• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Экономика 20 Қаңтар, 2021

Қайта өңделген алюминийге мұқтаж

633 рет
көрсетілді

Жер бетінде ең көп таралған металл саналатын алюминий – өнеркәсіпке қажетті негізгі шикізат. Бұл металл бокситтен алынады. Ал Қазақстан боксит қоры бойынша әлемде 12-орынға ие. Оның біздегі қоры шамамен 365 млн тоннаға тең. Сөйте тұра, Қазақстан жоғары деңгейде қайта өңделген алюминийге мұқтаж.

Біздің ел өңделген алюминий өнімдерін шетелден импорттайды. Сауда және интеграция министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, 2020 жылғы қаңтар-қазан аралығында алюминий қаптамаларының импорты 32,4 млн АҚШ долларын құраған. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,1 пайызға аз. Сол секілді алюминий сымының импорты 20,2 млн АҚШ долларына тең болған. Аталған көрсеткіш бір жыл бұрынғы деңгейден 11,5 пайызға жоғары. Шетелден әкелінетін металл конструкциялардың импорты да 14,2 пайызға ұлғайып, өткен жылдың қаңтар-қазанында 18 млн АҚШ долларын құрады.

Сарапшылардың айтуынша, импортқа тәуелділіктің бірден-бір себебі – ел ішінде өндіріс орындары жетіспейді. Қазақстанда бастапқы алюминий өндіретін жалғыз кәсіп­орын бар. Бұл – Павлодардағы Қазақ­стан электролиз зауыты.

«Қазақстан электролиз зауыты» АҚ деректеріне сүйенсек, 2019 жылы кәсіпорында 263 мың тоннадан астам бастапқы алюминий өндірілген. Өнімнің 90 пайызға жуығы экспорт­қа кетеді екен. Негізгі сатып алу­шылар – Түркия, Грекия, Өзбек­стан және Грузия. Жалпы, зауыт іске қосылған сәттен бастап 2,5 млн тоннадан астам бастапқы алюминий өндірген.

«Қазақстанда жоғары дең­гей­дегі қайта өңдеу өнімдері өнді­рісін ұйымдастыру ұзақ уақытты алады және көп шығынды талап етеді. Яғни, экспортқа шығару үшін көлік шығындары, білік­ті мамандар мен технология­лар­дың жетіспеушілігі секіл­ді мәселе­лер қол­байлау. Алай­да ол өзін то­­лы­ғымен өтейді. Қазақ­стан аумағында машина жа­сау, электронды өнер­кәсіп сала­ларының әлем­дік деңгейдегі алып­тары үшін жиын­тықтауыш­тар мен бөлшектер өндірісін ұйым­дастыру үлкен әлеуетке ие. Со­ны­мен бірге өндіріс барысын­да алюминий компоненттері көп қол­данылатын IT өнімдері, элект­ромобильдер және жасыл техно­ло­гияларға да басымдық беріл­уі керек», деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.

Сондықтан Қазақстанда алю­минийдің жоғары деңгейде өңделген өндірісін қамтамасыз ету қажет. Себебі Қазақстан қазір­­дің өзінде негізгі үлесі шетел­­­ден жеткізілген алюминийден жасалған бөлшектер құрай­тын өнімдер экспортын жан­дандыруда. Мәселен, 2020 жылдың он айында еліміз­де құрастырылған жеңіл автомо­бильдердің экспорты 98 млн АҚШ долларын құраған немесе 5 422 көлік шетелдік­терге сатылған. Бұл 2019 жыл­дың сәйкес кезеңімен салыстыр­ғанда 2,7 есе көп. Сондай-ақ жыл­жы­малы құрам бөліктерінің экспорты өткен жылдың қаңтар-қа­занында 88,9 млн АҚШ дол­ларына тең болды. Бір жыл бұрынғы жағдаймен салыс­тыр­ғанда өсім 82,3 пайызды құраған.