Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінде өткен жылы жасалған интернет-алаяқтық фактілері айтылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылы интернет-алаяқтық жасағаны үшін елордалық полиция 97 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартқан. Жәбірленушілерге 100 миллион теңге қайтарылды. Елордалық полиция басшысы Ержан Саденовтың айтуынша онлайн-сауданың пандемия кезінде артқаны байқалды, алаяқтар интернет желісінде осы сәтті пайдаланды.
Олардың арасында медициналық бетперделерді, антисептиктерді, дәрі-дәрмектерді, тондар, ұялы телефондар, жиһаздар және т.б. сатылады деген сылтаумен жасалған алаяқтықты атауға болады. Алаяқтар олардың бәрін жүздеген жалған аккаунттарда және әлеуметтік желілердегі хабарландыруларда сатқан. Мұндай интернет-ресурстар кейіннен анықталып бұғатталды.
Басқа алаяқтар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, банк карталары бар адамдардан алдау арқылы реквизиттерін және смс-парольдерін біліп алып, осылайша олардың шоттарынан ақша жымқырған. Осындай алаяқтардың әрекетінен 300 –ден астам елорда тұрғыны зардап шекті.
Жылдың екінші жартысында “OLX” және “Kolesa” жеке хабарландыру сайттарының қолданушылары зардап шекті. Осы сайттарда тауар сатамын деген азаматтарға алаяқтар жеткізу қызметін ұсынған. Ештеңеден күдіктенбеген азаматтарға сайтқа ұқсас сілтемені жіберіп, банк картасының реквизиттері бар анкетаны толтыруды өтінген. Алайда, толтырғаннан кейін қолданушылар пайда түгіл, жинаған қаражатынан да айырылған. Алаяқтар көбінесе азаматтардың бейқамдығын, сенгіштігін және мұқиятсыздығын пайдаланады. Олар шоттан ақшалары алынған кезде ғана барып алданғанын біледі.
Алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін Полиция департаменті:
• үшінші тұлғаларға банк карталарының реквизиттерін, CVV-кодты және парольді бермеуді;
• тауардың бар-жоғына және сапасына көз жеткізбейінше алдын ала төлемнен бас тартуды;
• онлайн-несиелерді ресімдеуді алдын алу үшін бөтен адамдарға дербес деректерді бермеуді;
• ақшаны көбейту бойынша күмәнді акцияларға қатыспауды; • ұсынылатын қызметтердің шынайылығын тексеруді (OLX-жеткізу, мүлікті жалға алу, ұтыстарға ақша салу) ұсынады.