• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
20 Сәуір, 2010

ҚАЙТПАҒАН ҚАРЫЗ

603 рет
көрсетілді

“Күліп барып, жылап қай­та­ды” дейтін қарыздың кейде қай­туы қиындап кететін, кейде тіпті қайтпай қалатын да кездері бо­ла­ды екен. Өз қолымен беріп, кейін өз аяғымен барып ала-ал­май әуре-сарсаңға түскен талай­лар­дың ба­сын­дағы жағдай куә оған. Сон­дай­лардың бірі – Рай­хан Қос­бар­мақов. Сот шешімінің шыққаны­на екі жылдан астам уа­қыт өтсе де өз ақшасын өнді­ріп ала алмай әлі жүр. Бармаған жері жоқ – шеші­ліп қалады дей­ді, жазбаған жері қалмады – кө­ңіл көншітер әдемі жауаптан бас­қа қолына әл-әзір ештеңе тиген жоқ. “2005 жылдың қараша айында мен өзімнің Каменка поселкесі, А.Иманов көшесіндегі екі қабатты үйімді Тортбаева Өрікке сатқан болатынмын. Ол Қазкоммерц­банк­тен ипотекалық несие алды. Бірақ ал­ған ақшасы менімен то­лық есеп­тесу үшін жеткіліксіз бол­ды. Сон­дық­тан жетпеген 10 336 000 (он миллион үш жүз отыз алты мың) тең­гесін нота­риус­қа барып куә­лан­дырып, несие келісім-шартын жа­са­дық. Осы келісім-шарт бойынша Тортбаева 2006 жылдың 15 ақпаны­на дейін менімен есептесіп болуы керек еді...” (Р.Қосбарма­қовтың ары­зы­нан). Ақша жүрген жерде – уәде қосамжарланып бірге жүреді. “Ер­тең беремін, бір апта тоса тұр, бір айдан кейін құтылатын бо­ламын”, деген сияқты, тағы сон­дай осыған ұқсас сөздер қа­рыз иесінің дің­ке­сін құртары сөз­сіз. Р.Қосбармақов та бос сөз, құрғақ уәдеден шар­шап, ақы­ры сотқа жүгінеді. Алма­ты облысы, Қарасай ауданының соты 2007 жылы 2 наурызда Р.Қос­барма­қов­тың пайдасына шешім  шы­ғарады. Осы шешім бой­ынша Райхан Қосбармақовқа қарыз­дану­шы Өрік Тортбаевадан 10 387 680 (он миллион үш жүз сек­сен жеті мың алты жүз сек­сен) теңге өндірілуі тиіс еді. Бір­ақ... бірақ бүгінгі күні аулада 2010 жылдың сәуірі орталап қал­са да сол сот шешімі әлі орын­дал­ған жоқ.Обалы не керек, түк татыр­ма­ды десек, қателескен бо­лар едік. Там-тұмдап тамызып қой­ғаны рас. Мәселен, Ө.Тор­т­бае­ва Р.Қосбар­ма­қовқа 2008 жылы 30 желтоқ­сан­да 2000 АҚШ доллары, 2009 жылы 15 маусым­да 5000 теңге, 2009 жылы 9 шіл­деде 5000 теңге, 2010 жылы 16 ақпанда 5000 теңге, 2010 жылы 26 ақпанда 5000 теңге бер­ген. Бірақ мұнымен сот шешімі орын­далып жатыр деуге бола қоймас. “...Сот шешімі шыққан кезден бастап осы іспен Қарасай аудан­дық сот орындаушылары айна­лы­сып келеді. Алғаш бұл іспен айна­лысқан  сот орындаушы Аман Тоқ­берген қарыздардың атына жазылған екі бірдей жылжы­май­тын мүлігіне тоқтам салған бола­тын. Біріншісі, Каменка поселкесі, Иманов көше­сін­дегі екі қабатты үй, екіншісі, Ақ­жар поселкесі “Алатау” санато­рийін­дегі №1 үй­дің 11-ші пәтері. Алғашқысы “Альянсбанкте”, екін­шісі “Аль­тер­нативные финансы” акционерлік қоғамында кепілдікте тұр екен...” (Р. Қосбармақовтың арызынан). Қарасай аумақтық сот орын­даушылар бөлімінің сот орын­даушысы Нұржан Смайылдың (осы істегі нешінші сот орын­дау­шы екенін білмейміз) бізге бер­ген түсінігінде былай дейді: “Өрік Тортбаеваның мүліктік жағ­дайын тексере келе оның атын­да екі жыл­жымайтын мүлік­тің бар екені анықталды. Біреуі, Каменка посел­кесі, Иманов кө­ше­сіндегі №33 үй, екіншісі, Ка­мен­ка посел­кесі, “Алатау” сана­торийіндегі №1 үйдің 11-ші пә­тері. Бұлар кейін анық­тал­ғанын­дай, кепілде тұрған болып шық­ты. Жалпы кепілдік сомасы 72 168 826 теңге. Кепілді ұстау­шы “Альянсбанк” акционер­лік қо­ғамының өкілі Иманов көше­сіндегі №33 үйден тоқтамды алып тастау жөнінде Қарасай аудан­дық сотына талап-арыз түсі­реді. Осы аудандық соттың 2009 жылғы 3 ақпандағы шешімімен тоқтам алынған”. Сонымен сот орындаушылар тарапынан салынған тоқтам сот тарапынан алынып тасталады. Ө.Тортбаеваның меншігінде деп есептелген жоғарыда аталған жыл­жымайтын мүліктер басқа меке­мелердің кепілдігінде тұр. Және аз ақшаға емес. Қомақты сома. Бірақ сот орындаушының айтып отыр­ғанындай сома нақты ма, әлде  бел­гілі бір мөлшері тө­лен­ді ме? Не­сие мөлшері қанша қалды? Неге сот орындаушылар заңды құзы­реттерін пайдаланып Торт­баева Өріктің “Альянсбанк” алдын­дағы нақты қарызын анық­тамайды? Тортбаевада ешқандай табыс көзі жоқ болса, қалайша банк төрт жылдан бері ол үйді оның игілігінде қалдырып отыр? “Мен білетін мәлімет бойынша Тортбаева Өріктің банкіге қарызы жоқ, яғни, Каменка поселкесі, Иманов көшесіндегі №33 үй кепілд­ікте тұрған жоқ”, дейді арыз иесі Р.Қосбармақов. 2010 жылғы 8 ақпандағы қаулы бойынша Өрік Тортбаева­ның тоқ­тамға алынған мүлкінің нарықтық бағасын анықтау “Азиат­ская экс­перт­ная компания” жауапкершілігі шектеулі  серік­тес­тігіне жүктелген. “Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушы­лар­дың мәртебесі ту­ра­лы” Заңның 49-бабына сәйкес жо­ға­рыда атал­ған мүлік (Ө.Торт­бае­ва­ның “Ала­тау” санаторийіндегі №1 үйдің 11-ші пәтері) 2010 жылы 26 наурызда саудаға қойылған. Бірақ са­тып алушы болмағандықтан, сау­да-саттық өтпеген деп есептелінген. Айтпақшы: “Барлық алынған жауапты талдап көрсем, бәрінікі бір жауап: “Сот шешімінің орындалуын қадағалап отырмыз, бұл іс өз ше­ші­мін табады” деген сияқты шы­ға­рып салма сөздер”, деп Р.Қосбар­ма­қов өз арызын күйінішпен аяқ­тапты. Оның сот орындаушы­ла­рына деген өкпесін түсінуге де бо­латын сияқ­ты. Мәселен, Қарасай аумақтық сот орындаушылар бө­лі­мінің сот орындаушысы Н.Смайыл­дың бізге ресми тілде берген жауабында: “Также нап­рав­лены запросы для проверки имущественного положе­ния дол­жника Тортбаевой О.К.и супруге Мусаева Е.К. в УДП ДВД и Де­пар­тамент юстиций по городу  Алматы и Алматинской области, но ответы до настоящего время не по­лу­чены”, дейді. Ал Жоғарғы сот жа­нындағы Сот әкімшілігі жө­нін­де­гі комитет төрағасының орын­ба­сары Б.Асқаровтың редакцияға  жолдаған жауабында: “Сот орын­даушы борышкердің күйеуінің атына тіркелген дүние-мүлкін анықтау үшін Алматы қаласы мен Алматы облысының мемлекеттік тіркеу органдары: Жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығына, екінші дәрежелі Халық банкіне, жол полициясы басқармаларына, жер комитеті мен салық комитетіне сұрау жолдады. Келіп түскен мәлі­меттерде жылжитын немесе жыл­жы­майтын мүлік  тіркелмегендігі анық­талды”, дейді. (Бұл жауаппен келісуге болады. Себебі, қолда бар басқа құжаттарда да борышкердің күйеуінің атында ешқандай жыл­жымайтын мүліктің тіркелме­ген­дігі айтылған.) Осы мәліметті төр­аға орынбасары үстіміздегі жыл­дың 11 наурыздағы редакцияға жолдаған хатында келтірсе, сот орындаушы Н.Смайыл “әлі жауап келген жоқ” деген сөзін биылғы жылдың 1 сәуірдегі бізге берген түсінігінде айтып отыр. Сонда бұл мәліметтен хабары жоқ, сұрағына әлі күнге дейін жауап ала алмай отыр­ған сот орындаушының әре­кетіне қалай қарның ашпайды... Сонымен, талай есік қағылды, талай табалдырық атталды, талай жерге арыз-шағым жазылды, талай жауап алынды. Арадан екі жылдан аса уақыт өтті, ал сот ше­ші­мі әлі орындалған жоқ, қарыз қайтпады. Мақаламызды: “Сот шешімі қашан орындалады?!” деген сұрақпен аяқтағымыз келіп отырған. Бірақ жоғарыдағыдай таптауырын жауап тағы біреудің қол қоюымен келіп те қалатын шығар деген күпті көңілдің күмәні де жоқ емес... Шарафаддин ӘМІР. Алматы облысы, Қарасай ауданы.