Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті. Қанат Бекмырзаұлы өз сөзінде Кеңес мүшелерін Ассамблеяның 15 жылдық мерейтойымен құттықтады, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аясындағы Ассамблеяның рөлі мен міндеттеріне тоқталды. “Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы – ағымдағы жылдың саяси басымдықтарының бастысы. Еліміз өзінің этносаралық және конфессияаралық келісім, төзімділік пен мәдениетаралық үнқатысу бойынша оң тәжірибесін ЕҚЫҰ аумағының негізгі басымдығына айналдыруға ұмтылады”, – деді Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі. Сонымен қатар, Қ.Саудабаев Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға Ассамблеяның белсенді қатысып жатқанын атап көрсетті.
Отырыс барысында Кеңес мүшелері Қазақстанның Ел бірлігі доктринасы жобасын пысықтау жөніндегі қоғамдық комиссияның ұсыныстарын қарады. Қоғамдық комиссия мүшелері Д. Нұр-Ахмет және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Б.Әбдірайымов аталған құжаттың жобасын толықтыру және талқылау нәтижелері, осы жұмыстың ашық және азаматтар тарапынан асқан мүдделілікпен жүргізілгені туралы айтып, Кеңес мүшелерін жобаның негізгі бағыттарымен таныстырды. Ассамблея Кеңесі Ел бірлігі доктринасы жобасын мақұлдау туралы шешім қабылдады.
Сонымен қатар, Ассамблея Кеңесінің мүшелері Алматы облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсету мәселесін талқылады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Алматы облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсету штабының басшысы З.Касановтың осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар мен Қызылағаш ауылына әлеуметтік маңызды объектілер салу туралы ақпараты тыңдалды. Ол “Қызылағаштағы жағдай халықтың ауызбіршілігі, ауыр жағдайда қолұшын беру, қолдау көрсетуге дайын екендігін көрсетті. Ассамблея мүшелері, Астана, Алматы қалалары мен облыстық бөлімшелері бір күндік жалақыларын аударды, 8,5 млн. теңгеге азық-түлік жіберіп, 8 млн. теңге қаржы қосты. Қызылағаш ауылының тұрғындарына ас беріп, кездесулер өткізді. Сонымен қатар, Ассамблея ауыл жастарына арналған спорт залы мен тұрғындарға монша кешенін салып беруді міндетіне алып, 96 млн. теңгелік сметалық жоба жасады”, – деді З.Касанов.
Кеңес аталған штаб арқылы зардап шеккендерге бағытты көмек көрсетуді жалғастыру туралы шешім қабылдады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.