• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Қаңтар, 2021

Жүрегі жұмсақ жетісулықтар

255 рет
көрсетілді

Жетісуда «Жақыныңа жанашыр бол» бастамасы аясында бірқатар жағымды іс атқарылды. Әсіресе, өткен жыл соңында мұқтаждарға жәрдемдесу мақсатында әр аудан мен қаланың өз мүм­кіндіктеріне қарай кө­мір мен отын сатып әперу, азық-түлік жағынан кө­мектесу, балаларға жаңа жылдық сыйлықтар, көп балалы және аз қамтылған отбасы балаларына қыстық киімдер, оқу құралдарын сыйлау, бір реттік қар­жы­лай қолдау сияқты бір­қатар қолдау шаралары жүзеге асқан.

Мысалы, Қапшағай қала­сында 1 600 отбасыға қажетті жәр­дем берілді. Мұндай көмек­ті негізінен меценаттар мен кә­сіпкерлер бизнестің әлеу­мет­тік жауапкершілігі аясында көр­сеткен. Оның ішінде демеу­шілердің қаржысына 700 көп балалы және аз қамтылған отбасына жалпы сомасы 5 млн 325 мың теңгеге азық-түлік берілген. Тағы 55 отбасыға 1 млн 540 мың теңгеге көмір түсіріп берген. Сол сияқты кәсіпкерлер мүмкіндігі шектеулі 700 балаға құны 2 млн 100 мың теңге болатын арнайы сыйлық үлестіріпті. Ал «Мейірімді адамдар» қайырымдылық шарасы шеңберінде тағы 200 отбасыға құны 2 млн теңге болатын азық-түлік пакеттері таратылған. Жал­пы Қапшағай қаласы бойынша былтыр 11 млн теңгеге жуық қайырымдылық шарасы жүзеге асыпты.

Бұл игі дәстүр Көксу ауда­нын­да да жалғасып, мұқтаж адам­дарға 2 млн теңгеден астам сомаға қайырымдылық көмегі көр­сетілді. Тиісті жәрдемге 72 отбасы қол жеткізген. Бұл ретте өңір меценаттарының көрсеткен қолдауы зор. Оның ішінде қалталы азаматтар бірігіп, Мұқаншы ауылындағы көп балалы отбасына 1 млн теңгеге үй сатып әпер­ген екен. Мұнан бөлек, ауданда демеушілердің қаржысына 41 аз қамтылған отбасыға жалпы сомасы 500 мың теңгеге азық-түлік беріліп, 40 отбасыға 550 мың теңгеге отын түсірілген.

Ал Ұйғыр ауданындағы «С.Абылай» шаруа қожалығының жетекшісі Сырым Жомартұлы Тасқарасу және Шарын елді мекендерінің орта мектебі мен ауруханасына қажетті құрал-жабдықтар сатып алып берген. Бұл тізімде 3 мың бетперде, дис­пенсерлік жабдық, тер­­мометр, залалсыздандыру сұ­йықтығы мен медициналық қол­ғап сияқты қажетті құралдар бар. Сонымен қатар тұрмысы төмен 25 отбасыға көмір түсіріп беріпті.

Жалпы, осы бастамаға бойын­ша облыстың барлық өңірі бел­сене атсалысты. Ал қайы­рым­ды­лық шарасына бюджеттен 46 млн теңге, демеушілердің қа­ражатынан 272,4 млн теңге қар­жы жұмсалды. Нәтижесінде, ай­мақта 18 мыңнан астам адамға нақ­ты көмек көрсетілді.

 

Алматы облысы