ҚР БҒМ тарапынан ендірілген «Kundelik.kz» электронды журналдар ақпараттық жүйесінде Шымкент қаласы «Алтын белгі» жүлдесімен марапатталды. Марапатты «Kundelik.kz» ЖШС директоры Марат Ищанов қала әкімі Мұрат Әйтеновке табыстады, деп хабарлайды Egemen.kz
–Мұндай жетістікке білім басқармасының, мұғалімдердің және ата-аналардың белсенділігінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Электронды құжаттарды қолдану және жетік меңгеру заман талабы. Қашықтан білім беруде біздің ұстаздарымыз өздерінің білімі мен біліктілігін көрсетіп қана қоймай, республикада үздік екендігін дәлелдеді, - деді қала әкімі.
Марапаттау рәсімінде білім басқармасы басшысы Жанат Тәжиева қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлына мектептерді компютермен жабдықтауда және қаладағы мектептер мен елді мекендерді сапалы интернетпен қамтуды жіті мән бергені үшін рақметін айтты. Kundelik.kz электронды журнал жүйесі 2016 жылдан өзара келісімшарт негізінде мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында жұмыс атқарып келеді. Елдегі індетке байланысты қашықтан білім беруде электронды журналдың маңыздылығы артты. Биыл алғаш рет 2020-2021 оқу жылының бірінші жартыжылдығы қорытындыланып, электрондық журналдың ең белсенді пайдаланушылары марапатталды.
«Күнделік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі Шымкент қаласының мектептеріндегі ресми құжат болып табылады. Қазіргі таңда бұл жүйеге қаладағы 151 мектеп қосылған. Электронды құжатты 20 003 мұғалім сапалы және уақтылы толтырып, белсенділік танытқан.
Айта өтсек, Шымкентте ІІІ тоқсанды бітіруші сыныпта «кезекші сыныптар» қағидаты бойынша 9 сыныпта 16 226 оқушы, 11 сыныпта 9 584 оқушы білім алуда. Оқушылар орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті, Шет тілі, алгебра, геометрия, физика, химия, биология, география, Қазақстан тарихы және дүниежүзі тарихы сабақтарына қатысады