• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2013

«Жас тұлпар» – жалын жүрек жастарға

486 рет
көрсетілді

Астанада «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Жас тұлпар» жас­тар сыйлығы иегерлерін салтанатты марапаттау өтті. Әйгілі «Жас тұлпар» қозғалысының 50 жылдығы мен ел Тәуелсіздігі мерекесіне орай алғаш рет өткізілген бұл шараны «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек құттықтау сөзбен ашты.

Астанада «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Жас тұлпар» жас­тар сыйлығы иегерлерін салтанатты марапаттау өтті. Әйгілі «Жас тұлпар» қозғалысының 50 жылдығы мен ел Тәуелсіздігі мерекесіне орай алғаш рет өткізілген бұл шараны «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек құттықтау сөзбен ашты.

«Нұр Отан» партиясының жаңа Саяси доктринасында «Жас­тарды отан­шыл­дықтың арқау­ында тәрбиелеу әрқа­шанда Қазақ­станның табысқа жетуі мен өр­кендеуінің кепілі болмақ», деп көрсетілген. Сондықтан жастар ара­сында төл мәдениетті дамыту мен отан­шыл­дық­ты нығайтуға қосқан үлесі үшін тұңғыш рет партия тарапынан «Жас тұлпар» сый­­лы­ғын табыстау туралы шешім қабыл­данды», деді Б.Байбек.

Сонымен, «Жас тұлпар» сый­лығының тұңғыш иегерлері деп төмендегі азаматтар танылды.

Нұрлан Әлімжан. Актер, сазгер, әнші. Қазақстандықтарға ел Президенті жайлы түсі­ріл­ген «Елбасы жолы» атты кино­эпопеяның басты кейіпкері ретінде танылған талант иесі.

Данияр Елеусінов. Бокстан елі­міздің бірнеше дүркін чемпионы. 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында 69 килоға дейінгі салмақта әлем чемпионы атанып, ел мерейін үстем еткен саңлақ.

Жансая Әбдімәлік. Оқушылар ара­сындағы үздік шахматшы титулының иегері. Жеті жасын­да бірінші разряд нормасын орын­даған ол 2008 жылы 20 жасқа дейінгі қыздар арасында еліміздің абсолюттік чемпионы болды. Дәл сол жылы Ж.Әбдімәлік Иранда өткен Азия чемпионатында жеңіске жетіп, шахмат тарихында ең жас Азия чемпионы атанды. Сон­дай-ақ, ол өткен жылы мау­сымда қыздар арасындағы ең жас гроссмейстер атағын иеленді.

Ибрагим Ескендір. «Жас Отан» жас­тар қанатының белсен­дісі, патриоттық әндер байқау­ларының жеңімпазы. Оның жүрегінен шыққан «Көк тудың желбірегені», «Аманат», «Бірлік ұраны», «Ләйла», «Ғашықтың тілі», «Қызды неге жылаттың?» әндері халыққа кеңінен танымал. Оның «Көк тудың желбірегені» әні Лондон Олимпиадасы ке­зін­де спорт­шы­ларымыз бен жан­күйерлерге патриот­тық рух сыйлап, сенім отын жалындатты.

Тұрар Артықбаев. Полиция капитаны, Шымкент қаласында учаскелік инспектор болып қызмет істейді. Мем­лекеттік марапат – «Ерлігі үшін» ме­далінің иегері. Өзінің қызметтік мін­детін орындау кезінде ерлікке барып, қылмыскердің жолына тосқауыл қою үшін атылған оққа кеудесін тосқан болатын.

Еркін Бейсекенов. Ақтөбеде өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұ­мыс­тары қызметінде өрт сөн­діруші-құтқа­рушы болып қыз­мет етеді. «Ерлігі үшін» және ІІІ дәрежелі «ІІМ-ге адал қыз­меті үшін» медальдарымен мара­пат­талған. 2013 жылдың шілдесінде түн ішінде тұр­ғын үйлердің бірін­де болған өрттен 4 баланы арашалап қалған ол өзі де үш баланың әкесі.

Артур Сулейманов. Шы­ғар­ма­шы­лық лақап аты – Emir France. Әртіс, Ал­маты қаласының Blow Money лэйблі­нің рэпері. Оның бейнеклиптері үлкен сұранысқа ие болып, ғаламторда тама­ша­лаушылардың саны бір­неше есеге артқан. Атап айтсақ, UpGrade feat-пен бірлесіп жазған шығармалары: «Kazakhstan» – 230 384 рет, «Киелi мекен» – 78 359 рет қаралыпты.

Жүлделерді Мыр­затай Жол­дас­бе­ков, Қуаныш Сұлтанов, Мұрат Әуезов, Мәу­лен Әшімбаев, Бекболат Тілеухан сын­­ды елімізге белгілі азаматтар табыс етті. «Жас тұлпар» сыйлығы кәсіби ерен табысы үшін 35 жасқа дейінгі қазақ­стандықтарға жылына бір рет берілмек.

Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,

«Егемен Қазақстан».

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАРОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар