Халықаралық Түркі академиясы елордада Әзербайжан мен Қарабаққа қатысты бірнеше кітаптың таныстыру-тұсаукесер рәсімін өткізді.
Атап айтқанда, «Қарабақ – Әзербайжанның жауһары: тарихы, мәдениеті, табиғаты», «Жоғалтқан бақытым: Қарабақтың шынайы оқиғалары» және «Әзербайжан Халық Республикасы» кітаптары оқырманға жол тартты.
Айта кетерлігі, үш жинақ та қазақ тілінде жарық көрді. Ал Қарабақ туралы альбом-кітап – халықаралық ұйым тарапынан шығарылған алғашқы кітап.
Тұсаукесер рәсімінің құрметті қонақтары қатарында Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жээнбек Кулубаев болды. Сонымен қатар Әзербайжан Милли Меджлисінің депутаты, Мәдениет комитетінің төрайымы Ганира Пашаева, Қырғызстанның экс-мемлекеттік хатшысы Османакун Ибраимов, Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлы да қатысты. Сондай-ақ Әзербайжан парламенті депутаттары жиынға арнайы келгенін айта кеткен жөн. Бұдан бөлек, Түркі елдерінің жазушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломатиялық корпус өкілдері, танымал ғалымдар мен зиялы қауым іс-шараның басы-қасында жүрді.
«Халықаралық Түркі академиясы Қарабақ мәселесінде әрдайым Әзербайжанның жанында болды, қолдады. Біздің ең үлкен тартуымыз – Қарабақ туралы альбом-кітап, Әзербайжан Республикасының жүз жылдығына арналған кітап және Қарабақтың шынайы оқиғалары туралы әңгімелер жинағы жарық көрді. Оған өткен жылдың басынан бері дайындық жүргіздік. Сапалы суреттер мен материалдарды жинастырдық. Біздің бұл кітапты баспаға беруіміз Әзербайжанның Шушаны алуымен сәйкес келді», деді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.
Сондай-ақ жиын барысында Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов Халықаралық Түркі академиясының арнайы медалімен марапатталды.
Бұдан кейін сөз алған Рашад Маммадов Елбасы бастамасымен құрылған Түркі академиясының бауырлас елдерге ортақ игілік саналатынын атап өтті. Сондай-ақ Халықаралық Түркі академиясы атқарып жатқан жұмыстарға тоқталып, Түркі мемлекеттерін жақындастыруға зор үлес қосып отырғанын жеткізді. Елші өз сөзінде Қазақстан халқына қиын кезеңде қолдау көрсеткені үшін рахмет айтты.
«Түркі академиясы екінші Қарабақ соғысы басталғаннан-ақ Әзербайжан халқының жанынан табылды. Сүйеу болды, қолдау көрсетті. Әрдайым әділет сөзін сөйлеп, жарқын жеңісімізді жақындатуға үлес қосты. Қарабақ туралы қазақ тілінде алғаш рет кітаптың жарық көруі өте маңызды. Өйткені бұл жинақ тәуелсіз ұйым тарапынан жарық көріп, әлемге Қарабақтағы оқиғаларды шынайы жеткізеді.
Академия жылдар бойы тарихи, географиялық, әдеби және одан да басқа кітаптарды шығарып, Әзербайжанды бауырлас халықтарға, бауырлас халықтарды Әзербайжанға таныта алды. Ортақ тарихымыз бен ортақ географиямыз жазылды. Осылайша, бүкіл Түркі әлемі ғалымдарының басын қосқан үлкен алаңға айналды», деді Әзербайжан елшісі.
Қырғызстанның экс-мемлекеттік хатшысы Османакун Ибраимов өз сөзінде Қарабақ туралы кітаптың қазақ тілінде жарық көруін жоғары бағалады.
«Халықаралық Түркі академиясы қоғамға қажетті, елдерімізді жақындастыратын маңызды шаралар ұйымдастырып, құнды кітаптар жариялап келеді. Таяуда жарық көрген «Түркі әлемінің тарихи-мәдени атласы» соның айғағы», деді О.Ибраимов.
Бұдан кейін Әзербайжан Милли Меджлисінің депутаты, Мәдениет комитетінің төрайымы Ганира Пашаева сөз алып, Қазақстанға және Халықаралық түркі академиясына қолдау білдіргені үшін алғысын жеткізді.
«Келісім нәтижесінде, Әзербайжанның негізгі территориясы мен Нахчиван автономиялық республикасы арасында дәліз ашылды. Бұл – түркі елдері үшін үлкен жетістік. Яғни тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік туады», деді Г.Пашаева.
Жиынға қатысушылар түркі елдерінің ынтымақтастығын дамытуға осындай жинақтардың жарық көруі зор үлес қосатынын атап өтті.