Қостанайдағы облыстық кітапханада өңір тарихынан сыр шертетін сирек кітаптар көрмесі ашылды. Көпшілік оқырман назарына ұсынылған ерекше экспозицияға 19 ғасырда жарық көрген көне кітаптар да қойылған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Көрмедегі көне кітаптардың қай-қайсы да өзінің тарихи құндылығымен ерекшеленеді. Олардың қатарында А.Кауфманның Қазақстанның солтүстік аймақтарына ішкі Ресейден келіп қоныстанып жатқан шаруалардың тұрмыс-жағдайы туралы есептері, С.Брайнның «Амангелді Иманов – қазақстандағы 1916 жылғы көтерілістің көсемі», И.Грушиннің «Жиляев көтерілісінің тарихы» атты еңбектері, В.Маленьхов бастаған авторлардың «Қостанай қаласының пайда болуы» атты жинағы бар.
«Көрмедегі ең көне кітап Александр Кауфманның 1897 жылы жарыққа шыққан «Торғай облысына қоныс аударушы-жалшылар» деп аталатын еңбегі. Мұнда қоныс аударушылардың шаруашылық тұрмысы, олардың жергілікті тұрғындармен қарым-қатынасы жөнінде баяндалған. Автор облысымыздағы көптеген этнонимдердің пайда болу себептері туралы зерттеулер жүргізген», - деді облыстық кітапханадағы сирек кітаптар музейінің меңгерушісі Гүлшара Өмірғалиева.
Музей меңгерушісінің сөзінше, кітапхана мұндай құнды кітаптардың біразын кезінде жеке тұрғындар мен букинистік дүкендерден сатып алса, кейбіреулерін қала тұрғындарының өздері әкеліп тапсырған. Сирек кітаптар көрмесіне 19-ғасырдан қазіргі кезеңге дейінгі өңір шежіресін баяндайтын 30 шақты кітап қойылған. Кейбір кітаптар көрме сөресіне тұңғыш рет қойылып отыр. Мұндай кітаптардың қатарында ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған бірнеше еңбек бар.
«Осы көрме арқылы биыл бірінші рет белгілі ұстаз Ә.Сыдықовтың орыс тілінде жазылған «Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық идеялары мен ағартушылық қызметі» атты еңбегі оқырман назарына ұсынылып отыр. Әміржан Сыдықов Ыбырай атамыздың педагогикалық қызметіне алғашқылардың бірі болып назар аударып, ағартушылық қызметін зерттей бастағанын айта кеткен жөн», - деді музей меңгерушісі.
Көрмедегі сирек кітаптарды сырттай тамашалап қана қоймай, кітапханада отырып, оқып, мазмұнына үңілуге рұқсат етілген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кітапханадағы көрме жылдың соңына дейін тұрады. Көрме материалдарымен кітапхана сайты арқылы танысуға да болады.