Әрине, шытырман оқиғаға толы істің ақ-қарасын айқындау, істі тиянақты тергеп, сотқа жөнелту үшін тергеушіге көп қасиет қажет. Дегенмен осы саланы таңдаған адамға ең қажеттісі – төзім. Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясын тәмамдап, облыстық Полиция департаментінде қызметке кіріскен Нариман Әбіләкімнің басты ұстанымы – осы.
Екі жыл бұрын болған мына бір оқиға оның бұл ойының дұрыстығын дәлелдей түскендей. Бұрын айырылысқан ерлі-зайыптыларға қатысты істің (бұрынғы әйелі бұрынғы күйеуін өлтіруге тапсырыс берген) ашылуында жас тергеушінің шеберлігі анық байқалды.
– Бұл оқиға 2019 жылы шілде айында болған. 48 жастағы әйел айырылысқан күйеуін өлтіру үшін Түркістан облысының тұрғынына тапсырыс береді. Бұл қызметіне 20 мың АҚШ долларын беруге уәде етіпті. Бірақ бұрын сотты болған ол азамат ұсынысқа келіскен сыңай танытқанымен артынша бізге арызданды. Қанды қылмысты болдырмау үшін әрекет ете бастадық, – дейді тергеуші.
Бір қарағанда бәрі оңай сияқты. Тапсырыс беруші де, ауыр қылмысты «ойдағыдай орындап» шығуға сөз берген киллер де анықталып тұр. Бірақ оқиғаның барысын, қалай басталғанын, ондағы әр сәттің себеп-салдарына үңілу керек. Зерттей келе анықталғаны, әлгі әйелдің күйеуі тұрақты табысы бар кәсіпкердің бірі екен. Кәсібін ағаш өнімдерін өңдеуден бастап, кейін нан пісіру цехы мен тігін цехының құрылғысын, «Лексус-RX-300» пен ауыр жүк көтеретін көлік сатып алып, ісін кеңейте түсіпті. 2016 жылы қалалық сот шешімімен екеуінің некесі бұзылып, 4 баласы мен әйеліне осы дүниелерді, үйді қалдырып кете берген.
Бірақ, осынша мүлікті місе тұтпаған әйелдің бұрынғы күйеуін өлтіртсе оның басқа да жиғаны балаларына мұра боп қалатыны, өзінің де осы арқылы байлыққа жақындай түсетіні күндіз ойынан, түнде түсінен кетпей қояды. Осы оймен бұрын жазасын Қызылордадағы қоныс-колонияда өтеген, сол тұста күйеуінің серіктестігінде жұмыс істеген Түркістан облысының тұрғынына хабарласады.
Екеуінің алғашқы кездесуі облыс орталығындағы автовокзалда болыпты. Әйел сол жерде танысына пәтер жалдауы үшін 20 мың теңге ұсынып, бұрынғы күйеуін өлтірту туралы ұсынысын айтады. Ал бұрын сотталған азамат бұл қылмыстық пиғылды әшкерелеуді дұрыс көріп, облыстық Полиция департаментіне арызданады.
– Дереу сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктінің қылмыстық әрекетін әшкерелеу үшін адамды және жасырын аудио және бейнебақылау құралдарын пайдалануға санкция берді. Әйелден тапсырыс алған азаматты арнайы кісі өлтіруші ретінде белгіледік. Алдын ала жасалған жоспар бойынша «киллер» жәбірленушіні «өлтіргені» туралы оқиғаны дәлелдеу үшін имитация жасауы керек еді. «Киллерге» жәбірленушінің үстіне қан жағып, пышақ пен оған тиесілі басқа да заттарын ұялы телефонға түсіріп, әйелді сендіре түсу тапсырылды, – дейді Нариман Әбіләкім.
«Кісі өлтіруші» тапсырысты орындайтын күні әйелмен А.Тоқмағамбетов көшесі бойындағы бір үйдің ауласында кездесіп, бұрынғы күйеуінің көзі жойылғанын көруге асыққан келіншектің көлігімен оқиға өтетін жерге жетеді. Көп кешікпей «киллер» ойға алған істері жүзеге асқанша қала орталығында күте тұруға келіскен әйелге хабарласып, күйеуін өлтіргенін, дария бойымен қашып келе жатқанын айтады. Екеуі кездескен сәтте ұялы телефонындағы жігіттің қансырап жатқан фотосуретін, қан жұққан пышақты көрсетеді. Осылайша мұқият ойластырылған операция нәтижесінде әйел қылмыстық пиғылы толығымен «орындалғанына» көзін жеткізеді. Содан кейін «киллерге» жолкіре ретінде 10 мың теңге ұсынады. Ал бұрынғы күйеуінің атына тіркелген мүліктер балаларына мұра болып өткеннен кейін ғана келісілген 20 мың АҚШ долларын беретінін айтады.
Басты сот талқылауында бұрынғы күйеуі сотталушыға барынша жеңіл жаза беруін сұрапты. Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
ҚЫЗЫЛОРДА