• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
20 Сәуір, 2010

ТӨРАҒАҒА ТӘН ТІРЛІК, СЫН САҒАТТАҒЫ ІРІЛІК

815 рет
көрсетілді

Қазақстандықтар Елбасымыздың Қырғызстандағы ахуалды тұрақтандыруға қосқан үлесін осылай бағалауда ШІРКІН, ҚЫРҒЫЗ ЕЛІМ-АЙ! Мен – қырғыз бен қазақтың музыкасын тел еміп, ән-жырын, әде­биетін жан-жүрегіме ана сүтін­дей дарытқан жанмын. Қырғыздың көрнекті ақыны Сооранбай Жу­суев­тің біздің екі елдің қандастығы, бауырластығы жайлы бір терең тол­ғанысты өлеңінде: “Қырғыз озса – ол қазақтың озғаны! Қазақ жеңсе –ол қырғыздың жеңгені”, деген ас­қақ сезімді патетикалы сөзі бар. Бұл сөзге қазақ пен қырғыз баласы бірдей тебіренеді. Өйткені, біздің туыстығымыздың тамыры ықылым замандардың көз жетпейтін терең түкпірінде жатыр. Екі халық түйе­нің қос өркешіндей, асыл арудың қос бұрымындай, маңдайдағы екі көздей, домбыраның қос ішегіндей бір-бірінен ажырамай, тарихтың қилы-қилы кезеңінде бірге жасап, мехнатты да бірге шегіп, ерлікті де бірге көрсетіп, асқар тауларымыз бен байтақ далаларымыздың төрін­де қатар келе жатыр. Біз – тағдыр­лас­пыз. Осы жақындық әдебиет әлемінде теңдесі жоқ “Манас” жы­рын­дағы дауылпаз батырлар мен та­рихи жерлеріміздің бәр-бәрі қыр­ғыз бен қазаққа ортақ рух екендігі... кешегі бір замандарда Сүйінбай мен Қатағанның, Жамбыл мен Тоқтоғұлдың, Кенен мен Атайдың, Ахмет Жұбанов пен Абылас Мал­ды­баевтың, Күләш Бәйсейітова мен Саара Киізбаеваның, Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың, Сәбит Мұқанов пен Аалы Тоқом­баев­тың... бұлардан берірек –Сүй­мен­құл Шоқморов пен Нұрмахан Жантөриннің, Шәкен Айманов пен Болот Шамшиевтің, Бекен Жылыс­баев пен Тоқтоналы Сейталиевтің қылау түспейтін ғажайып достығы – екі халықтың ұлы бірлігі, ын­ты­ма­ғының белгісіндей жүрегімізді сұлу әндей тербейтін асқақ сезім. Екі ел бірі үшін бірі сүйініп, бірі үшін бірі намыс отына күйеді. Бұл да осы күнге дейін рухын түсірмей келе жатқан құдіретті сезім! Мен қырғыз елінде жиі бола­мын. Қазақ әнін қалай зерттесем, қырғыз әніне де сондай ынтық көңіл қойып, зерделеп жүремін. Қандай құдірет екенін білмеймін, қырғыздың асқар таулары мен жасыл жайлауларында, маржандай мөлдіреген Ыстықкөлінде болған күндерімде әлмеғайып ән шығара қалсам, ол дәйім қырғыз әуезі бо­лып сызылады. Оған айқын мысал – Шыңғыс Айтматовтың “Жәми­ла”, “Шынарым менің, шырайлым менің”, “Қош, Гүлсары” повестері бой­ынша “Даниярдың әні”, “Жә­ми­ланың әні”, “Әсел”, “Асылым”, “Бибіжан”... қырғыз тақырыбына жаз­ған “Қайта оралған ән” атты повесім негізінде “Айнагүл” әнде­рін, қырғыз бен қазақтың туыстығы лейтмотив болған “Қош бол, вальс”, “Кертолгоо”, “Таңғажайып махаб­бат”... міне, осы көркем шы­ғар­маларымның бәр-бәрі ең алдымен қырғызша шырқалып, қырғызша кітап болып шығып, екі халықтың бірдей рухани дүниесіне айналды. Мерейімді көтерген атақ­тарды да ең алдымен қырғыздардан алдым. Сондықтан, қырғыз елі –маған өз елімдей ең сүйікті ел. Қыр­ғыздың беделі, мерейі көтері­ліп жатса, мен де көтеріңкі көңілде жү­ремін. Қырғыздың қабағына кірбің түссе, менің де жүрегім ауы­рады. Кешегі бір күндері Кеңес Одағы тарап, әр республика өзінің дербестігі мен тәуелсіздігіне қолы жетіп жатқанда, бұл тарихи ұлы жеңіс баянды болса екен, оның бақыты мен ырзығын бірге көрсек, деп шаттандық. Амал не, соңғы 19 жыл ішінде қырғыздың мемлекет болып нығая алмай, соған орай халықтың әл-ауқаты, жағдайының ауған түйе жүгіндей түзелмей келе жатқаны күй­зелтеді, әрине. Бір емес, екі пре­зиденті елдің сенімін ақтай ал­май, бүгінде қырғыз баласы тағ­дыр­дың тәлкегіне түсті. Осы өте ауыр кезеңде қырғыз еліне әр кез біздің Елбасы­ның жан-жақты көмегі, кейбір оқыс жағдайлардан дер кезінде, сын сағатта сақтан­ды­рып, қызғыштай қорғап, халық­ара­лық мәміледе кемеңгерлік ықпал көр­сетіп, араға түсіп, мәселені ба­тыл шешуі бүкіл әлемде Қазақ­станның зор беделін танытып ке­леді. Бұған ең алдымен қырғыз елі дән риза. Осы бір жылдарда әбден жадап-жүдеп, қажыған ел екі рет революция жасады. Есіл ел екі рет бүліншілікке ұшырады. Күнкөріс әлегімен тен­тіре­ген қырғыздың ұл-қызы Қазақстанда, Ресейде жүр. Бізде еңбек етіп жатқан сол қыр­ғыз­дардың жағдайы, құдайға шү­кір, әлбетте жақсы. Оларды қазақ бауыры тосырқамайды, шекесінен шерт­пейді, шеттетпейді, қайта қол­ты­ғына тартып, бәле-жәледен сақ­тайды. Оңалмай қойған жағдайдың тағы бір ауыр күндері биылғы сәуір­дің алғаш­қы аптасында бас­талып еді, бұл қасі­ретті оқиғаға қа­зақ халқының да жан-жүрегі сыз­дап, мұндай сұмдық енді қайталан­баса екен деген ниетте отыр. Ел үмі­тін ақтамаған президент қыз­мет­­тен тайған бей-берекет күндерде аза­мат соғысы басталып кететіндей қа­терлі сәт туып, елдің иманын үйірді. Міне, осы бір үрейлі жағдайда Елбасымыз Н.Назарбаевтың Ресей президенті Д. Медведев, АҚШ президенті Б. Обамамен кеңесіп, мәміле түзіп, Қырғызстандағы қиын жағдайды қалыпқа келтірудегі жойқын әрекеті дәл қазір әлем жұртының назарын ерекше ауда­рып отыр. Бұл ықпал, өзімен кет­сін, Қырғызстанды Ауғанстанның трагедиясынан аман сақтап қалды. Ел бірлігін осылайша түзетуге ба­рын салып, бассыз қалған Қырғыз мемлекетіне жан-жақты көмек көр­сетуі теңдесі жоқ тарихи оқиға ре­тінде бағалануда. Біздің Прези­денті­міздің жұлдызы ерекше жар­қы­рады. Оған Қазақстан жұртшы­лы­ғы да тәнті деп ойлаймын. Елба­сының осы бір биік беделі Қазақ­станның ЕҚЫҰ-дағы төрағалық мерейін көтерген бедел болды. Мен Қазақстанның көп азамат­та­рының бірі ретінде қырғыз хал­қы­ның басына түскен осындай бір қиын күндерде қазақ халқының бауырластығын тағы да бір ерекше танытқан, оны көзінің қарашығын­дай қорғап, Қырғыз мемлекетіне жан-жақты көмек көрсетіп, саяси-әлеуметтік жағдайын реттеуге бар мүмкіндікті жасап, соны жіті қадағалап отырған Елбасының кемеңгерлігіне дән разылығымды осы бір лебізіммен білдіргім келеді. Қырғыз халқына бар сәттілікті тілеймін. Ауыр күндер енді қайталанбасын. Мен-дағы қырғыз ақыны Сооронбай Жусуев секілді тебіреніп, “Қазақ озса – ол қырғыздың озғаны”, деймін! Ілия ЖАҚАНОВ, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Айтматов атындағы  халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қырғызстанның “Дәнекер” орденінің иегері. АТЫРАУ. ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ТӨҢКЕРІС: СЕБЕПТЕРІ МЕН САЛДАРЛАРЫ Алматыда Қазақстан Респуб­ли­касы Президенті жанындағы Стра­тегиялық зерттеулер институтында “Қырғызстандағы төңкеріс: себеп­тері мен салдарлары” атты дөң­ге­лек үстел болып өтті. Қазақ­стан­мен көршілес орналасқан бауыр­лас ел – Қырғызстанда орын алған қай­ғылы оқиға Орталық Азия және ТМД елдерінің қалың жұртшылы­ғын қатты алаңдатып отырған­ды­ғын атап айтқан жөн. Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев Қыр­ғызстандағы ауыр ахуалды АҚШ пен Ресей мем­ле­кет­тері, сон­дай-ақ алдыңғы қатар­лы әлемдік держа­валардың бас­шы­ларымен және халықаралық ұйым­дар өкіл­дері­мен өткізілген кезде­су­лерде ке­ңі­нен талқылаған бо­ла­тын. Қазақ­стан Республикасының Қырғыз­стан­дағы күрделі жағдайды реттеуге қосқан үлесі әлемдік деңгейдегі бе­дел­ді саясаткерлер тарапынан танылды. – Көршілес елдегі қайғылы оқиға саясаткерлер мен қалың жұрт­шылықтың қатты қобалжуы мен алаңдаушылығын туғызып қана қоймай, сонымен бірге, бұл жағ­дайға салмақты сараптамалық әрі әділ баға берілуін және сауатты талдау жасалуын да талап ететіндігі сөзсіз. Соған орай, “Қырғыз­стан­да­ғы төңкеріс: себептері мен сал­дарлары” атты дөңгелек үстелді өт­кізудегі ең негізгі міндет және ең басты мақсат – Қырғызстанда қа­лыптасқан ағымдағы ахуалдың әлеу­меттік-саяси сипатын белгі­леу, – деді Стра­тегиялық зерт­теу­лер институтының директоры Болат Сұлтанов. Беата Эшменттің пікірінше, 2005 жылғы наурыз айындағы Қыр­ғызстандағы жағдайды “рево­лю­ция” деп айтудың қажеттілігі жоқ. Себебі, революция – жүйе­нің алмасуын білдіреді, ал мұнда тек қана тұлғалар ауысуы ғана жал­ғасуда. Өкінішке қарай, олар билікте сол өздерінің алдында­ғы­лар­дың саясатын жалғастыруда. Жасыратыны жоқ, сонау 90-шы жылдары батыстағылар Қырғыз­стан­ды орталықазиялық Швей­ца­рия ретінде қабылдайтын, ал бү­гінде бұл көзқарасқа көлеңке түскен сияқты. Қынжыларлығы – Ақаев билігінен кейін арада өткен бес жылда Қырғызстанда ешқан­дай оңды өзгерістердің орын ал­мауы, тағы да жанжалға, дау-да­майға, адам өліміне ұласуы Бакиев билігінің  бет-пердесін ашып көр­сет­кендігін жиынға қатысушы ғалымдар мен сарапшылар кеңінен қозғады. Сыбайлас жемқорлық­тың, өз төңірегіне тек туған-туыс­тарын жинақтаудың соңы билік басын­дағы Бакиевке қарсы жаңа әлеу­меттік жарылыстың пайда болуына әкеліп соқты, деді олар. Мемлекеттік және тәуелсіз ғы­лы­ми-талдау мен сараптамалық ұй­ымдар өкілдері, Алматы қала­сын­дағы жетекші жоғары оқу орын­дары оқытушылары өз кезе­гінде Қырғызстандағы төңкерістің өзегі – елдегі әлеуметтік ахуалдың төмендеуінде жатқандығын жоққа шығармады. Алайда, 2005 жылғы наурыз оқиғасының өзі мемлекет­тің дамуын бірнеше жылға артқа шегергендігін есептен шығарудың, одан сабақ алмаудың салдары бү­гінгі күні тағы да осындай қай­ғы­лы жағдайға ұшыратып отырғанын көрмеу мүмкін бе? Мемлекет эко­но­микасы мен саясатын рефор­малау жөніндегі әрекет бұдан бес жыл бұрын да сәтсіз аяқталған еді. Соңғы бес жылда алты пре­мьер-министр орнын ауыстырып, елдегі жаппай жұмыссыздық тұр­ғындардың көпшілігін Қазақстан мен Ресейден күнкөріс іздеуге мәж­бүр еткендігі, әрине, қынжы­лар­лық жағдай. “Халықаралық қауымдас­тық­­тың және Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымы төрағасы ретінде Қазақ­станның бар­лық күші мен көмегі міндетті түрде Қырғызстандағы ауыр жағ­дай­ды тұрақтандырып, қалпына кел­тіруге бағытталмақ. Біздің мем­лекетіміз әрдайым бейбіт бітім­гер­шілікке мүдделі. Әл-Фараби атын­да­ғы ҚазҰУ-дің халықаралық қа­ты­настар факуль­те­тінің деканы Кә­ріб­жан Шәкіровтің есептеуінше, “көрші елдегі халық­тың наразы­лы­ғы мен биліктің әл­сіздігін сол уақытта бәрінен бұрын қылмыстық топтар пайдаланып, өз мүддесіне орай шешкен”. Шын мәнісінде де, төңкеріске қатысқан­дар­дың ша­буыл­ды бірден бас про­куратура, са­лық полициясы, құқық қорғау ор­ган­дары ғимараттарынан бастап, ондағы құжаттарды, мәлі­мет­тер базасын өртеп, ғимараттар­дың күл-талқанын шығаруы соған толық дәлел бола алады. Енді олар, яғни қылмыскер­лер­дің барлығы өздері жасаған қыл­мыстарға қатысты нақты дерек­терді жойып, “тазаланып” шыға келген! Енді үкімет басына келген оппозиция өкілдері болса, оқи­ғаның мұндай бетбұрыс алып, қыл­мыстық элементтердің  өздері­нің көлеңкелі іс-әрекеттерінің ай­ғақтарын жойып, көздеген мақ­сат­тарына жететіндігіне дайын бол­ма­ған еді. Сөз реті келгенде атап ай­тарлық тағы бір жәйт, көпұлтты мем­лекеттегі этносаралық келіс­пеу­шілікке байланысты. Кездесуде қатысып, өз пікірін бүкпесіз біл­дірушілер Қырғызстанда билік үшін күресуші жекелеген саяси қайраткерлер этносаралық келіс­пеу­шілікті пайдалану мүмкіндігін де жоққа шығармағандығын баяндады. ҚСЗИ директоры Болат Сұл­та­нов бұл орайда көпшілік назарын аударатын қызықты мәліметтерді келтірді. Анығырақ айтқанда, Қырғыз­стан­ның оңтүстік аймағында тұра­тын халықтың көбірек бөлігін эт­ностық өзбектер құрайды. Сөйтіп, Жалалабад және Ош облыс­та­рында әр уақыт өткен сайын өзбек тіліне  ресми мәртебе беру туралы үндеулер естілуде. Сондықтан да, сарапшылар осының негізінде этносаралық шиеленістердің тұ­та­ну қаупі бар екендігін де ескертеді. Бұл жағдайда Қазақстанның тәлімі өнеге тұтарлық. Оңтүстік Қазақ­стан облысының кейбір аудан­дарында 52 пайыздан 64 пайызға дейін өзбектер тұрады. Сонымен бірге, Алматы облысының Ұйғыр ауда­нында да тұрғындардың 56 пайызын ұйғырлар құрайды. Де­ген­мен, мемлекеттің тереңнен ой­ластырылған ұлтаралық саясаты­ның нәтижесінде олардың бәрі түгелдей дерлік ұлттық дәстүрлерін сақтап, мәдениетін дамытуда. Орта білім беретін мектептерде балалар өзінің туған тілінде оқуға мүм­кін­дігі бар. Мұның барлығы көршілес елде орын алған қайғылы жағ­дай­дың мемлекетімізге жат және оған мүлдем негіз жоқ екендігінің тағы бір айқын кепілі десе де болады. Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттеріндегі даму модельдері мүлде бөлек және ұқсастығы да жоқ, сол себептен де мемлеке­ті­міз­дегі тұрақтылық деңгейі жоғары. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары “әуелі – эко­но­мика, содан соң – саясат” ұста­нымының халықтың әл-ауқатын, әлеуметтік жағдайын жақсартуға даңғыл жол ашқандығы айтпаса да түсінікті. Бұл орайда саяси қате­лік­тердің, елдің қамынан гөрі  жеке бастың күйін күйттеудің соңы Қырғызстанның экс-президенті Қ.Бакиевтің іс-әрекетінен айқын көрінеді. Ол мемлекеттік билікті нығайтудың орнына өз отбасының мүшелерін орталық органдар мен маңызды экономикалық аймақ­тар­дағы басшылыққа тағайындап, ай­мақ­тық қауіпсіздік  жөніндегі қам­қорлықты сырт қалдырды. Қайткен­мен де, қандай жағдайда да Қазақ­стан қайғылы ауыр оқи­ғаға тап болған көрші елдің хал­қына көмек қолын созып, қолдау көрсетеді. Біздің ең басты құндылығы­мыз, ең басты байлығымыз – Ота­нымыз, тәуелсіз Қазақстан. Отан­ды сүю, оған адал қызмет ету – бас­ты парыз. Ал демократия дегеніміз – ойыңа келгенді жасау емес, ол ең алдымен  туған ота­ның­ның, халқыңның алдындағы жауапкершілік екендігін ұғыну. Дөңгелек үстелге қатысушылардың бұл тұжырымына ештеңе қосып ала алмайтының анық. Бақыт БАЛҒАРИНА. АЛМАТЫ.