АҚШ президенті Джо Байденнің инаугурациясы қарсаңындағы апталықтың ашылуына арналған салтанатты кеште Димаш Құдайберген «Самалтау» халық әнін орындады. Бауырлас қалалардың халықаралық қауымдастығы – Sister Cities International ұйымы өткізген іс-шара пандемияға байланысты онлайн режімде болды.
Атаулы мерекеге губернатор Билл Анабутти, Джозефина Биверс, генерал-майор Армандо Кабада, конгрессмен Элеонора Холмс Нортон, майор Тим Келлер, сенатор Боб Менендез, АҚШ теңіз оркестрі, Кэрол Робертсон Лопез және тағы басқалар қатысты.
SCI бас директоры Лерой Аллала өз сөзінде қазақ әншісінің шығармашылығы әлем халықтарын, олардың мәдениеті мен тілін біріктіретінін атап өтті. Мұның бәрі Президент Эйзенхауэрдің елдер арасында бейбіт қарым-қатынас орнату туралы көзқарасының ажырамас бөлігі. Сонымен қатар Димаштың 20 қаңтарда Sister Cities International ресми сайтында тағы бір ән орындауы көрсетілетіндігі жарияланды. Сондай-ақ ол SCI өкілдеріне инаугурация апталығына шақырғаны үшін алғыс айтты.
Димаш – АҚШ президентін ұлықтау салтанатында Қазақстаннан өнер көрсеткен тұңғыш әнші екенін айта кетейік.