• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
12 Желтоқсан, 2013

Бүкіл түркі әлемінің мақтанышы

434 рет
көрсетілді

Президент телерадиокешені түсіріп, кеше тұсаукесері өткізілген «Түркі әлемінің тегеурінді тұлғасы» атты деректі фильмді тамашалаған әркімнің де жүрек түкпірінде ой желкені керіліп, небір тебіреністі сәттерді бастан кешері анық. Өйткені, бұл еңбек Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сан-салалы қызметінің бір қыры – Алтай мен Ақтеңіздің арасын алып жатқан ұлан-байтақ жерді мекен еткен түбі бір түркі жұртын түгендеп, ағайын арасындағы ауызбірлікті нығайтуға бағытталған күш-жігері, осы орайдағы тың ойлары мен құнды бастамалары, тындырған толымды істері жайлы сыр шертеді.

Президент телерадиокешені түсіріп, кеше тұсаукесері өткізілген «Түркі әлемінің тегеурінді тұлғасы» атты деректі фильмді тамашалаған әркімнің де жүрек түкпірінде ой желкені керіліп, небір тебіреністі сәттерді бастан кешері анық. Өйткені, бұл еңбек Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сан-салалы қызметінің бір қыры – Алтай мен Ақтеңіздің арасын алып жатқан ұлан-байтақ жерді мекен еткен түбі бір түркі жұртын түгендеп, ағайын арасындағы ауызбірлікті нығайтуға бағытталған күш-жігері, осы орайдағы тың ойлары мен құнды бастамалары, тындырған толымды істері жайлы сыр шертеді.

Көз алдыңызда ұшқан құстың қанаты талатын Ұлы дала көсіліп жатыр. Аш халықты тоқ қылсам, аз халықты көп қылсам, Мәңгілік ел орнатсам деген арманның же­тегінде күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған бабалар, елінің же­рінің тұтастығы жолында қанын да, жанын да аямаған білекті ба­тырлар, ұлтының болашағын ойлаған ғұламалар... Толқымалы тарих... аумалы-төкпелі заман...Экранда – ел тағдыры...

Сан ғасырлық тарихында мың өліп, мың тірілген қазақ елін ғасырлар тоғысында тағы бір сын күтіп тұр еді. Бәрі өткен ғасырдың 90-жылдарының басында өзгерді. Алланың сыйы шығар, Қазақ елі де бодандықтан құтылып, бостандықпен қауышты. Десек те, дәл сол кезде алда не күтіп тұр­ғаны белгісіз еді. Қалыпты жүйе астан-кестен болып, ел адам­дардың әлеуметтік күйзелісі мен бейжайлығы, психологиялық шие­ленісі тәрізді дерттердің сынағына түсті. «Талмау күйдің» өліара жағдайында кез келген кешігу мен теріс шешім қабылдаудың зардабы «өліммен аяқталатыны» сөзсіз еді. Міне, осындай алмағайып уақытта ел тізгінін қолына алған Н.Назарбаев тар кезеңнен шығар жол іздеді, өңірлерді аралады, халықпен кездесті, оларға қа­лып­тасып отырған жағдайды тү­сіндірді, қиындықтарды жеңу жолдарын ұсынды. Мазасыз күндер, ұйқысыз түндер басталды. Ой үстінде отырған Елбасы бейнесі арқылы өзіміз куә болған осы сияқты талай оқиғалардың жадымызда жаңғырғаны анық.

Елбасы осындай күрделі ке­зеңде ең алдымен елге бабалар ұрпағына мирас еткен ынтымақ, бірлік керек екенін, тарих ұсынған тар жол, тайғақ кешулерден қалың көшті тыныштықты, ұлтаралық келісімді сақтай отырып аман алып шығуға болатынын түсінді. Түсінді де ел бірлігін сақтауды өз саясатына алтын арқау етті, ту етіп көтерді. Онымен де шектелген­ жоқ, күрделі геосаяси және геоэкономикалық халықаралық жағдайда кез келген елдің жалғыз, жеке-дара дами алмайтынын шегелеп айтып, тарихи-мәдени және географиялық-эко­номикалық тұрғыдан мүдделес елдермен, оның ішінде түркі мем­лекеттерімен ынтымақтасып, аймақтық деңгейде бірлесу, эко­но­микалық және мәдени интеграцияны дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. Түркі мем­лекеттерінің бірлесуі таңдау емес, керісінше, қажеттілік екенін, өзара тиімді экономикалық жобаларды іске асыру күрделі жаһандық жағдайда елдің түркілік болмысын, мәдениетін, тілін сақтап қалуға, ортақ мәдени-ақпараттық кеңістік құру және сауда-шаруашылық байланыстарын нығайтуға жол ашатынын түсіндірді.

Фильмде Нұрсұлтан Назар­баев­тың нақты істің адамы екені айшықты көрсетілген. Қазақ елі басшысының 1991 жылы өзі­нің алғашқы шетелдік сапарын Түркияға жасауының өзі-ақ кө­рерменді көп ойға жетелейді. Сөй­тіп, Н.Назарбаев кеңестік түркі республикалары ішінде Түркияға келген алғашқы президент ретінде тарихқа енді. Осы қадамнан бастау алған бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастық жиырма жылдан астам уақыт ішінде үлкен жолдан өтті. Біз сөз етіп отырған туындыға осы жолда тындырылған ұлан-ғайыр істер арқау болған.

Жиырма жылдан астам уақыт­тың ішінде түркі елдері инте­гра­ция­сында қандай басты же­тістіктерге қол жеткізілді? Фильм­нен осы сауалға нақты жауаптар табасыз. 1992 жылдан кейін түркі­тілдес елдер басшылары жүйелі түрде жоғары деңгейде кез­десіп тұратын болды. 2008 жылғы Ыстамбұл саммитінде Н.На­зар­­баевтың ұсынысы бойынша түр­кі­тілдес елдердің Парламенттік Ас­самблеясы (ТүркПА) құрылды. Астана қаласында Түркі академиясы ашылды. Одан бөлек, Ақ­сақалдар кеңесі, Кәсіпкерлер ке­ңесі, түркі елдері арасындағы дос­тық қарым-қатынасты өркен­де­туді, ортақ мәдениет пен тілді, тарих пен өнерді, салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыпты сабақтастыра зерттеуді, рухани игіліктерді келешек ұрпаққа көздің қарашығындай сақтап жеткізуді, түркі дүниесінде ортақ тіл мен әліпби қолдану мүмкіндіктерін қарастыруды мақсат тұтқан түбі бір түркітілдес халықтардың басын біріктіретін бірден-бір халықаралық ұйым (ТҮРКСОЙ) өмірге келді, Баку қаласында ортақ мәдени мұраны қорғау жөніндегі қор, Түркі музейі мен кітапханасы, Түркі ғылыми-зерттеу қорының құрылуы нақты қолға алынды, Түркі дүниесін зерттеу орталығы ашылды, Түркі кеңесі құрылды, Түркі елдерінің ортақ байрағы белгіленді. Оның негізіне Қазақ елі туының түсі алынды. Өйткені, біз бәріміз – Көк түріктерінің ұрпақтарымыз. 2011 жылы Түркі кеңесі БҰҰ жанында бақылаушы мәртебесіне ие болды, сол жылғы Қырғызстандағы пре­зиденттік сайлауға өз байқау­шы­ларын жіберді. 2011 жылы Қазақстан Түркі кеңесі ұйымына төр­ағалық етті. 2012 жылы Астана түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды.

Елбасымыздың ақыл-ойымен, кемел кеңесімен асқақтаған Аста­на ел ұлылығының айғағы ретінде өз төңірегіне Қазақстанның бүкіл саяси, экономикалық, мәдени, ғылыми, әлеуметтік жетістіктерін, ғұмырын тоғыстырып тұр, елдің нағыз тірегі болып, Президенттің көксеген арманын дәлелдеуде. Фильмде (жоба жетекшісі – Ерлан Бекхожин, режиссері – Жанар Жұмабаева) Астананың елдің эко­номикалық-әлеуметтік дамуында қандай орасан зор орын алатындығы айшықты бедерленген, бұл шешімнің геосаяси тұрғыдағы баға жеткісіз маңыздылығы келісті көрсетілген. Қазіргі Астанамыз тастан қаланған, таспен өрілген өлең іспетті, қиялдан туған ғажайыптар әлемі сияқты. Астана өзінің ту тіккен күнінен бастап үнемі даму,  өркендеу үстінде. Астана – ұлттық мүдде тұрғысынан да, геосаяси міндеттер тұрғысынан да, таза адами қарым-қатынастар тұрғысынан да өзін өзі толық ақтайтын өміршең идея. Ол идеяның авторы, оны жүзеге асырушы басты тұлға – Президент Нұрсұлтан Назарбаев!

Фильм Еуразияның дәл жүре­гінде пайда болған қазақтың жаңа елордасы жайлы сыр шерте отырып, оның болашақ бейнесін де көз алдымызға елестетеді. Сайып келгенде, мұның өзі халықты ерлікке бастау. Қазақстандықтардың өз Отанына деген мақтанышы мен Елбасына деген шексіз ризашылық сезімдерінің фильмнің өн бойына алтын арқау болып өрілгені қандай ғанибет.

Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаттың шын жүйрігі екенін, қай мәселе де болмасын, басқалардан оқ бойы алда келе жатқанын бүгін бүкіл әлем жұртшылығы мойындап отыр. Ол тарихи қысқа мерзімде өз елін дамудың биік шыңына бастап, ел тарихын тұлғалар жасайтынын, тұлға – елдің тұғыры, тұлға – елдің тұтқасы екенін дәлелдеп шықты. Сол сияқты, Елбасымыз ділі бір, тілі бір бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастық үрдісінде жасаған нақтылы ұсыныстарымен, батыл бастамаларымен, табанды позициясымен айрықша көзге түсіп отыр. Татарстанның бұрынғы президенті Ментемир Шаймиев, Қырғызстанның президенті Алмазбек Атамбаев, Түрік рес­пуб­ликасының бұрынғы пре­зиденті Сүлеймен Демирел, қазіргі үкімет басшысы Реджеп Тайып Ердоған, Әзербайжанның президенті Ильхам Әлиев, Түркі елдері ын­тымақтастығы кеңесінің бас хатшысы Халил Акынджы, т.б. белгілі тұлғалар осы жайларды тілге тиек етіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың бауыр­лас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың тетіктерін тауып, іскерлік байланыстарды нығайтуға қосқан өлшеусіз үлесіне зор баға береді. «Нұрсұлтан На­зарбаев біз үшін Қазақстан Пре­зиденті ғана емес, ол сонымен қатар, бүкіл түркі дүниесінің пре­зиденті» – Түркияның Прези­денті Абдолла Гүл осылай дей келіп, Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев жалпыға бір­дей танылған көшбасшы, түр­кітілдес елдердің ақсақалы, біз­дің елдеріміз арасындағы ық­пал­дастық үдерістердің бастауы­ және нығая түсуі үшін көп ең­бек сіңірген толағай тұлға деген ойды діттейді. Тоныкөк, Күл­те­гіндерді айтпағанның өзінде, ке­шегі Алаш арыстары да тегі бір, тілі бір, тарихы ортақ түркі халықтарының тұтастығын аңсап өткені белгілі. Осы асыл арманды түркі халықтарының түп ота­ны, атажұрты саналатын тәуелсіз Қазақстан Мемлекетінің басшысы жүзеге асырғаны қандай қуаныш!

Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев­тың есімі Қазақстан деген сөздің баламасы іспетті. Елбасы туралы жаңа деректі фильмді көріп отырғанда Қазақ деген қайсар да қажырлы жұрттың дара туған дана ұлының бүкіл түркі әлемінің мақтанышына айналғанына да көз жеткіздік.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар