Бүгінде Қазақстанға әлемнің түкпір-түкпірінен келіп, жұмыс істеп жүргендер жетерлік. Әдетте шетелдіктер жергілікті халықпен тілдесу үшін орыс тілін таңдайтыны белгілі. Бірақ арасында қазақ тілін меңгеруге ден қойып жүргендер де бар. Солардың бірі – Ракель Рейнегул. АҚШ-тың тумасы бүгінде елордада ағылшын тілінен дәріс оқиды. Оған қоса, Ракель YouTube-тағы жеке каналында Қазақстандағы өмірі, қазақ тілін үйренуге қатысты түрлі видео түсіреді. Таяуда Ракельмен шағын сұхбат құрудың сәті түскен еді.
– Ең әуелі өзің туралы қысқаша айтып берсең...
– Менің интернеттегі никнеймім – Роки. АҚШ-тың Техас штатында дүниеге келіп, сонда өскенмін. Университетті Гавайида тәмамдағандықтан, ол жақты да туған жерім іспетті санаймын. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы университеттің бірінде ағылшын тілінен сабақ беремін. Қазақстанға 2018 жылы келдім. Сол кезден бастап Қазақстандағы өмірім туралы видеолар түсіре бастадым. Сондай-ақ қазақ тілін меңгеруге қатысты видеоларым да бар.
– Неліктен қазақ тілін үйренуге шешім қабылдадың? Сұрақты бұлай қоюым, қазақ тілі әлемдегі танымал тілдің қатарында емес қой.
– Бастапқыда Қазақстанға келгенде орысша үйрене бастаған едім. Әйтсе де орыс тілінің грамматикасы мен үшін қиынға соқты. Ондағы грамматикалық ерекшеліктер көп болғандықтан, бәрін жаттап алу оңай емес. Орыс тілін үйренуді тоқтатқан соң, жергілікті халықтың ана тілін, яғни Қазақстанның мемлекеттік тілін үйрену қажет екенін сезіндім. Қазақ тілін үйренсем, өзім тұрып жатқан ел мен оның халқын құрметтейтінімді түсіндім. Сөйтіп, қазақшаны меңгеруге ден қоя бастадым. Халық-аралық деңгейде қазақ тілінің танымал емес екені мені ойландырған емес. Өйткені мен үшін әрбір ұлттың тілі құрметке лайық. Меніңше, алдағы уақытта қазақ тілінің де халықаралық аренадағы беделі артады.
– Қазақша үйрену қиын емес пе? Мысалы, біздің елде өмір бойы тұрып келе жатса да, қазақша сөйлей алмайтындар баршылық.
– Қазақ тілін меңгеру жеңіл болды деп айта алмаймын. Бірінші кезектегі қиындық – күнделікті өмірде қазақша сөйлесуге мүмкіндігім бола бермейді. Мен қазір ағылшын тілінде сөйлейтін ортада жұмыс істеп жүрмін. Сондықтан қазақша сөйлесуге мүмкіндік жоқ. Оған қоса, сыртқа шыға қалсам, көшеде адамдар маған орысша тіл қатады. Мұның себебі сыртқы келбетім славян тектестерге ұқсағандықтан шығар. Кейде, тіпті көшеде қазақша сөйлесем де, маған көп адам қазақша жауап қайтармайды. Меніңше, олар да қазақша нашар сөйлейтін болар.
Тағы бір мәселе, қазақ тілін үйренетін оқу құралдары көп емес. Мысалы, тілді енді меңгеріп жүргендерге арналған бірқатар құрал болғанымен, олар медиа тілді жетік білетіндерге арналған. Ал мен секілді топтағыларға арналған тіл үйрету құралдары жоқтың қасы.
Сонымен қатар көп адам қазақ тілін енді үйреніп жүргендермен қалай сөйлесуді білмейді. Ағылшын тілінде «шетелдікше сөйлесу» деген ұғым бар. Мұның мағынасы, ағылшынша шетелдіктер түсінетіндей тіл қатуды білдіреді. Мысалы, баяу сөйлеп, қарапайым сөздер мен грамматика қолдану. Менімен қазақша сөйлесетіндердің көбі ешқашан шетелдікпен қазақша сөйлесіп көрмеген. Сол себепті олар қарапайым сөйлеуден бейхабар. Жергілікті халық қазақша жылдам сөйлегенде, түсіне алмай қаламын. Бәлкім, менің қазақша тыңдау қабілетім нашар шығар.
– Қазақстанда тұрып жатқаныңа қанша уақыт болды? Алғаш келгендегі әсерің қандай?
– Қазақстанға 2018 жылғы тамызда келдім. Яғни мұнда тұрып жатқаныма екі жарым жылға жуықтады. Мұнда келгенге дейін Қазақстан туралы аз білетін едім. Алғаш келгенде студенттер мені таңғалдырды. Олар сабақты беріліп оқып, маған ерекше ілтипат білдірді. Ағылшын тілін білу деңгейі де жоғары еді. Әлі күнге дейін студенттерім туралы пікірім жақсы.
Бастапқыда қазақтар өте суық халық деп ойладым. Автобуста, дүкендерде, мейрамханаларда менімен ешкім сөйлесуге талпынған жоқ. Сондай-ақ ешкім бетіме қарап жымиған емес. Кейінірек бұл елорда халқының жалпы болмысы, ешкімнің ешкімде жұмысы жоқ екенін түсіндім. Содан соң оған мән бермейтін болдым.
– Жалпы, қазақтар туралы, қазақ мәдениеті туралы не айтасың?
– Студенттерім қазақтар қонақжай халық деп әрдайым айтатын. Бірақ екі жыл бойы Қазақстанда мені ешкім үйіне қонаққа шақырған емес. Әйтсе де бұл өзімнің кемшілігімнен болған жағдай екенін түсіндім. Өйткені мен жұмыста, тұрғылықты жерімде қазақтармен орнықты байланыс жасамаған екенмін. Алайда айта кетейін, таяуда ғана қазақтардың үйіне қонаққа бардым.
Қазақтардың өте ілтипатты және қонақжай екенін қазір түсіне бастадым. Бірақ өзгеге жылы пейілдерін бірден білдіре қоймайды екен. Ал саған құшағын ашты ма, онда мейірімімен, қамқорлығымен баурап алады. Көптеген дос таптым. Олар маған көп көмектесті. Мұндағы достарыма алғысым ерекше. Қазақ дәстүрі мен салтын әлі де үйреніп жүрмін. Қазақтардың бай мәдениетінен әлі де үйренетінім көп. Кейінгі кезде дәстүрлі қазақ киімдеріне қызығып жүрмін.
– Әңгімеңе рахмет.
Әңгімелескен
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»