• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Қаңтар, 2021

Жаңа жолдар сапасы сын көтермейді

423 рет
көрсетілді

Екі жылдан бері елімізде Индустрия және инфра­құрылымдық даму ми­нистр­лігі Автомобиль жолдары комитетінің «Жол ак­тивтерінің ұлттық сапа орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы рес­пуб­ликалық мемле­кет­тік кәсіпорыны жұмыс істеп келеді.

 

Республиканың барлық об­лы­сында филиалдары бар құ­рылымның негізгі міндеті – автомобиль жолдарын салу, қайта жаңарту, жөндеу және күтіп ұстау кезіндегі жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптау, жол активтерін басқару. Филиалдар зертханалары жол-құрылыс материалдарының сапасын тексеруге арналған за­ма­науи құрал-жабдықтармен және нормативті техникалық құ­жаттармен қамтамасыз етілген. Орталық республикалық маңызы бар жолдарды ғана емес, сонымен қатар жергілікті маңызы бар жолдар, көпір құрылыстары мен көшелерді салу және жөн­деу кезінде жұмыстар мен материал­дарға сараптама жүргізеді.

Жуырда орталықтың Қы­зылор­­да облыстық филиалы бас­­шысы Ерболат Көштаев пен зертхана меңгерушісі Ержан Усманов БАҚ өкілдеріне өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, негізгі мәселелерге тоқ­талды.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалы былтыр облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қармасымен, қаламен және жеті ауданмен 21 келісімшарт жасаған. Соның негізінде тапсырыс берушілермен бірлесе оты­рып салынып жатқан жолдар сапасына бақылау жүргізіпті.

– Былтыр республикалық ма­ңызы бар жолдарды ішінара тексеру барысында 77 сынама алынып, 7 жол құрылыс материа­лы нормативтік құжаттар талап­тарына сай болмай шықты. Ас­паптық тексеру барысында тағы 10 кемшілік анықталды. Қазір олар толық жөнделді, – деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық фи­лиа­лының директоры Ерболат Көштаев.

Жергілікті маңызы бар авто­мобиль жолдары мен елді ме­кен­дердегі, қала көшелеріндегі жүргізілген жұмыстарға және қолданылатын материалдар сапасына жүргізілген сараптама да көп олқылықты анықтаған. Ішінара тексеру барысында 1 205 сынама алынып, зертханада жүргізілген сынақ нәтижесінде оның 614-і талапқа сай еместігі анық болған. Аспаптық тексеру барысында­ да жүзден астам кемшілік байқал­ды. Ең қызығы, тапсырыс беру­шілер мен мердігерлерге 71 хат жолданса да, анықталған ақау­лар әлі толық орнына кел­ген­ жоқ. «Жол активтерінің ұлт­тық сапа орталығы» РМК фи­лиалының зертхана мең­ге­ру­шісі Ержан Усманов ескертуді елемейтіндердің бірі Арал мен Қазалы аудандарын жал­ғас­тыратын «Жаңақұрылыс – Бе­карыстан би» бағытындағы жолды салып жатқан мердігер екенін атап өтті. Былтыр осы жолға Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігінің Қы­зылорда облысы бойынша департаменті мамандарымен бірлесіп тексеру жүргізілген. Сон­да алынған 26 сынаманың он алтысы күре жол құрылысында көп кемшілік барын көрсеткен еді. Бірақ мердігер тарапынан әлі күнге сол олқылықтардың жөнге келгені жайлы хабар жоқ.

Салынып жатқан жолдарға қатысты ортақ кемшілік – қа­лың­­дығының қалыптағыдан кемдігі, енінің тарлығы мен тығыздау коэф­фицентінің ойда­ғыдай орын­­далмауы. Осы­дан келіп жа­ңа жол ай айналмай жатып ойдым-ойдым болып шыға келеді.

Е.Көштаев бүгінде жол салу­ға қыруар қаржы бөлініп, мүм­кіндігі мен мамандары бар компания да, он екіде бір сайманы жоқ серіктестіктер де құрылысқа құмбыл кірісіп кет­кендігін айтады. Құрылыс нормалары ережесіне сәйкес асфальт төсеу күздің салқыны се­зілгеннен бастап тоқтауы керек. Бірақ ақшаға құныққандар оған да қарап жатқан жоқ.

Жол құрылысы сапасын тапсырыс берушінің тендерін ұтып алған техникалық қадағалаушы жіті бақылап, күнделікті жұ­мыстың басында болып, кеткен кемшіліктерді уақытында ес­кертуі тиіс. Бірақ қазір бұған да назар аударып отырғандар аз. Осының кесірінен жолдың са­паға сай еместігі көбіне салынып біткеннен кейін ғана белгілі болады. Осыдан да мамандар техникалық қадағалаушылар жауапкершілігін көтеру қажет­тігін айтып отыр.

 

ҚЫЗЫЛОРДА