Екінші семестрден бастап қазақстандық колледждерде оқу процесі дәстүрлі, қашықтан және аралас форматта жалғасады, деп хабарлайды Egemen.kz
Ауылдық жерлерде және шағын қалаларда орналасқан 97 колледж өз студенттері үшін оқуды дәстүрлі форматта ұйымдастырады. Сондай-ақ ҚР ІІМ мен ҚР ҚМ жанындағы 14 колледждің студенттері оқу орындарында оқитын болды. Қалған колледждерде бірінші курс студенттері үшін, атап айтсақ студенттерінің жалпы санының шамамен 31%-ы үшін оқыту аралас форматта ұйымдастырылады.Бірінші курс студенттері үшін барлық санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтай отырып, оқыту пәндерінің 70%-ы дәстүрлі форматта және 30%-ы қашықтан өткізіледі. ТжКБ ұйымы оқу жұмыс жоспарларына сәйкес штаттық және қашықтан оқыту форматтарында оқытуды өткізу үшін пәндер тізбесін дербес айқындайды.Аудиториялық сабақтардың ұзақтығы 45 минуттан аспайды, колледж әкімшілігі икемді кесте құрады. Кабинеттерде үзілістер арасында және сабақтан соң санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіледі. 2-4 курс студенттері аралас форматта оқиды. Техникалық, технологиялық, аграрлық бағыттар бойынша оқитын студенттер үшін сабақтар қашықтан, зертханалық және практикалық сабақтар, өндірістік оқыту және кәсіптік практика дәстүрлі форматта ұйымдастырылатын болады. Қорытынды аттестаттау да штаттық режимде өтеді.Педагогикалық, экономикалық, IT, әлеуметтік және гуманитарлық мамандықтар бойынша 2-4 курс студенттері оқуды қашықтан оқыту форматында жалғастырады.
Естеріңізге сала кетейік, колледждерде оқу процесін ұйымдастыру жергілікті бас санитарлық дәрігерлердің шешімі бойынша жүзеге асырылады.