• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Қаңтар, 2021

Сахна саңлақтарынан сабақ алады

208 рет
көрсетілді

Сахналық өнердің сырына үңілсем дейтін алматылық оқушылар үшін жаңа мүмкіндік ашылды. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы дарынды өрендер үшін «Хор вокалы» үйірмесін ұйымдастырып отыр. Ең қызығы – жас талапкерлер халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүрген сахна саңлақтарынан сабақ алады.

Үйірмеге дауыс ерекшелігіне қарай іріктелген 7 мен 14 жас аралы­ғын­дағы мектеп оқушыларының қаты­суына болады. Музыкаға талабы бар жастарды хор өнеріне баулу мақ­сатында жоспарланған бірегей жобада Орталық Азиядағы алғашқы және ең ірі хор ұжымы саналатын Б.Байқа­дамов атындағы мемлекеттік хор капел­ласының білікті мамандары тәлім бермек. Кәсіби музыканттар ха­лық әндерін үйретумен қатар, хор жанрының қыр-сырымен жан-жақты таныстыру арқылы жастардың мәде­ниет пен өнерге деген ынтасын оятып, олардың рухани дамуына ықпал етуді көздейтіндерін айтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Өске­лең ұрпақтың спорттық және шы­ғар­машылық әлеуетіне аса назар аудару қажет. «Балалар үйірмесі» қыз­метін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төк­пелі заманда олардың күш-жі­гері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды» деп ел ертеңі саналатын өскіндерді өнерге баулудың арнасын кеңітуді тап­сырған еді. Іргелі өнер ұжымы ретінде жастардың шығармашылық әлеуетін дамытып, кәсіби білім алуына негіз болғымыз келді. Үйірмені ұйымдастырудағы мақсатымыз осы, – дейді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филар­мониясының директоры Таир Қаратаев.

Алдағы күндері Б.Байқадамов атын­­дағы мемлекеттік хор капел­ласының бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Бейімбет Демеуов үйір­меге қатысуға өтініш білдірген жас­өспірімдер арасында тыңдау өткізіп, таңдау жасайтын болады. Сонымен қатар аталған үйірмеде арнайы дайын­дықтан өткен дарынды балаларды іріктеп, олардың қатысуымен келешекте филармонияның үлкен сахнасында концерт қою жоспары қарастырылған.

Бүкілодақтық байқаудың лауреа­ты атанған Мемлекеттік хор капел­ланың репертуарына хорға өңделіп түсі­рілген халық әндері, сондай-ақ шы­ғармалардың ірі түрлері – сюита, поэма, кантата және ораториялар енген. Шығармашылық әлеуеті бай ұжым­­­ның кәсіби орындау шеберлігі жас та­лапкерлерді қанаттандыратыны сөзсіз.

 

АЛМАТЫ