• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Қаңтар, 2021

Алматының ықшамаудандарында 43 шақырым жаңа жол салынады

167 рет
көрсетілді

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполистің көше-жол жүйесін дамыту және алдағы кезеңде атқарылатын жол-құрылыс жұмыстарының жоспарлары жөнінде кеңес өткізді. Биыл жылы қалаға қосылған аумақтарда, Жаңа Алматының ықшамаудандарында жаңа жолдарды салу жалғасады, деп хабарлайды Egemen.kz

Жалпы, 76 шақырым жолдың құрылысы басталады, оның 43 шақырымын аяқтау жоспарланып отыр. Қалған 33-і «Әлмерек» және «Қайрат» ықшамаудандарындағы сумен жабдықтау және судан бұру жөніндегі инженерлік желілердің құрылысы аяқталған соң жүзеге асады.

Жол құрылысы Алатау ауданындағы Өжет, Самғау, Шаңырақ-5; Наурызбай ауданындағы Құрамыс; Түрксіб ауданындағы Әлмерек, Нұршашқан, Қайрат ықшамаудандарында басталады. Аталған ықшамаудандарда 54 мыңға жуық адам тұрады.

Мысалы, Самғау ықшамауданында жалпы ұзындығы 23 шақырым жол бар, оның 18,4 шақырымы асфальтталған. 25 көшедегі қалған 4,6 шақырымында жол төсемі жоқ, мұнда жаңа жолдар салынатын болады.

Шаңырақ-5 ықшамауданындағы 29 көшеге 6,6 шақырым жаңа жол салынады. Өжет ықш. - 87 көшеге 11,2 шақырым; Құрамыс ықш. - 27 көшеге 4,9 шақырым; Әлмерек ықш. - 46 көшеге 14,6 шақырым жол салынатын болады. Нұршашқан ықшамауданындағы 25 көшеге 4,9 шақырым, Қайрат ықшамауданындағы 20 көшеге 4,9 шақырым жаңа жолдар салынады.

Бұлардан өзге, 2020 жылы сумен қамту және судан бұру бойынша инженерлік желілер тартылған Думан ықшамауданының жолдарына жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады. Ағымдағы жылы 59 көшедегі 26,8 шақырым жол күрделі жөнделеді. Өткен жылы 6 көшедегі ұзындығы 3,7 шақырым болатын жолдарға күрделі жөндеу жүргізілген болатын.

Сондай-ақ биыл ұзындығы 183 шақырым болатын 190 көшені орташа жөндеуден өткізу жоспарлануда, оның төрттен бір бөлігі Алатау ауданына тиесілі.

Алматы әкімі Б.Сағынтаев жол-құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауды, белгіленген мерзімдерді сақтауды тапсырды. Өткен жылдағыдай, биыл да Жаңа Алматының ықшамаудандарында жаңа жолдар салуға басымдық беріледі.

Бүгінгі күні мегаполистегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 80%-ды құрайды. Жыл аяғында бұл көрсеткіш 83%-ға жететін болады. Бұрын хабарланғанындай, 2020 жылы Жаңа Алматының ықшамаудандарында 42,7 шақырым жол салынды. Бұлардан өзге, қалада 219,1 шақырым жол жөнделді.