Батыс Қазақстан облысында бір күнде үш адам өндірістік жарақат алып, біреуі қаза тапты, деп хабарлайды Egemen.kz
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, қайғылы оқиға кеше қалаға жақын орналасқан Теректі ауданы Тоқпай ауылында болды.
Сағат 15.52-де «Қаз-Хол» компаниясы салып жатқан тұрғын үйде тас қалаушы болып жұмыс істеген 47 жастағы ер адам құлап, басынан жарақат алған.
Ол ес-түссіз күйде облыстық көпбейінді ауруханаға апара жатқан кезде жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Тағы бір оқиға Орал қаласында Петровский көшесі 105-мекенжайында болды. Сағат 11.54-те 48 жастағы жұмысшы биіктігі 3 метр төбеден құлаған.
Басы мен омыртқасынан жарақат алған ер адам облыстық көпбейінді аурухананың хирургиялық бөлімшесіне жеткізілді. «Жәңгір хан» сауда үйінде бейнебақылау жүйесінде оператор болып жасайтын 29 жастағы әйел сағат 23.00-де құлап, шүйдесін соғып алған. Ол да облыстық аурухананың жарақат пунктіне жеткізілді.