Фотография өнері ерте дамығанда, қаншама тарихи тұлғаларымыздың бет-бейнесі көз алдымызда сақталар еді?! Тарихи дейміз, үйіңізден арғы атаңыздың фотосын таппайсыз ғой. Ал әлеуеті көш ілгері елдерде бұл мамандық ерте қолға алынғандықтан тарихы да дәлелді.
Басқаны қайдам, әлеуметтік желіде Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрескен Оспан батырдың ешқайда жарияланбаған фотосы көзге оттай басылды. Дереу жазба авторы, жазушы – Жәди Шәкенұлына хабарласқанмын. Жазушының айтуынша, мұндай құнды суреттерді қытайдың мұрағатынан алған екен.
– Бұл фотоны 1951 жылы 19 ақпанда Қытайдың Гансу өлкесі, Хайзы деген жерінде Оспан батыр қолға түскенде, қытайдың фотографы түсірген, – деді Жәди Шәкенұлы.
Демек, бұл батырдың дүниеден өтерінен екі ай бұрынғы фотосы. Оспан 1951 жылдың 29 сәуірінде, 52 жасында атылған. Фотода ірі денелі, мінезді кісі болғаны көрініп тұр.
«Оспанды ұстау». Қытай әскерінің естелігі
Осы суреттің тарихы туралы сыр суыртпақтағанымда, Жәди Шәкенұлы «Алаштың ақиық батыры» атты мақаласының бір бөлімін ұсынды. Соны ықшамдап, қалың оқырманға ұсынуды жөн көрдік: «Оспанды ұстауға ерекше еңбек көрсеткен қытай әскері Күң Чиңйұн «Оспанды ұстау» атты мақаласында былай дейді: «1951 жылы 19 ақпан күні таң сәріде атты әскерлер бригадасы Оспанның 30 неше киіз үйіне 3 бағыттан тұтқиылдан шабуыл жасады. Шырт ұйқыда жатқан 100-ден аса бандыны тұтқынға алды. Оспанның орынбасар қолбасшысы Жанарқанды тұра қашқанда, қуа атысып, оққа ұшырды. Штаб бастығы Қапасты жаралы күйде қолға түсірді. Банды атаманы Оспан ақбоз атына мініп, бандылардан бірнешеуін ертіп, қашып кетті. Ол кезде атты әскер бригадасының 3 взводында мәдениет мұғалімі едім. Атқа мықты болғандықтан, Оспанды қуғандардың қатарында мен де алда келе жаттым. Алдымда қашып бара жатқан Оспанды анықтап көрген тұста жігерленіп, қайратыма мініп, дәлдеп ата бердім. Бандылардың бірнешеуі аттан домалап түсті. Ал Оспан шауып бара жатып, оқ жаудырумен болды. Жиырма жастағы тепсе темір үзетін шағым еді. Атымды тебіне қамшылап ұштырттым. Атым Оспанның ақбоз атына жанасалай жақындағанда, Оспанға қарай ұмтыла секіріп, құшақтай бас салып, құлаттым. Жерге түскен соң, арпақ-құрпақ алысып сілкілестік. Оспан менен бойшаңдығына, денелігіне сүйеніп, мылтығының найзасымен басымды қасқалай жарды. Жараның жаныма батқанына қарамай, мен де бар пәрменіммен жұдырықтап, тепкілей бердім. Кенет Оспан жанындағы кездігін суырып алып, мені оқты көзімен атып, жарып жібермек болып, тұра ұмтылды. Дәл осы кезде біздің бригаданың аспазы Лю Хуалин шауып жетіп, жалма-жан мылтығының дүмімен Оспанды бастан ұрып үлгерді. Қылмысы басынан асқан құйыршық атаманы пышағы қолынан ұшып, есеңгіреп ұзынынан түсті. Барлығымыз жабылып байлап алдық». («Шынжаңда белең берген шынайы істер», 3-том. Үрімжі, 2009 ж., 190-бет).
Батырдың ұлы – Нәбидің естелігі
Оспан төңкерісінде әкесімен тізе қоса шайқасқан батыр ұлдары – Шердиман, Ниғыметолла және Нәби еді. Шердиман 1970 жылы Құлжада түрмеге қамалып, ұрып-соғумен, аштан өлді. Ниғыметолла 1972 жылы науқастан қайтыс болды. Нәби талай тарғалаң тарихты кешіп, 2000 жылы өзінің туған ауылы Өр Алтайдың Көктоғайында құдай ажалынан көз жұмды. Сол Нәби өзінің кейінге қалдырып кеткен естеліктерінде әкесінің қолды болуын былайша әңгімелейді: «1951 жылы 19 ақпанда таң енді ағарып келе жатқанда жау басып, азан-қазан болды да кетті. Әкемнің ақ ордасы мен менің шатырым іргелес болатын. Жүгіріп шығып, бірден әкемнің үйінің белдеуіне қарадым. Күндіз-түні белдеуде қаңтарулы тұратын ақбоз аты жоқ. Кетіп қалған екен деп түйдім іштей. Үйдің алдында су ағар жырашық бар болатын, домалап сол жырашыққа түсіп бас көтерместен бүкшеңдеп құлдап жүгірдім. Алла сәтін салғанда алдымнан екі ағам – Шердиман мен Ниғыметолланы кезіктіріп, үшеуіміз табыстық. Олар менен бірден әкемнің жағдайын сұрады, мен «сыртқа шыққанда белдеуде ат жоқ, құтылған болар» деген жорамал айттым. Олар «ұзап кетпей тұрып нақты көз жеткізіп алайық» деді. Алайда ол кезде Қытай әскерлері ауылды түгелдей қоршап алған болатын. Ағаларым маған «біз амалын тауып қойды ауылға қарай беттетейік, сен қой ішімен еңбектеп, тіл алып қайт» деген соң, сол айламен қайта ауылға кіріп әкемнің кетіп қалғанын біліп шықтым. Сосын ағаларым «таң ағармай тұрып, тау жаққа жетіп, бой тасалайық, қоршау бұзғандардың бәрі сол жаққа бет алған болар, аман болсақ табысып, ақыл қосармыз» деді. Су ағарды құлдай сәл жүгіріп, енді алаңқайға шыққанымыз сол еді, арттан бізді байқап, қуған шеріктердің дауысы естіліп, аспанға оқ атты. Ағам Шердиман: «Сәл қашып барып бір-бірімізге арқа беріп тұра қалайық, олар бізді тірі қолға түсірмек, сол үшін көздеп оқ атпайды. Айнала қоршайды, сол кезде үшеуіміз бірге айналдыра шайқайық, жалғыз амал сол», деді. Расында олар келіп басымыздан асыра оқ атып шыр көбелек айналып қоршап, былдырлап айғайлап жатыр. Шердиманның дауысы шыға үшеуіміз қатар шайқап едік, 10 ат ойнап шыға келді. Үшеуіміз үш атты мініп, қалғанын айдап, өлген шеріктердің қару-жарағын алып, тез бой тасалап үлгердік.
Ал әкем жау келіп басқанда қоршауды бұзып шығып кетіпті. «Оспан қашса, ақбоз атпен қашады, сол ақ атының артынан қалмай, қуалау керек» деген қатаң тапсырма алған шеріктердің тобы әу дегенде-ақ батырдың соңынан өкшелей қуады. Оспан батыр қаша соғысып, Хайзы көліне келіп түседі. Ат тағасы тозғандықтан, көл ортасына барғанда шатқалақтап барып, жығылып тұрмай қалады. Қытай әскерлері жақындай береді. Мойнындағы ағылшын автоматын алып, бір айналдырып шайқаған соң автомат қақалып, оқ шығармай қалады. Жан құралының оғы таусылады. Осы сәтте қаптаған сарыла шеріктер келіп басады. Батыр қонышындағы қанжарды суырып, бір қаншасын сұлатқан. Алайда шиебөріше қаптаған қалың шерік қойсын ба?! Қолға түскен батырды күн шыға түйеге матап байлап, қол-аяғын кісендеп, ауыл жанынан алып өтеді. Оны көрген қызы Пәнсия дауыс салып, түйе үстінде байлаулы отырған әкесінің аяғын құшып жылайды. Сол сәтте Ошың (Оспан) өзінің батыр қызына: «Өшір үніңді, дұшпанның алдында көз жасыңды көрсетпе! Мені қытай мықтылығынан ұстаған жоқ, Құдайдың бұйрығымен ұстады. Алла бұйырды, мені байлап алды. Мен өкінбеймін, қайт кейін!» деп паң күйінде аяқ-қолы кісендеулі түйе үстінде қайқайып кете барады».
Жылап-шулаған ауыл адамдарына да қарап: «Көз жастарыңды көл қылғанша, естеріңді жинап, ертеңдеріңді ойлаңдар!» деп қатал әмір етеді».
Оспанды ұстауға ерекше еңбек көрсеткен қытай әскері Күң Чиңйұн «Оспан бандыны тірідей ұстау» атты мақаласына Оспанның ұсталғаннан кейінгі, қос алдында түсірілген суреті мен оны ұстауға ерекше еңбек көрсеткен Күң Чиңйұн бастаған 7 адамның марапатталған сәттегі топтық суретін ұсыныпты. Суреттің астына «1951 жылы 2 айдың 19 күні бандылардың атаманы Оспан Наншандағы (Оңтүстік тау – Ж.Ш) Хайзы өңірінде азаттық армияның үш қосыны жағынан тірідей қолға түсті» деген анықтама берген.