• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ауыл 19 Қаңтар, 2021

Ауылдағы «мұзтау»

847 рет
көрсетілді

Жетісудың бір әсем өлкесіне жататын Кеген өңі­рінде табиғаттың ғажайып сыйы жетерлік. Қор­шаған ортаның көркем бейнесін ауыл жұрты «Кере­мет көрем десең, Кегенге кел...» деп әнге қосады.

Бұған дәлел ретінде аудан аумағындағы Көлсай мен Қайыңды көлдерін атау ләзім. Өйткені жаз маусымында тау баурайындағы інжу-маржан маңында тіршілік қызып, туристер үшін нағыз демалыс сәті басталады. Ал көрікті өлкенің қыс бойы тамашалауға тұрарлық ғажайыбы тағы бар. Мәселен, Шырғанақ ауылы маңындағы жотада күн райы суыған мезгілден бастап қар көбесі сөгілгенге дейін аспанға шаншылған мұзды тауды көруге болды. Ауылдағы ағайын ежелден «Мұзтау» деп атап кеткен табиғи ақшаңқан мұнара аудан орталығы Кеген ауылынан оңтүстік-батысқа қарай жүргенде, 15 шақырымдай жерде тұр. Осы жерден Кеген өзенінің бір сағасы – Шырғанақ өзені ағып жатыр.

Бұл «Мұзтау» жер астынан тартылған құбырдан атқылап аққан судың мұзға айналуынан пайда болады екен. Әр жыл сайын аяз күшейіп, қар қалыңдаған кезде аспанға атқылаған жерасты суы қатып, кәдімгі қатпарлы тау болып қалады. Мұз сүңгілермен шашақталған ақ мәрмәр қабырғалар «Бабыл мұнарасындай» өріліп, қол жетпес жерге дейін биіктей береді.

– Өлкедегі ерекше бір орынға айналған мұз тау қазір нағыз демалыс орнына айналды десек болады. Кеңес Одағы тұсында колхоздың егіс алқабын суару үшін тереңнен ұңғыма қазылып, таза су көзін пайдаланғанбыз. Жарықтық тау суы мінезді ғой, сол заманнан бері жерге қағылған темір құбырдан атқылаған мөлдір су бір толастаған емес. Жазда бұл маңда ат тұяғының дүбірі қызып, көкпар тартысы өтіп жататын. Ал қыста осындай көз жауын алатын мұзды мұнараға айналады. Жастарға қызық, осы көріністі тамашалауға Алматыдан адамдар келіп, кетіп жатады, – дейді Шырғанақ ауылының тұрғыны Ермек Құрманғалиев.

Шынымен де 200 метр тереңнен атқылап шығып жатқан тау суы осы өңірді ауыз сумен де қамтып отыр екен. Әрі адамдардың демалысына ыңғайлы орынға айналған. Шырғанақ ауылының жастары күш біріктіріп, құдық маңын көркейтіп, орындықтар қойыпты. Ас пісіретін арнайы орын мен қоқыс жинайтын жәшіктер де орнатыпты. Содан бері демалыс күндері шаңғы мен шанасын сайлап келіп, таза ауада серуендеп қайтатын жұрт қатары көбейіпті. Яғни бұл бастама Кеген ауданында қысқы туризмді дамытуға қолайлы болып тұр.

 

Алматы облысы