Сыр бойының жазы аптап ыстық болғанымен қысы қытымыр келетінін жұрттың бәрі біледі. Соған қарамастан өңірге сырттан неше түрлі жеміс-жидек ағаштарын әкеліп егіп, жерсіндіріп жатқандар бар. Біз олардың табиғаты қатал аймақтағы мұндай талабына сүйсінгенмен «Басқаны қайдам Қызылордада экзотикалық аң-құс өсіру қиын шаруа шығар» деп ойлайтынбыз. Жосалы кентінің тұрғыны Шарһан Оспановтың жаңалығы бұл ойымыздың орынсыз екендігіне көзімізді жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қармақшы ауданының орталығында тұратын Шарһан былтыр жазда Алматыдан түйеқұстың қол басындай 3 балапанын жеткізіпті. Әрине, оған дейін таңсық құсты әбден зерттеген. Бұлар бастапқы 3-4 айда күтімді қатты қажет етеді екен. Сәл өскесін суыққа бой үйретіп, кәдімгі құстардың жемін жей беретін көрінеді.
«Бала кезімнен осы құсты бағуға құмар болдым. Тіпті Африкадан Жосалыға жеткізудің жоспарын құрған сәттерім де болған. Кейіннен кәдімгі өзіміз үйренген тауық, түйетауық өсіре бастадым. Былтыр сәті түсіп Алматыдан осы балапандарды жеткізіп алдым. Қазір соның екеуін өсіріп отырмын», – дейді Шарһан Оспанов.
Шарһанның айтуынша түйеқұстың бойы 3 метрге дейін өсіп, салмағы 140 келіге дейін тартады. Қазір ол баққан балапандар кісі бойынан асады, салмағы 50 келіге жақындап қалды.
Қазақ бұл құсты түйеге бекер ұқсатпаған екен. Жарықтық Ойсылқара тұқымы екі жылда бір боталаса, түйеқұстардың толық жетілуіне де 2 жыл кетеді. Бірақ, жылына сексенге жуық жұмыртқа табады. Онысын жан баласына алдырмайтын шәлкес мінезі тағы бар.
«Жалпы бұлар жанына ешкімді жолата бермейді. Алматыдағы танысым осы балапандардан жуас құс шығады деп таңдап берген. Шынымен де айтқанға көнетін түрі бар. Әзірше тентектік танытқан кезі жоқ. Алда инкубатор арқылы осы құстарды көбейтуді жоспарлап отырмын», – дейді Шарһан Оспанов.