Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2014-2016 жылдарға арналған нақтыланған республикалық бюджетті жүзеге асыру туралы қаулы қабылданды.
Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2014-2016 жылдарға арналған нақтыланған республикалық бюджетті жүзеге асыру туралы қаулы қабылданды.
Алдағы үш жыл кезеңдегі республикалық бюджет туралы заңға Мемлекет басшысы желтоқсанның басында қол қойған болатын. Ал аталмыш қаулы сол заңның орындалуын жүзеге асырады.
Қаулы жобасы туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев баяндады. Министрдің мәліметінше, Бюджет кодексінің талаптарына сәйкес қалыптастырылған қаулы жобасында облыстар және Астана мен Алматы бюджеттеріне ағымдағы нысаналы трансферттер мен несиелер сомаларын бөлу, қаражаттың бір бөлігін «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және «Моноқалаларды дамыту-2020» бағдарламалары бойынша бөлу, мемлекеттік органдарға берілген 2014 жылға арналған бюджеттің уақтылы атқарылуын қамтамасыз ету жөніндегі және басқа да тапсырмалар ескерілген.
Бұдан басқа, қаулы жобасында мемлекеттік міндеттер, басымдықты республикалық бюджеттік инвестициялар, кейінге қалдыру шарттарымен республикалық бюджет жобасына енгізілген аса маңызды және жедел орындауды талап ететін міндеттер тізбесі көрсетілген.
Құжатта, сондай-ақ, 2014 жылдың бюджетін мерзімінде орындауды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдарға тапсырмалар мазмұндалған.
Үкімет басшысы Премьер-Министр Кеңсесіне Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен бірлесе отырып, аталған қаулының жобасына қол қоюды даярлауды тапсырды. «Бұның алдында келісілгендей, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жыл соңына дейін 2014-2018 жылдарға арналған өздерінің барлық стратегиялық жоспарларын бекітуі қажет», деді С.Ахметов. Премьер-Министр, сонымен қатар, ағымдағы жылы Үкіметтің қорытынды отырысы 24 желтоқсанда өтетінін айта келе, 18 желтоқсанға дейін барлық мемлекеттік органдардың басшыларына жобалардың шешімін Үкіметтің отырысына енгізуді қамтамасыз етуді жүктеді.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».