Қаржы пирамидасын құрып, өзіне сенген жұртқа жер сипатып кетіп жүрген алаяқтардың қылмысын әшкерелеу көбіне қиынға түсіп жатады. Қызылорда қалалық Полиция басқармасының тергеушісі Нұрбол Нұрмағанбет осындай алпыс айлалы алаяқтың бірінің кінәсін дәлелдеп сотқа жолдаған еді. Іс бойынша 1982 жылы туған, бұрын сотты болған әйелдің қаржы пирамидасын құру арқылы 152 азаматтың 91 миллион 496 мың теңгеден астам қаржысын қолды еткені анықталған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқиға 2019 жылдың тамыз айынан бастау алыпты. Алаяқ «WhatsApp» желісінде «Ай-шуақ» тобын ашып, қаржылық пирамида құрып, оған басшылық жасаған. Топқа қосылған бірінші қатысушылар алғашқы салымдарын салып, 40 пайыз үстемесімен өз қаражаттарын қайтарып алып отырғаны белгілі болды. Жалпы айналымдағы қаржы 1 млрд 695 млн 538 мың теңгені құраған. Алаяқ кейіннен қосылған пирамида қатысушыларына құр уәдені үйіп-төгіп, көзден таса болған.
Осы аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді. Қызылорда қалалық сотының шешімімен айыпталушы 5 жылға бас бостандығынан айырылды.