Мен үшін ең бастысы – әрбір қазақстандық отбасының жеткілікті жағдайда өмір сүруі, қарапайым адамдардың өздерінің ертеңгі күндеріне сенімді болуы!
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Дүрмегі мен дүрбелеңі азаймай тұрған мына дүбірлі дәуірдің күн сайынғы адамзат баласы үшін сынағы қатайып бара жатқандығын аңдай білгенге мына бізге тәуелсіздік те, сол тәуелсіздіктің жеңістері мен жемістері де, жиырма екі жылғы уақыттың әргі-бергі кезеңдерінің үдерісіндегі әлем сүйініп те, сүйсініп те отырған табыстарымыздың бәрі, бәрі де бізге оңайға түспегендігі және әлі де оңай болмайтындығы бар.
Мен үшін ең бастысы – әрбір қазақстандық отбасының жеткілікті жағдайда өмір сүруі, қарапайым адамдардың өздерінің ертеңгі күндеріне сенімді болуы!
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Дүрмегі мен дүрбелеңі азаймай тұрған мына дүбірлі дәуірдің күн сайынғы адамзат баласы үшін сынағы қатайып бара жатқандығын аңдай білгенге мына бізге тәуелсіздік те, сол тәуелсіздіктің жеңістері мен жемістері де, жиырма екі жылғы уақыттың әргі-бергі кезеңдерінің үдерісіндегі әлем сүйініп те, сүйсініп те отырған табыстарымыздың бәрі, бәрі де бізге оңайға түспегендігі және әлі де оңай болмайтындығы бар.
Түсіне білсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалың еліне бұл жайды жаны шырылдап айтып та жүр және соңғы уақытта айтудан бір танбай да келеді. Бұған мына ел, біз куәміз! Және де Елбасы Қазақстанның бүгінгі жаhандық дамыған әлемде бәсекеге қабілеттілік мәселесін айқындайтын басты мәселенің бірі индустрияландыру екендігін атап көрсете отырып, осы өзекті мәселенің ел мен тәуелсіздіктің және әрбір қазақстандықтың тағдыры екендігін әрқайсымыздың ой санамыздың түйсігіне қайыра бір түсіргендей болды.
Ендігі арада әлемдік экономиканың құбылмалы болып тұрған жағдайына қарамастан, бүгінгі Қазақстанның жағдайында жоғары технологиялар қолдана отырып, инновацияны сенімді түрде енгізіп, заманауи кәсіпорындарды ашу арқылы сыртқы нарықтағы ел экономикасының оңтайлы өсімін қамтамасыз ету біздің басты бағытымыз болуы қажеттілігін өз елінің жайын да, жағдайын да ойлай білетін Елбасының айтуы да, соны талап етуі де орынды деп санаймыз. Өйткені, әлемнің дамыған деген елдерінің өздеріндегі қазіргі дағдарыс бізден жаңаша ойлап, батыл қадамдар жасауды қажетсінеді.
Елімізді индустрияландыру бағдарламасы тағы да сол Елбасының тапсырмасымен 2009 жылы қабылданып, сол кезеңнен бері ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазақстан индустриясы қарқынды даму жолына түсті. Мәселен, қазіргі есеп бойынша екі жарым жыл ішінде жалпы құны 12 миллиард теңгенің 443 жобасы іске қосылса, бұл елімізде үдемелі индустрияландырудың іргетасын қалауға негіз салды. Елдегі үдемелі индустрияландыру бизнестің дамуына да жаңа серпін беріп, соның нәтижесіде «Doing business» халықаралық рейтингінде Қазақстан 58-ші орыннан 47-ші орынға көтерілді. Қазақстанның бұл орайдағы жағдайының жақсарғаны осы ұтымды жобалардың игілігі екендігін де айту керек.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел болашағын кеңінен пішіп, әріден ойлауының арқасында сол соңғы екі жарым жылдың ішінде өндіріс көлемі еліміз бойынша 300 миллиард теңгеден 500 миллиард теңгеге дейін өссе, жоғары технологиялық экспорт 58 пайызға ұлғайды. Тағы да сол екі жарым жыл ішінде машина жасау – 16,4, фармацевтика 9,6 пайызға ұлғайды, ал жеңіл өнеркәсіп 11,5 пайызға, өзге де металл емес минералдық өнім өндірісі 7,6 пайызға өскендігін айтар болсақ, бұл – кешегі «біз мал баққан елміз» деген халықтың бүгінгі жасап отырғаны, ал, алда әлі де ұйқы-күлкі көрмей атқаратын қыруар шаруа бар.
Елбасының өз елінің жайы мен жағдайын терең ойластыра білуінің нәтижесінде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына қосымша жаңа «Ауылдық елді мекендерді дамыту» бағыттары енгізілгені де белгілі. Мұнда шалғайдағы коммуналдық, көлік және әлеуметтік құрылымдарды, сонымен бірге, емдеу амбулаториялық және фельдшерлік-акушерлік пункттерді дамыту көзделіп отыр. Елбасының индустрияландыру, өңірлердің теңгерімді дамуы, әлеуметтік жаңғырту мәселелері бойынша Үкіметтің алдына қойып отырған қазіргі басты міндеттері ел тағдырын анықтайтын да, болашағымызды нықтайтын да жайлар екендігі басқа ой тудырмауы керек.
«Индустрияландыру картасының мәртебесін көтеру қажет. Осы ретте министрлер мен әкімдер тарапынан индустрияландыру түсінігін оңайлатуға, қарапайымдандыруға жол берілмеуі тиіс. Олардың бірқатары басты нәрсе есеп беру деп біледі. Әдемілеп есеп беріп, лентаны қиса болғаны. Сонан кейін ол істің арты не болғанына мән бере бермейді», деп Елбасының бұл айтқандығы тағы да сол елдің жайы мен жағдайын ойлағандығы деп қабылданатыны анық. Жасыратын несі бар, әне бір жылдары өңірлер мен олардың әкімдері бір-бірімен жарысқандай болып, түрлі кәсіпорындарды алаулатып-жалындатып, ұрандатып ашумен болды да, солардың біразы мандытып жұмыс істемей жатып, жабылып, күйреп қалды. Мұндай мысал менің өз туған өңірім – Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданындағы «Биохим» өндірісінің көпке ұзамаған, қазір банкрот деп жарияланған қысқа ғұмырынан да елес берсе етті.
Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаев «индустрияландыру картасына жоғары технологиялы өнім шығаратын және нақты негізі бар басым мәндегі жобалардың ғана енгізілуі қажеттілігін» ескертіп, Мемлекеттік органдар, ең алдымен, әкімдіктер жобалардың жүзеге асырылуын бастапқы кезде ғана қадағалап қоймай, олардың толық қуатына жетуіне дейін жұмыстар жүргізілуі қажеттігін және де Үкімет проблемалы жобаларды үнемі қадағалап отыруға міндетті екендіктерін атап көрсетуі біздің әрқайсымызға салмағы ауыр міндет жүктеліп отырғандығын сезіндірсе керек. Өйткені, бұл – ел тағдыры!
«Әлемде қазіргідей күрделі дағдарыстар жүріп жатқан кезде халықаралық капиталдың өзіне қолайлы тыныш өңірлерді іздестіретіндігі белгілі», дей келіп, Елбасы еліміздегі қазіргі қолайлы жағдайды пайдалана отырып, сол капиталды, тек қаржы ғана емес, сонымен қатар, алдыңғы қатарлы инновациялық технологиялары бар әлемдік деңгейдегі компанияларды да Қазақстан экономикасына мейлінше тарта білу қажеттігін ескертті. Ал Елбасының осы сөзінің ар жағында жатқан Қазақстанды мекендеп отырған барлық ұлттар мен ұлыстар арасындағы бүгінгі ынтымақ пен бірлікті сақтау және де қоғамда түрлі сілкіністерге жол бермеу жөніндегі әуелгі ойы мен ұстанымын ұғынсақ етті. Өйткені, ел бірлігі – ел тағдыры!
Ел тағдыры үшін қашанғы алаң көңілімен Елбасы білім беру, кадрларды, мемлекеттік қызметкерлерді, инженер мен технологтарды даярлау мен қайта даярлау жүйесін қайта қарастыру қажеттігін, ал бұл жүйе үшінші өнеркәсіптік революция қажеттігіне бағытталуы тиіс екендігін бөле-жара атап көрсетіп-ақ келеді. Өйткені, бұл да ел тағдыры!
Нұрсұлтан Назарбаевтың барша қазақстандықтарды ел игілігі жолындағы еңбекке шақырған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» ой тұжырымы бүгінгі күні мазасыз күй кешіп отырған әлемнің және де дағдарыстың жаһандық деңгейде әлі де еңсерілмеген қазіргі жағдайында біздің еліміз бен халқымыз үшін тағдырлық маңызы бар. Өмір және де күн сайынғы тіршілік адам баласының алдына сәт сайын жаңа мәселелерді көлденең тартып тұрады. Бұл жай әлеуметтік сала ісінің әркез күрделене түсуіне әкеліп соқтыратынын да байқатады. Сондықтан да Елбасы кесімді әлеуметтік саясат жүргізілуін талап етумен бірге, өзі де әлеуметтік мәселелерді әркез өз бақылауында ұстап отыруы тегіннен-тегін емес. Өйткені, бұл қажеттілік еліміздің барлық азаматтарының өмірі мен күн сайынғы олардың көңіл күйлеріне де әсер етіп отыратындығын естен шығаруға болмайды.
Тәуелсіздік жылдарында Елбасы әлеуметтік мемлекеттің берік іргетасын қалата білді. Соның нәтижесінде, соңғы деректер бойынша, Қазақстанның Еуропа елдерінің әлеуметтік даму сапасының орташа деңгейіне нақты жақындай түсуі және де қазақстандықтардың өмір үлгі-қалыптарының тұрақты жоғарылауы да қуантады. Алайда, қалыптасып келе жатқан біздің жақсы өміріміз әрдайым жақсы болып қала бере ме, сол жақсылықтардың тұрақтылығына кім кепілдік бере алады? Қоғам мен әлеуметтік саланың игіліктерін біздің қаншалықты тиімді пайдаланып келе жатқандығымыздың маңызды мәселе болып табылатындығына Елбасы баршамыздың назарымызды аударады. Неге деп бір сәт ойланар тұс та, міне, осы ара! Өйткені, Елбасының: «Қазақстанға экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз ету арасында тиімді тепе-теңдік табуының өмірлік маңызы бар. Мен әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың шешуші міндеттерін нақ осыдан көремін», деуі бізді бүгінгі күннің жағдайына неғұрлым байыпты қарауға жетелейді. Елбасы әлеуметтік мәселелерді «кейінге» қалдыруға болмайды дей отырып, өз кезегінде, жаһандық тұрақсыздық жағдайында сол жаһандық дауылдарға қарсы тұра алу үшін қазіргі Қазақстан қоғамы қандай болуы керек деген сұрақтарға жауап іздейді де, сол жауаптардың түйінін жиырма тапсырма аясында шешіп те беріп отыр:
«Мен қазақстандықтар жақсы білетіндей, өзімнің кәсіби жолымды «ақ саусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург ретінде бастадым. Ал бұл, атап айтсам, нағыз кәсіп болып табылады! Қанша жыл өтсе де, бұл еңбек мектебін ұмыту мүмкін емес», деген Елбасының шынайы көңіл сөзі де үлкен ой салса керек-ті. Жасыратыны жоқ, біздің елдегі түрлі министрліктегі мамандарға кәсіби тәжірибенің жетіспей жататындығы байқалып тұратыны бар. Олар кей жағдайда жергілікті жерлердегі істің жайын да, жағдайын да толық біле бермейді. Міне, осы арада елді мекендерге дипломды мұғалімдер мен дәрігерлерді жіберумен бірге, ендігі арада жергілікті жерлердегі индустрияландыру бағдарламаларын сапалы орындап шығу үшін тіпті «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерден білім алып келіп жатқандарды да ел-елге жіберіп отырғанның ешбір артықшылығы болмас еді. Көпшілігі қалада туып, дамыған елдің білімін алып, жақсы тұрмысын көріп келген жас буынға ендігі жерде қазақ топырағына да бауыр басып, оқығанын да, тоқығанын да өз елі мен халқының кәдесіне жаратуға мүмкіндік жасалғаны абзал. Бұл, әрине, білімді әр жастың өз санасына да байланып тұрған жайт.
Бүгінгі жаһандық бәсекелестік жағдайында еңбектің шешуші ұлттық мәселе есебінде алдыңғы кезекке шығары бар. Сонымен бірге, еңбек адамының беделін көтеру қажеттігін де Елбасы тегін айтып келе жатқан жоқ. Жасыратын несі бар, 90-шы жылдардағы «жабайы капитализмнің» өтпелі кезеңінде еңбек адамдарын еңбектен жеріндіріп алған жағдайларға да жол берілгені рас. Сол тұста пайда болған пысықайлар өз жұмыстарын істетіп алып, кейіннен еңбекақыларын төлеуге кезек келген кезінде түрлі жайларды сылтауратып, тіпті, оларды қорқытып-үркітіп, көк тиын да төлемей, обал-сауаптан да қорықпастан, қуып тастап отырды. Сол пысықайлар мұнысын мақтана айтудан да ұялмады, ал бұл адам хақысын жеу болатын. Міне, осындай жағдайлар Елбасы айтып отырған «аз жұмыс істеп, көп табу», «ауадан ақша жасау» және тағы басқа да әлеуметтік тоғышарлықты туындатты. Еңбек етуден көңілі қалған және де содан туындаған масылдықты жою әлеуметтік жаңғыртудың біртұтас моделін жасаумен шешілетіндігін де Елбасы зерделеп берген еді. Бұл да Елбасының өз елінің жайы мен жағдайын ақыл-парасатпен пайымдай білгендігі дер едік.
Үкіметтің биылғы 11 қазанда болып өткен кеңейтілген мәжілісінде Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз ету сияқты маңызды әлеуметтік мәселені қозғады. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асыру көп реніш тудырып отырғанына тоқталды. Төлем қабілетінің төмендігіне байланысты оған көптеген отбасылар қатыса алмай келеді. Қазақстан Президенті осы арада «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» басшылары мен олардың туыстарының бағдарлама аясында жеңілдік қарастырылған бағамен пәтер алуға жол бергендіктерін ашына айтып, бұл салада орын алған осы олқылықтарды жойып, кінәлілерді жазаға тартуды тапсырды. «Қайтарсын да, мұқтаждарға берсін», деді Президент. Міне, бұл да Елбасының өз халқының жағдайын қашан болсын ойлай білер үлкен жүректі перзенті екендігін айғақтап тұрғандығын айтқан ләзім.
Елдің жайы мен жағдайын қашан болсын тереңінен ойлап, пішіп келе жатқан Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы да қазақстандықтардың екі-үш буыны үшін ойластырылғанын және де біздің әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына кіруіміз де оңай болмайтынын және мұны әр қазақстандықтың түсінуі керектігін де аңдатып отыр. Біз Мәңгілік Ел болуды мұрат тұтқан елміз! Сондықтан сол елдің жайын да, жағдайын да Елбасыдай ойлағанымыз абзал!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Парламент Сенатының депутаты,
жазушы, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері.
АСТАНА.