Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешенінде «Тәуелсіздік және әдебиет» деген тақырыпта көрме ұйымдастырылып, әдеби кеш өтті.
Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешенінде «Тәуелсіздік және әдебиет» деген тақырыпта көрме ұйымдастырылып, әдеби кеш өтті.Оған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет» бөлімінің аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, жазушы Нұрдәулет Ақыш, «Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті» бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Серікқазы Қорабай қатысып, еліміз егемендік алғаннан бергі жылдардағы рухани әлемімізді байытқан әдеби құндылықтарымыз туралы, институт ғалымдары әзірлеп жарыққа шығарған 100 томдық «Бабалар сөзі», 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы», 25 томы жарық көрген «Классикалық зерттеулер», т.б. туралы кеңінен әңгімеледі. «Классикалық зерттеулерге» С.Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932), Ғ.Мүсіреповтің «Суреткер парызы» (1970) атты еңбектері енген. Ғылыми кітаптар мұражай кешені қорына сыйға тартылды.
Көрме-кешке Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттері, №2 дарынды балалар мектеп-гимназиясының шәкірттері қатысты. Әнші Саят Нұрғазин жүрек тербер ән-шашу шашты. Көрме-кешті мұражай кешенінің директоры, ақын Әділғазы Қайырбеков ашып, қорытындылады.
Назгүл АЛТАЕВА.
Алматы.