«Ақтөбе» халықаралық әуежайына Шығыстың шынары, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың есімі берілді.
«Ақтөбе халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамына Әлия Молдағұлованың есімін беру туралы қаулыға Премьер-Министр Асқар Мамин қол қойды. Қаулы «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы №281 қаулысына сәйкес шығарылды. «Бірнеше ай бұрын Үкіметке ұсыныс жіберілген болатын. Ұсынысымыз қолдау тапты. Енді Әлия Молдағұлова атындағы әуежай жазбасы ілінеді. Бұл жұмыс бір ай ішінде атқарылады», деді әуежай директорының орынбасары Ілияс Нұғманов.
Ақтөбе әуежайынан күніне 8 рейс ұшады. Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау мен Маңғыстау бағыты бойынша ішкі рейс, айына бір рет Мысырға рейс қарастырылған. Айта кетейік, Әлия Молдағұлова Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бұлақ ауылында Сарқұлов Нұрмұхаммед пен Молдағұлова Маржанның отбасында 1925 жылдың 15 маусымында дүниеге келген. Қазір туған ауылында Әлияның тұрған үйінің орны мен ескерткіші һәм музейі бар.