ҚР аумағында короновирус инфекциясының пайда болуы мен таралауына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия елімізде уақыша болатын шетелдіктердің мәртебесін заңдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz
«ІІМ тұрақты негізде еліміздегі көші-қон ахуалын мониторингтейді. Осы саладағы негізгі тапсырма – шетелдіктердің Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын және рұқсат етілген мерзімі аяқталған соң олардың елден шығуын бақылау. Сонымен бірге, короновирус пандемиясы Қазақстанға келетін шетелдіктердің өмір салты мен жоспарына бірқатар түзету енгізді. Тікелей көлік қатынасының болмауы транзиттік сапар үшін шекараларды жабу, авиабилеттер құнының өсуі фактілері көптеген шетелдіктердің Қазақстаннан белгіленген мерзімде шығуына мүмкіндік бермейді. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, ҚР аумағында короновирус инфекциясының пайда болуы мен таралауына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешім қабылдап, елімізде уақыша болатын шетелдіктердің мәртебесін заңдастыруға және Қазақстанда заңнаманы бұзбауға мүмкіндік береді», деді ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов ҚР ІІМ ұйымдастырған онлайн брифингте.
Спикердің айтуынша, негізгі акцент отбасымен қауышуға келген шетелдіктерге, құжаттарының жарамдылық мерзімі өткен азаматтарға және еңбек мигранттарына жасалған.
Жол жүру құжаттарының, шетелдіктің елде тұру ықтиярхатының, Қазақстан Республикасының визаларының, елде уақытша болудың рұқсат етілген мерзімі өтіп кеткен немесе мерзімі 2021 жылғы 5 маусымға дейін аяқталатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылмай, елден шығуына рұқсат берілді. Шетелдіктердің азаматтығы бар елімен немесе тұрақты тұратын елмен тікелей көліктік қатынастар (авиа, авто және темір жол қатынастары, жаяу) және транзиттік жол жүру болмаған жағдайда шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды елден шығару туралы сот шешімі мерзімінің орындалуы тоқтатылды.
«Шетелдіктердің елде болу мерзімі (визалар, уақытша тұруға рұқсаттар) 2021 жылдың 5 маусымына дейін ұзартылады. Еңбек етуге рұқсат немесе өздігінен жұмысқа тұруға арналған біліктілік туралы жергілікті атқарушы орган берген анықтамасы барларға виза мен уақытша тұруға ықтиярхат шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның елге келу мақсатын талап етпей-ақ беріледі. ҚР аумағындағы отбасымен қауышу мақсатымен жүрген және азаматтық елінен құжаттарды ұсына алмайтындарға виза шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның елге келу мақсатының талап етпей беріледі», деп түсіндірді С. Сейітжанов.
Рұқсат беру, ұзарту, қайта ресімдеу туралы өтінішпен жүгінген еңбек иммигрантына «Көші-қон туралы» ҚР Заңының 43-1-бабы 2-тармағының талаптарын ескерусіз рәсімделеді (Еңбек иммигрантының ҚР аумағында үздіксіз уақытша максималды тұру мерзімі он екі айдан аспауы тиіс).
«Бұл ретте Қазақстандағы рұқсат құжаттарының мерзімі өткен немесе өтіп бара жатқан шетелдік азаматтар құзыретті органдардағы өз құқықтық мәртебесін уақытылы реттестіру үшін көші-қон қызметіне жүгінулері қажет. 2021 жылдың 1 қаңтарынан 5 маусымына дейінгі кезеңде құқықтық мәртебелерін заң жүзінде реттемеген шетелдіктердің құқықтық жауапкершіліктен босатылмайтынын ескертеміз», деді Сабыржан Сейітжанов.