Жаңа жылда медициналық сақтандыру жарнасының көлемі өзгерді ме? Жарнаны қалай төлеуге болады? Осы мәселе төңірегінде көпті мазалаған бірқатар сауалға Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалының өкілдері жауап берді.
Қор дерегіне сүйенсек, бүгінгі таңда Алматы қаласы тұрғындарының 82%-ы сақтандырылған. Яғни олар медициналық сақтандыру пакетіндегі қызметтерді еш кедергісіз пайдалана алады. Ал шұғыл медициналық көмек тұтас ел тұрғындарына статусына қарамастан көрсетілуі тиіс.
Жарнаның қомақты бөлігін жеңілдігі бар 15 санат үшін мемлекет төлейді. Бұл тізімде балалар, зейнеткерлер, Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері мен қатысушылары, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, декрет демалысындағылар, мүгедектер мен балалық шақтан мүгедек азаматтардың күтушілері, студенттер бар.
Ел көлемінде сақтандыру жарнасын төлеу міндетінен босатылғандардың жалпы саны 11 млн-ға жетіп жығылады. Одан кейінгі санат қарамағындағы қызметкерлерін сақтандыруға міндеттелген – жұмыс берушілер. Жарнаны 2017 жылдың шілдесінен бері төлеп келе жатқан бұл санат биылдан бастап жалақының 2%-ы көлемінде жарна аударады. Жарна жұмысшының жалақысынан емес, еңбекақы қорынан аударылуы тиіс. Ал жұмыскердің жалақысынан биылдан бастап 2% жарна ұсталады.
– Жеке кәсіпкерлер өзі үшін жарна төлеуді бұрынғыша жалғастыра береді. Олар төлейтін төлемде өзгеріс жоқ. Бұл бұрынғыша ең төменгі жалақының 5%-ы. Биыл ең төменгі есептік көрсеткіш өзгерген жоқ, ай сайынғы төлем – 2 975 теңге, дейді қордағылар.
Бұл ретте өз қызметін тіркемей, басқа жеке және заңды тұлғаларға әр түрлі қызмет көрсететін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнаны қалай төлейді деген заңды сауал туындайды. Бұған қатысты қор мамандарының мәлімдемесі төмендегідей.
«Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жататын аталған жеке тұлғалар сақтандыру жүйесіне екі түрлі жолмен қосыла алады: ЕТЖ 5%, яғни, 2 125 теңге төлеп, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына қосылуға болады. Немесе бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеуші ретінде тіркелуіне мүмкіндік бар. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап АЕК 2 917 теңге болып белгіленді. Жиынтық төлемді қала тұрғындары 1 АЕК көлемінде, ауыл тұрғындары 0,5 АЕК көлемінде (1458 теңге) төлейді. Бұл төлемнің өзіндік артықшылықтары бар. Жарнаның 40 пайызы – Медициналық сақтандыру қорына, 30 пайызы – Бірыңғай жиынтық зейнетақы қорына, 20 пайызы – Әлеуметтік сақтандыру қорына аударылса, 10%-ы табыс салығы ретінде ұсталады. БЖТ арқылы азамат барлық салықты төлейді әрі болашақта базалық зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді ала алады», деп атап өтті Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалының өкілдері.
Азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде жұмыс істейтін жеке тұлғалар төлейтін жарна көлемі биыл табыстың 2%-ын құрап отыр. Бірақ төленетін соманың шегі 8500 теңгеден (яғни 10 ЕТЖ 2%) аспауы қажет. Еске салайық, 2021 жылы сақтандырылмаған азаматтар алдыңғы 12 айдың қарызын өтеуі тиіс. Толық мәліметті Қордың 1406 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады.
АЛМАТЫ