• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кино 22 Қаңтар, 2021

Ұлт қасіретін арқау еткен туынды

902 рет
көрсетілді

Қазақ халқының тең жартысын қынадай қырған ашаршылық қасіреті әдебиетімізде арагідік айтылғанымен, ұлттық киноиндустрия бұл тақырыпта толымды дүние жасай алған жоқ. Десе де өткен жылдың соңында осынау қиямпұрыс кезеңді боямасыз бедерлеп, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап жарық көрген «Ұлы дала зары» фильмі көпшіліктің ықыласына бөленген болатын.

Мың рет айтылып, мың рет жазылса да ашаршылық тақырыбы ұлт жүрегіне мәңгі жара болып жармасқан қасірет. Оны ұмыту – өткенімізді ұмыту. Темір жол бо­йында тентіреп, бір тілім нан таппай өзегі өртеніп өлген аталарымыз бен әжелерімізді ұмыту, жан сауғалап жат босағаға телмірген, үдере көшіп, босып кеткен бауырларымызды ұмыту. Біз сөз етіп отырған кинокартинадағы сай-сүйегіңді сырқырататын эпизодтар ешқандай ертегі емес, қатыгез жүйенің табанына жан­шылған халқымыздың қасіретті тағдыры екенін ауыр да болса қабылдауға тура келеді. Тарихшы Талас Омарбеков тілге тиек еткен­дей: «Жер бетінде дәл қазақ се­кілді қасірет шеккен халық жоқ».

Бүгінгі ұрпақ – басқа ұр­пақ. Олар кеңестік жүйені қалай түсінеді, өткен күндер бедерін­де қасіретпен айғыздалған хал­қымыздың қилы тағдырын қа­лай сезінеді, қалай суреттеп береді?.. Рас, кеңестік жүйеде неге мұндай қасіреттер орын алды деген сұраққа бір-ақ ауыз сөзбен жауап беру тым қиын. Осы тұрғыдан алғанда, «Ұлы дала зары» туындысы уақыт үнін әділ таразылағанына шүбә жоқ. Тарихты танудағы басты мақсат өткенге салауат айта отырып, ұлттық рухымызды жану, қайраттану, ынтымаққа ұйысу, сол арқылы тәуелсіздігіміздің тұ­ғырын сақтап қалу дейтін болсақ, аталған фильм бүгінгі ұрпаққа сол жылдардың ызғарын, салмағын сезіндіре алған шығарма бола алды деуге толық негіз бар.

«MG production plus» кинокомпаниясы ұсынған туынды «Оскар» сыйлығының «Шет тіл­дегі үздік фильм» номинациясына ұсынылғаны мәлім. Фильмді еліміздің Кинематографистер одағы жанындағы Қазақстанның Оскар комитеті таңдады. Асанәлі Әшімов, Олег Борецкий, Фархат Әбдірайымов, Фархад Шәріпов, Арман Асенов, Сатыбалды Нарымбетов, Қанат Төребай сынды кино майталмандары қазы­лар құрамына кіретін комитеттің төрт мүшесі картинаны әйгілі байқауда ел намысын қорғауға лайық туынды деп бағалаған. Байқау нәтижесі ақпан айында анықталады.

Ашаршылық тақырыбын арқау еткен фильмнің онлайн көр­­сетілімі 2020 жылдың қазан айын­­да cinexus.kz онлайн кино­теат­рында басталды. Фильм сце­нари­йін Марина Кунарова жазып, жұмысқа өзі режиссерлік ет­­кен. Туындының продюсері Ер­нар Мәліков, бұған дейін берген сұх­баттарында кинокартинаны бес жыл бойы түсіргенін, бұл жол­да қаржылық қиындықтармен бет­пе-бет келгенін мәлімдеген еді.

– «Ұлы дала зары» бес жыл бойы түсірілді. Бізге түсірілімге және постпродакшенге ақша жет­­педі. Қолдауды ұзақ күттік, тіп­ті уәде бергендер болды. Мә­­д­ениет министрлігінен сан рет көмек сұрадым. Дегенмен еш­қан­­дай нәтиже болған жоқ. Ведомство­дағылар бұл жеке тұлға туралы фильм емес, ұлттың қасіретін арқа­лаған жоба екенін ұғынбай-ақ қой­ды. Қысқасы, соңына дейін бір тиын да алмадық. Қайт­кен күн­де де жобаға барымды салу­ға тура келді. Осы уақыт аралы­ғын­да барлық мүлкімді саттым, қарыз алдым, пәтерімді кепілге бердім. Қарапайым халыққа рахмет. Тиындап болса да қаржы аудар­ды. Бір әжеміз 100 мың теңге зей­нет­ақысын бізге көмек ретінде аудар­ғанда көзіме жас келді. Бо­йында ұлттық намысы ойна­ған жастар да 1000-2000 тең­геден есепшотымызға ақша ау­дарды. Алайда осындай фильм тү­сіруге деген тілегім мен құлшы­нысым маған жарты жолда тоқтап қалмауға көмектесті. Бұл – біздің қатыгез заманда өмір сүрген ата-бабаларымыздың алдындағы азаматтық парызымыз. Картинаның негізінде тарихи деректер жатыр, бәрі өмірдегідей көрсетілген. Осы фильм арқылы біз қазақ халқының өткені туралы айтқымыз келді. Өйткені көптеген жыл бойы тарихымыздағы қанды оқиғалар үнсіз қалды. Көп уақыт өтті, бірақ бұл туралы ешкім білмейді. Ата-бабаларымыз басынан не өткермеді? Біз кем дегенде «Оскардың» қысқа тізіміне кіре алсақ, онда бүкіл әлемге көп нәрсе көрсете аламыз, – деп ағынан жарылды Ернар Мәліков.

Осы ретте Мәдениет және спорт министрлігі аталған фильм­ді әлем елдерінің көрер­мен­деріне жарнамалауға, шетел­дік аудиторияға таныстыруда қар­жылық тұрғыдан нақты қандай қолдау көрсете алады деген сауалды тиісті орынға жолдадық.

«2019 жылдың 3 қаңтарында «Кинематография туралы» заң қабылданып, министрліктің кино өнері саласындағы саясаты тұжырымдамалық негізде өз­гер­ді. Аталған заң талаптары­на сәйкес, бірыңғай оператор ретінде құрылған Ұлттық кино­ны қолдау мемлекеттік ор­талығы арқылы ұлттық фильм­дердің өндірісі қар­жы­ландырылады. Бұл ретте бәсекеге қабілетті киноөнім шығару және мемлекеттік қар­жыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында, киножобаларды іріктеу бірнеше кезеңнен тұратын ашық конкурстар өткізу арқылы жүзеге асырылады. Сонымен бірге қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекет тарапынан киножобалар толық 100% және жеке кинокомпаниялармен бірлескен жобалар ішінара қаржыландыру мүмкіндігі бар. Алайда Ернар Мәліковтің «Ұлы дала зары» кинокартинасының өндірісі 100% мемлекеттік бюджеттен тыс қаражат есебінен түсіріл­генін ескере отырып, оның ілгері­летілуіне мақсатты қаражат қарас­­тырылмағанын айта кеткен жөн. Осы орайда аталған фильмді қар­жыландыру қолданыстағы заң­намаға қайшы келеді. Өкінішке қарай, республикалық бюджеттен «А» санатындағы халықаралық кинофестивальдарға қазақстандық фильмдерді қатыстыру және шетелде қазақстандық кино күндерін өткізу бағдарламалары аясында жыл сайын бөлінетін қара­жат, биылғы жылдың бюджетін қалыптастыру кезінде коронавирус індетіне байланысты қолдау таппады. Осылардың негізінде, «Ұлы дала зары» фильмін және басқа да жекеменшік қаражат есебінен шығарылған фильмдерді, министрлік тарапынан қолдау­дың мүмкіндігі шектеулі», деп мәлімдеді Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Тарих нақтылықты сүйеді десекте, кез келген ірі оқиға буын алмасқаннан кейін халықтың жүрегіне сөз құдіреті мен өнер арқылы мейлінше тез жол табады. «Көркем әдебиетіміз бен киноиндустриямыз біз айтқан қасіреттің картинасын ашып көрсете алды ма?» деген сауалды ашаршылық тақырыбын індете зерттеп жүрген тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбековке қойдық.

– Ашаршылық тақырыбын біздің режиссерлеріміз бірнеше тарихи деректі фильмдерге арқау етті. Олардың арасында Халила Омаров, Еркін Рақышев секілді бірқатар кино майталмандары­ның сәтті шыққан туындыларын атауға болады. Неге екені белгісіз, біздің экрандарда бұл кинолар қайталап көрсетілмей архивтерге кетті. Тіпті атап өтіп отырған 31 мамырда да көрсетілмейтін болды. Мұндай немкеттілікке жол берілмеуі керек. Жұртты тарту үшін көркемдік образдармен жымдастырылып түсірілген бұл туындылар үнемі көрерменнің көз алдында тұруға тиіс. Бұл да болса жоғарыда айтып өтке­німіздей, ашаршылықтың рухани салдарына, терең тамырына мемлекеттік деңгейде бойлай алмай отырғанымызды көрсете­ді. Біз шынын айтқанда, бұл қасіретке жүрегіміз ауырып, мән беріп отырған жоқпыз. Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы осы тақырыпты ең бір көрнекті көрсеткен шығарма. Бірақ көркем әдебиет пен кинолары­мызда ашаршылық тақырыбы қалай көрініс табуы қажет деген заңды сұрақ туындайды. Мәселен, ашаршылыққа ұшырауымыз­ға тікелей кінәлі Сталиннің тұлға­сы, Голощекиннің бейнесі ашылуы керек. Олардың сол кез­дегі қазақ басшыларымен ара-қатынасы, ОГПУ-ды басқар­ған Данилевский, Каруцкий, Валленберг, Олшанский секілді тарихи шынайы тұлғалардың, өзіміздің халықтық комитетте лауазымды мансапта болған ашаршылыққа кінәлі жандардың бет-бейнесі боямасыз көрініс табуға тиіс. Ең бастысы, мұның бәрі шынайы құжаттық негізде, архивтік негізде болғаны ләзім. Осы тұрғыдан келгенде мұндай толымды шығарма дүниеге келген жоқ. Бәлкім, болашақта жазылып, экранға жолдана жатар, – дейді Талас Омарбеков.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» мақала­сын­да: «Бүгінде әлемдік кино­индустрияда тарих тақы­ры­­бынд­ағы сценарийлерге сұра­ныс жоғары. Американың да, Еуро­­паның да айтулы оқиғалары тура­лы фильмдер өте көп. Қазір Netfliх, HBO және басқа да алпауыт кинокомпаниялар Азияға бет бұруда. Осы орайда біздің де шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршы­лық. Көркем және деректі тарихи туын­дыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әр­дайым көрініс табуы қажет. Мил­лиондаған адамды қазаға ұшы­ратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғаш­қы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жи­налған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек», дей келе отандық телеарналарға маңызды тарихи тақырыптарға арналған дүниелер әзірлеуді тапсырған болатын.

Көптеген шетелдік ғалым­ халықаралық қауымдастық тарапынан әлі күнге дейін толық геноцид ретінде мойындалмай келе жатқан қазақ халқының ашаршылық тақырыбын зерттеумен айналысқаны белгілі. Мұның бір себебі, олар әлемдік қауым­дастық елең ете қалатын өткір тақырыптарды тауып, сол арқылы халықаралық ғылыми мекемелерден қомақты гранттар ұтып алуды көздеді. Отандық ғалымдар бұл пікірді талмай айтып келеді. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың қасіретіне жүрегі ауырып, қазақтың тарихын жүйелеп берейік, көмектесейік деп жүр­гендер жоқтың қасы. Біздің тарихымызға жүрегі ауырып, шынайы зерттей алатын тек өзіміздің тарихшылар, оны әлемге таныта алатын да өз әдебиетшілеріміз бен киногерлеріміз. Қорыта айтқанда, ұлт намысы сынға түсер сәтте жұдырықтай жұмылып, киноиндустриямыз да бұл тақырыпты мықтап қолға алуға тиіс. Себебі өз тарихымыз өзімізге ғана керек. Ал әлемдік додада бақ сынайтын туындыға сәттілік серік болғай!

 

АЛМАТЫ