• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2013

Елбасы еңбегінің арқасында еңсе тіктеген елге айналдық

600 рет
көрсетілді

Дүние есігін жаңа ашқан сәби ана сүтінен қуат, ана тілінен нәр алып өседі. Осының арқасы болса керек, қазақ қанынан, ата тамырынан ел дегенде егіліп, жер дегенде жанын қиюға әзір болады. Біз үшін Отан деген сөздің қадірі оттан ыстық болатыны осыдан болса керек. Отаның тыныш, бейбіт ел болып, берекесі тасып, әлемге үлгі болу үшін жаныңды сарп қылып қызмет етуге не жетсін! Экономикасы күшті, халқы бірлік пен берекені ту еткен тәуелсіз елдің ғана болашағы баянды болмақ.

Дүние есігін жаңа ашқан сәби ана сүтінен қуат, ана тілінен нәр алып өседі. Осының арқасы болса керек, қазақ қанынан, ата тамырынан ел дегенде егіліп, жер дегенде жанын қиюға әзір болады. Біз үшін Отан деген сөздің қадірі оттан ыстық болатыны осыдан болса керек. Отаның тыныш, бейбіт ел болып, берекесі тасып, әлемге үлгі болу үшін жаныңды сарп қылып қызмет етуге не жетсін! Экономикасы күшті, халқы бірлік пен берекені ту еткен тәуелсіз елдің ғана болашағы баянды болмақ.

«Бақ тағатты ерге ғана тұрмақ» дегендей, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш заман, соны тілеп, бірлік үшін ерінбей еңбек еткен, ырыс-ынтымақты қадірлеген елге ғана келмек, сонда ғана тұрақтап қалмақ. Ел үшін де, ер үшін де тәуелсіздіктен асқан бақыт жоқ. Сан ғасырдың сынына көніп, тезінен өткен еліміз 1991 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздікке қол жеткізді. Азаттықты аңсаған арлы халқымыздың болашағына даңғыл жол ашылды. Содан бері бас-аяғы жиырма жылдан астам уақыт бойы еліміз адам танымас­тай өзгерді. Дүниежүзі таныған, мәнді де сәнді тәуелсіз елге айналды. Біз бұл күнде экономикада, әлемдік саясатта, спортта, мәдени іс-шараларда әлем мойындаған тамаша жетістіктерге жеттік, талай шыңдарға ту тіктік. Жетістікке жетіп қана қойған жоқпыз, елдің көшін бастаған Елбасының арқасында біз әлем елдерінің алдында тұрақтылық пен тыныштықтың символы­на ай­нал­дық. Тәуелсіздік алған ал­ғашқы кезеңдегі қиыншылықтар артта қалды. Ал бүгінгі жаңа Қазақ­станның өз ұстанымы бар. Әлемнің айбарлы елдерімен тізе қосып, терезені тең ету – Ердің бағына біткен қасиетті міндет. Ендігі жерде дүниежүзіне экономикалық дамуымен, әлеуметтік бағытымен, саяси ұстанымдарымен танымал болған алдыңғы қатарлы 30 елмен үзеңгілеспекпіз. Шежірелі еліміздің даңқын асқақтатпақпыз. Жолбарыстан жасқанбайтын, Алатаудың айбарлы барысын жаһан танысын! Көк байрағы желбіреген Қазақ елінің абыройы асқақтай берсін!

Тарихты халық жасайды десек, халықтың бағына туған ерлер тарихты жасаған! Жаратқанның қолдауы болар, еліміздің ерлері тәуелсіздіктің әуел басынан-ақ дұрыс бағыт ұстанды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білді. Тарих елдің бағына орай, тарихқа тағылым боларлық Ерді әкелді. Талай ғасыр тәуелсіздікке жете алмай, ақымыз кеткен күндер артта қалды. Ел тізгінін күш-қуаты мол, ақыл мен парасаты тереңнен нәр алған, жаңаны жадына жиған, болашақты болжай білетін, көреген басшы алды. Ол алдыңғы буын батасын берген, орта буынның алғысына ие болған, жас буынның шамшырағына айналған, барша халықтан қолдау тапқан, атқарған істері мақсат-мұраттарымызбен астасқан ұлт перзенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Тәу­ел­сіз Қазақ елінің тұғырын қа­лау Нұрсұлтан Назарбаевқа жүк­телді.

Қазақстан халқы 1991 жылдың 1 желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаевты Тұңғыш Президент етіп сайлап, сенім артты, ел тағ­дырын аманаттады. Бұл тарихи сәт еш ұмытылмай, елмен бірге жа­сары анық.

Тарихқа сәл шегініс жасасақ, тәуел­сіздіктің алғашқы жылдары кеңестік империяның құр­сауы­нан енді босаған еліміздің басын­да қиын мезгіл орнаған еді. Алма­ғайып заман деп соны айтса керек. «Екі қолға бір күрек» дейтіндей жұмыс та жоқ, тұрмыс та өте нашар. Дүкен біткендерде «дария» кезек. Сабан ақшаны сапырып ұстасаң да, саудасы жоқ, құны жоқ сол бір уақытты ешкім ұмыта қоймаған болар. «Күніне тоқсан түрлі бәле жауса, үмітің бір Құдайдан үзілмесін», деген нақылды берік тұтқан еліміз сонда да үміт үзбеді. Ең бастысы: ең үлкен олжамыз бар еді ол кезде. Ол бәріміздің жүрегімізді жібітіп, қайғымызды тарқатып, қуанышымызды еселеген айналайын Тәуелсіздік! Өз басшымыз, өз еліміз бар деген сөз әр қазақтың қуанышын қойнына сыйғызбады десем, қателеспеспін.

Елбасы сонда: «Күшіміз – жауап­­­кер­ші­лікте. Бірлігіміз – әр­алуан­дықта. Еркін­дігіміз – келі­сімде. Абыройымыз – игілікте. Қа­у­іп­сіздігіміз – ашықтықта. Тәуел­­­сіз­­дігіміз – серіктестікте. Бола­­ша­­­­ғы­мыз – бү­гінде», деген же­ті ті­рекке сүйенді. Сол та­рихи сәт­­те Мемлекет басшысы хал­қы­мыз­­дың дүниетанымының түпкі мә­нін тап басып, оның ең асыл қасиеттеріне жүгінді. Елбасы еңбегі туралы қоғам қайраткері, академик Мырзатай Жолдасбеков келесідей ой топшылаған екен. Ол: «Біз осы бір ұлы тарихи үдерісте бұрын-соңды қазақ басынан кешпеген бақытты кешіп, солар атқара алмаған жауапкершілікті – Тәуелсіз мемлекет орнатуды қолға алдық. Осы жауапкершілікті қалың елдің тағдырымен жалғаған, сөйтіп, олардың ылғи үзіле берген үмітін ақтаған халқының нағыз ержүрек перзенті Нұрсұлтан Назарбаев бо­латын. Жауапкершілігі де, қиын­дығы да мол осы жолда Президент халқына сенді», деп жазды.

Қиын-қыстауда жолдас болған жеті тірек бүгінгі күнге дейін Ел­ба­сын ел жолынан адастырған емес.

Қазақстанның күннен-күнге қарыш­тап, өркендеп келе жатуы Елбасы қол­ға алған ынтымақ пен бір­ліктің, тату­лықтың арқасы. Пре­зидент Нұрсұлтан На­зарбаевтың бастамасымен бұл күн­де Қазақстан халықаралық саяси үн­қа­тысудың бейбіт отанына, алтын көпіріне айналды. Халқымыздың қанын­дағы көп асыл қасиеттің бірі ақ көңілі­мен дос құшағын айқара аша білуі. Соның арқасында қан­шама ұлт өкіл­дері тату-тәтті тұ­рып жатыр. Елбасы сөзімен айт­сақ, әр республиканың ұлттар дос­тығының ұясына айналуы – ықпал­дасқан ынтымақ пен түсіну­шіліктің жемісі, бейбіт өміріміз бен мемлекетіміздің басты тірегі.

Нұрсұлтан Әбішұлының дала­мыздың дана билеріндей елдерді татуластыра білуі, қиыннан қиыс­тырып, қиюы кетті деген ескі дау­ды екі ауыз сөзбен шешуі, не болмаса асықпай келісім жүргізіп береке келтіруі сияқ­ты қадір-қасиеттерінен тәлім алуы­мыз қажет. Дүниежүзілік қырғын апаттың ықтимал құралы – ядролық қаруға тыйым салу, Семей полигонын жабу және осы бағыттағы бас­қа да іс-қимылдар дүниежүзілік ядро­лық қаруларға тосқауыл қою жөнін­дегі келісімдердің тірегіне айналды. Пәкстан мен Үндістан бір-біріне ядро­лық қару кезенген қауіпті тұста бұл мәселе Нұрсұлтан Назарбаевтың келелі кеңеске ша­қыруымен келісім тапқаны Елба­сымыздың өзіміздің елде ғана емес, сырт елдерде де абыройы мен беде­лінің қаншалықты жоғары екенін білдіреді.

Нұрсұлтан Әбішұлын бүкіл түркі елінің жарық жұлдызы деп санаған Түркия өз елінде ескерткіш орнатты. Ин­до­незия, Чешенстан елдерінде біз­дің Ел­басының атына көшелер бе­рілген. Ал Қазақстан басшысының ерек­ше қасиеттерін жыр етіп жүрген дүние­жүзінің айтулы тұлғаларының жылы ілтипат сөздерін бұқаралық ақпарат құрал­дарынан естіп, біліп жүрміз.

Елді біріктірген, дұшпанды бітістірген, ел ішіндегі дау-дамайды бірауыз аталы сөзбен ауыз­дықтап, адамгершілік, парасат­тылықтың үлгісі болған, жетімін жылатпай, жесірін жерге қаратпай елге пана болған данагөй би-сұл­тандардың өнегелі дәстүрін жете білетін Президентіміздің орамды ойлары мен кесімді тұжырымдары қазақ ұлтының төңірегіне жүзден аса ұлттар мен ұлыстарды топтас­тырып, татулық төрін көрсетуге негіз қалап отыр.

Елін сүйген Елбасы: «Мен – өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты – Тәуелсіз мемлекет құ­рудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңе жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да бір тәуекелге барамын», деген болатын. Бұдан асырып сөз айту аса қиын шығар, сірә!

Досжан ӘМІРОВ,

Маңғыстау облыстық

сотының төрағасы.     

Ақтау.

Соңғы жаңалықтар