• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Қаңтар, 2021

Мыңдаған алматылық баспана жырына нүкте қояды

175 рет
көрсетілді

Асқақ арманын Алатауға таңған алматылық жастардың алдынан кесе-көлденеңдеп шығатын бас ауыртар басты тақырып – баспана мәселесі. VII шақырылымдағы мәслихаттың бірінші сессиясында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев биыл «Алматы жастары» бағдарламасымен 1 мың пәтер берілетінін айтып, талайлардың алыстағы арманын жақындатқандай болды.

Соңғы жылдары жүйелі жүзе­ге асып жатқан оңтайлы бағ­дар­ламалар жұмысшы жастар үшін үміт шамын жаққаны рас. Тірнектеп тапқаныңды жалдамалы пәтер иесінің қалтасына құй­ғаннан көрі пайыздық мөл­шер­лемесі төмен, біраз жылдан кейін иелігіңде қалатын өз үйіңде өмір сүрген көңілге де жұбаныш. Алматы қаласында әлеуметтік салада жұмыс істейтін кез келген жас үшін мұндай мүмкіндіктің қақпасын ашып берген «Алматы жастары 3:0» бағдарламасы іске қосылған бір жыл ішінде мыңға тарта отбасы қоныс тойын тойлады. Б.Сағынтаев бағдарлама арнасын одан ары кеңітіп, 2021 жылы тағы да мыңдаған отбасы баспана алу бақытына кенелетінін алға тартты. Әкімнің сөзінше, осы бағытта әкімдік пен «Отбасы банк» АҚ арасында талқылау жүріп жатыр.

«Былтыр банкпен біріге отырып 13 млрд теңге бөлдік. Бүгінде қала экономикасының әр саласында еңбек етіп жатқан 1 мыңға жуық жас осы бағдарламамен пәтер алды. Биыл да осыны жалғас­ты­ра­мыз. Инфляцияға байланысты нарықта пәтер қымбаттап барады. Соған орай несие көлемін 18 млрд теңгеге жеткізіп отырмыз. Биыл да 1 мың пәтер беріледі. Бұл «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» бағдарламаларынан тыс жүзеге аспақ», деді қала басшысы.

Еске салсақ, «Алматы жастары 3:0» бағдарламасы 35 жасқа дейінгі әлеуметтік сала қызметкерлерін қолдауға бағытталған. Олардың сапында – мұғалімдер, дәрігерлер, ЖОО оқытушылары, мәдениет, спорт саласының өкілдері, журналистер мен ғалымдар бар.

Тұтас ел көлеміндегі студент­тер­дің тең жартысын қамтитын шаһарда жатақхана жайы да түйіт­кіл­ді мәселенің бірі. Әкім бұған дейін 25 жоғары оқу орны­ның аумағында 16 мың орынға арналған 38 жатақхана, сонымен бірге екі колледжде 600 адамға шақталған студенттер үйі салынатынын тілге тиек еткен. Аталған жоспар ойдағыдай жүзеге асар болса, он мыңдаған шәкірт баспана жалдап бас қатырмас еді.

Биыл болашағы үшін қор жи­насам дейтін жастар үшін де ақжолтай жаңалықтың шеті шық­ты. Бұған дейін қалада кең өріс алған жалға алу бағдарламасымен 5 мыңға тарта жұмыскер жас бас­паналы болуы бек мүмкін. 8,4 мың көп пәтерлі тұрғын үйі бар Алматы елдегі тұр­ғын үй қоры ең бай қала екенін атап өткен жөн. Десе де күн санап аумағы ұлғайған мегаполисте бас­пана кезегі қарқындап өсіп келеді. Бүгінгі таңда 20 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр.

 

АЛМАТЫ