Алматы қаласындағы метро құрылысына арнап алдағы үш жылда республикалық бюджеттен 30 млрд теңгеден астам қаражат бөлінбек, деп хабарлайды Egemen.kz
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жоспары бойынша 2021 жылы жерасты транспорттық инфрақұрылымын жасауға 10,4 млрд теңге бөлінеді.
Сондай-ақ 2022-2023 жылдарға арнап тағы 10 млрд теңге бөлу қарастырылған.
2020 жылы қаржыландыру көлемі 6,8 млрд теңгені құраған еді. 2013-2019 жылдар аралығында аталған көрсеткіш 35,9 млрд теңгеге тең болған. Жоспарға сәйкес 2021 жылдың желтоқсан айында «Сарыарқа» және «Достық» стансалары салынбақ.
Еске салайық, Алматы қаласында метро 2011 жылы пайдалануға берілді. Қазіргі таңда 9 бекет жұмыс істеп тұр. Енді тағы екі бекеттің қосылуымен жолаушылар ағыны өсе түспек. «Метрополитен» мемлекеттік қазынашылық кәсіпорны басшылығының айтуынша, алдағы уақытта жолаушылар ағыны тәулігіне 80 мың адамға дейін артады деп күтіліп отыр. Ал 2025 жылдан бастап метро құрылысының екінші желісі салына бастайды. Ол қала орталығын «Алматы-1» теміржол вокзалымен жалғастырмақ.