сабақ, әрі айна ретінде қарау жөніндегі көзқарасымызға түсінік енгізді. Иә, тәуелсіздік жолындағы тар жол, тайғақ кешу – жай жоқтау мен қаралы трагедия ғана емес, рухтану мен намысты қайраудың негізі. «Мың өліп, мың тірілу» де – Қазақ елі мәңгілігінің арқауы. Феномен-феникс – біздің жол, біздің тағдыр.

Қасым-Жомарт Кемелұлы мақаласында ұлт тарихының ауыр кезеңдері, күрес парақтары тәуелсіздіктің тағылымы ретінде байыпталған. Мәселен, ашаршылықты алайық. Мемлекет басшысы ашаршылықты жаңашыл зерттеу нысанасы етуді мәселе етіп көтерді. Ол: «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді» деп жазады.

Қазақтың «Көп қорқытады, терең батырады» деген нақылы – сақтық пен мұрат ишараты. Бұйырса, ондай күнге де жетерміз.

Мемлекет басшысы: «Тіпті ғалым­дардың арасында ашаршылық құрбан­дарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғам­ды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек», дей отырып, кәсіби тарихшыларға азаматтық міндет те жүктегендей.

Қазіргі күн – әсіре эмоция мен жадағай көңіл-күйдің уақыты емес. Шын тарих барды да, жоқты да бағалауды үйретеді. Оның ащысы да, ақиқаты да – тағылым беруінде. Біздіңше, Қасым-Жомарт Кемелұлы мәсе­ленің осы жағына ел назарын аударды. Тәуелсіздік мұраты – елді де, ерді де лайықты бағалай білуде. Ел бірліктің, ер  ерліктің қадірін білгізеді.

 

Дархан МЫҢБАЙ,

Мәжіліс депутаты