Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен жүздескен медицина ғылымдарының докторы, профессор Күләш Құрманова әлемдегі күрделене түскен эпидемиялық ахуал, сондай-ақ Алматыда індеттің өршіп бара жатқанына қатысты тұрғындарға вирустың таралуын болдырмау, жеке бас амандығы мен жақындарының өмірін қорғау үшін сақтық шараларын қатаң ұстанудың маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz
– Күләш Байсейхқызы, әлемдегі соңғы эпидемиологиялық жағдайды қалай бағалайсыз?
– Жасыратыны жоқ, әлемдегі эпидемиялық жағдай аса күрделі, соңғы статистикалар жаға ұстатады. Қазіргі таңда КВИ-ден 2 млн-нан астам адам қаза болды. Ұлыбританияда жаңа штаммы пайда болды деп дүрлігіп жатырмыз. Ол бастапқы таралған вирусқа қарағанда әлдеқайда бәсеңдеу болғанымен, таралу қарқыны жоғары. Бұл COVID-19-ға қарағанда тез жұғады. Басты қиындық осыда болып тұр.
– Ал Алматыдағы жағдай қандай? Сіздің ойыңызша, ауа райының құбылуы эпидемиялық жағдайға әсер етті ме?
– Алматы қаласындағы жағдай да мәз емес. Шаһар коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша «жасыл» аймақтан «сарыға» өтті. Бір ғана 21 қаңтар күні , яғни бір тәулік ішінде індетті жаңадан жұқтырған 115 адам тіркеліп отыр. Төменгі температура эпидемиялық жағдайға әсер етті ме деген сауалға тоқталар болсақ, әрине, суық жоғарғы тыныс жолдарының жергілікті қорғаныс факторлары төмендегеннен кейін (шырышты қабаттарда секторлы иммуноглобулин IgA мөлшері азаяды, бұл қоздырғыштың эпителий жасушаларына жабысу мүмкіндігін тежейді және вирусты, лизоцимді жояды), респираторлық инфекциясы бар адамдардың жиі ауруға шалдығуына әкеледі. Айталық, науқас жөтелгенде немесе түшкіргенде бөлінетін ұсақ бөлшектердің салдарынан вирус адамнан адамға ауа тамшылары арқылы оңай беріледі. Эпидемияға қарсы шараларды жүргізу арқылы COVID-19 инфекциясының қаупін барынша азайтуға болады. COVID-19 алдын алу үшін жеке гигиена ережелерін сақтау қажет: бір реттік бетпердені қолдану, дезинфекциялау шаралары, кем дегенде 1,5-2 метр әлеуметтік арақашықтықты сақтау. Иммундық профилактика қажет – бұл коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация.
– Тұмауға қарсы вакцинация қаншалықты маңызды? Алматы билігі қалада ЖРВИ мен тұмауға қарсы 430 мың доза вакцина сатып алынғанын, олар тиісті санаттарға тегін жеткізілгенін айтты. Сіздің ойыңызша, бұл эпидемиялық жағдайдың салыстырмалы тұрақтылығына әсер етуі мүмкін бе?
– Тұмауға және ЖРВИ-ға қарсы вакциналардың 430 мың дозасы (олар тиісті санаттағы азаматтарға тегін салынды (жеткізілді) ЖРВИ мен сырқаттанудың жалпы төмендеуіне оң әсер етті. Алайда вакцинацияланған денеде олар КВИ ақуыздарынан қорғайтын антиденелер түзбеген. Қарағандыда шығарылатын Sputnik V вакцинасы коронавирус инфекциясын азайтуға әсер ететіні байқалып отыр.
– Өзіңіз айтып өткендей, Ұлыбританияда коронавирустың жаңа түрі таралуда. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, өзгерген вирусты ғалымдар анықтаған және ол инфекцияның тез таралуымен бйланысты болуы мүмкін. Вирустың мұндай мутациясының Қазақстанға келу қаупі бар ма?
– Ұлыбританияда анықталған корнавирустың жаңа түрі халық арасында тез таралып жатқаны әлем жұртын дабыл қақтырып отыр. Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы әуе қатынасы жағдайында COVID-19 жаңа штаммының таралуы ықтималдылығы бар. Мұндай мүмкіндікті болдырмау үшін біздің елге жолаушылар келген кезде әуежайда эпидемияға қарсы іс-шараларды мұқият жүргізу қажет (ПТР тесті үшін мұрыннан жұғынды алу, дене температурасын өлшеу, карантинді сақтау). Құрамында РНҚ бар коронавирус өте өзгермелі сипатта болады. Әр түрлі факторлардың әсерінен мутацияға ұшырауы мүмкін.
– Әлемде және біздің елімізде қазірдің өзінде COVID-19-ға қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Жаппай вакцинация 1 ақпанда басталады. Сіз бұған қандай түсініктеме берер едіңіз?
– Ресей мен әлемнің бірнеше елдерінің тұрғындары коронавирусқа қарсы вакцинациядан өтіп жатыр. COVID-19-ға қарсы вакцина қанағаттанарлық түрде төзімді, егер вакцинация ережелері сақталса, жанама әсерлер өте сирек кездеседі. Біздің елдің тұрғындарына да вакцинация қажет деп есептеймін.
Әңгімелескен
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»