Өткен жылдың қыркүйек айында Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тұрғыны полицияға арызданып, екі әйелдің «Қызылорда қаласынан 1 бөлмелі пәтер алып беремін» деген желеумен жалпы 2 270 000 теңге көлемінде ақшасын алдап алғанын көрсеткен, деп хабарлайды Egemen.kz
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді.
Тергеу барысында күдікті қатарында танылған Қызылорда қаласының тұрғындары 54 және 44 жастағы екі әйел алдын ала сөз байласу арқылы жасаған қылмыстық әрекеттерін толығымен мойындаған.
Бұдан бөлек, тергеу барысында олардың басқа да алаяқтық қылмыс жасағаны анықталып, аталған істер бір өндіріске біріктірілген.
Тергеу барысында күдіктілердің заңсыз іс-әрекеттері толығымен өз дәлелін тауып, аталған іс айыптау актісімен сотқа жолданды. Сот процесінде олар өз кінәсін толығымен мойындады.
Қызылорда қалалық сотының осы жылғы 6 қаңтардағы үкімімен алаяқтардың біріне 4, ал екіншісіне 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалды.