• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2013

Сол бір сәулелі сәт

320 рет
көрсетілді

Елімен етене Елбасы. Осы сөзді үлкен де айтады, кіші де айтады. Тума халқымыздың ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың бағына туған ұлы тұлға туралы ірілі-ұсақты мақалалардың, естеліктердің басым көпшілігінің түпкі ойы осы әділ баға мен дәлме-дәл сипаттамаға саяды.

Елімен етене Елбасы. Осы сөзді үлкен де айтады, кіші де айтады. Тума халқымыздың ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың бағына туған ұлы тұлға туралы ірілі-ұсақты мақалалардың, естеліктердің басым көпшілігінің түпкі ойы осы әділ баға мен дәлме-дәл сипаттамаға саяды.

Адам баласына деген ақжарма пейіл Нұр-ағаңа сонау балдәурен шақта, Үшқоңырдың баурайында жүргенде-ақ дарыса керек. Сөзін де, әнін де өзі жазған «Үшқоңыр» әнін тыңдаған көкірегі ояу, санасында саңылауы бар әрбір жан бұл пайымдауымды даусыз қуаттайтынына кәміл сеніп отырмын. Туған жерге, атамекенге деген перзенттік махаббаттың әуеніне жүрегің тербеледі... Осы әнді естігенде тебіренбейтін, еміренбейтін ер жоқ шығар, сірә?!

Ата-анасының тәлім-тәрбиесі, өскен ортасының игі ықпалы оны бала жастан үлкенге ізетпен, кішіге ілтипатпен қарауға баулығаны анық. Кейін атжалын тартып мініп, азамат болып қалыптасқан, отызында орда бұзып, қырқында қамал алып, билікке араласқан, ел тізгінін өз қолына ұстаған кездерде де «Ұлық болсаң, кішік бол» деген атам қазақтың аманат сөзі жадынан бір сәт те шықпаса керек.

Сол бабалар өсиетін сертке таққан семсердей ұстанғанына өзім де куә болдым. 1975 жылдың мамыр айы болатын. Қарағанды облыстық радиосының «Жас түлек» бағдарламасының редакторы болып жүрген кезім. Іргедегі Теміртауға жол түсті. Иығымда репортерім бар, телерадиокомитеттің брезент жабулы «ГАЗ-53» автокөлігіне мініп алып, тартып кеттік. Қайран жиырма бесті өткеріп жатқан шағым. Күй талғамаймын. Жолсапар десе елеңдеп тұрамын. Бір ғана түйткіл бар – барған жерімде қазақша сөйлейтін адам таба алмай қиналамын-ау деген үрей.

Қос бүйірі шығыңқы «Қарағанды облыстық теледидары мен радиосы» деген алау түсті куәлігімді көрсеткен соң, Қарағанды металлургия комбинатының аумағына өттік. Салынып жатқан №2 аглофабриканың құрылыс алаңына да жеттік. Үйреншікті жұмыс қой, құрылыс жетекшілерін тауып алып, жұмыстың барысы мен жай-жапсарын сұрастырып, енді қазақша сөйлейтін бір-екі адамды репортеріме жазып алуға ойыстым. Ныспыға жоқ. Қалыпты ырғағымен жүріп жатқан құрылыстың дүбірлі дыбысын жазып алумен шектелдім.

Біздің қызметтің де өз талабы бар. Қазақша дауысы жоқ хабар үшін берісі аға редактордан, әрісі телерадиокомитет төрағасынан сөз естиміз. Қазақ тілінің мүшкіл халге ұшырап, өндіріс орындарында, мекемелерде қазақша дұрыстап сөз сөйлейтін адам таба алмай, абдырап жүрген кезіміз. Тіпті, одан сорақысы, таптым-ау деп жармасқан қандасымыздың жазып берген мәтінімізді оқи алмай, ақ тер, көк тер болып кекештеніп, тұтығып қиналғанын көрсеңіз?!

«Қой, қалайда бір қазақша дауыс табу керек!» деп комбинат басшылығына беттедім. Әдетте, біз партия, кәсіподақ, комсомол ұйымдарын жағалаймыз. Алып комбинаттың ғимараты да заңғар. Дәліздері атшаптырым, қабылдау бөлмелері де соншама кең. Біріне кірсем, сол жақтағы үлкен сарыала есіктің өкпе тұсындағы «Партком хатшысы Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы» деген жазу көзіме оттай басылды. Ол кезде республика басшылығының басым көпшілігі, обком хатшысы да, қала басшысы да, комбинаттың бас директоры да басқа ұлт өкілдері. Осы бір сәулелі сәтті іштей жақсылыққа жорыдым. «Осындай қазақ азаматтарын өсірсе ғой, шіркін!», деп толқыдым.

Есік қағып ішке ендім. Есік пен төрдей үлкен кабинет. Бас изеп сәлем беріп, орта тұсына жақындағанымда, алдымда ұзыннан ұзақ сарыала үстел тұрғанын аңғардым. Партком хатшысы оң жақтағы төрден бері озды. Иә, осы сәт мәңгі есімде қалды. Үлкен басымен үстелді айналып бері шықты. Ортадан жоғары бойы бар дембелшең, бидай өңді жігіт. Қазір ойлап отырсам, сол кезде Нұрекең отыз бес жаста ғана екен ғой. Қол беріп сәлемдесіп, маған орындық нұсқап, өзі қарсыма отырды. Өзімді таныстырып, келген шаруамды айтып жатырмын. Сөзімді тыңдап болған соң, асықпай, саспай, сабырмен кеңесін берді. «Қазақша сөйлейтін адамдар керек болса, коксохимияға бар. Шымкенттің жігіттері. Оларға мәтін керек емес. Микрофоныңды тоссаң болды, қатырып сөйлеп береді», деді. Қасыма комсомол хатшысын қосып берді. Ашық-жарқын орыс қызы екен, талай бұрылыс-қалтарыстан өтіп, коксохимия цехына да жеттік.

Айтса айтқандай, кілең сайдың тасындай іріктелген ұзын бойлы, денелі, білекті жігіттер. Әңгіме-дүкеннің көрігін қыздырысып жібердік. Өздері сондай елгезек. Қызды-қызды әңгіменің қызығымен кокс пешінің үстіне қалай шығып кеткенімді де білмей қалдым. Табанымды шым-шым ыстық қарып, өн бойымды балқытып барады. Пештің бірінің қақпағын ашып көрсетіп еді, ар жағында қып-қызыл шоқ. Мен Қарағандыға соншама әсерленіп қайттым. Бара салып «Жалынды жүректер» деген репортаж жаздым. Хабар ретінде облыстық, республикалық радиодан берілді. Мақала ретінде облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің қызыл тақтасына ілінді. «Төртінші биіктік» деген атаумен лирикалы-романтикалық нұсқасы «Лениншіл жас» газетінде жарияланды.

Кейін мен осы кездесу және Қарағанды метталургия комбинатының №4 домна пешінің қатарға қосылуы туралы «Төртінші биіктік» деген хроникалы хамса жаздым. Ол алдыңғы жылдары «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланып, былтыр жарық көрген «Дүрия дүние» жыр кітабымның беттерінен орын алды.

Осыдан он алты жыл бұрын, 1997 жылы ұлымыз екеуміз Елбасының «Елім менің» атты жүрекжарды жырын тұңғыш рет орыс тіліне аудару бақытына ие болдық. Тәржіме «Экспресс К» газетінің 1997 жылғы 18 қыркүйектегі 150-151 нөмірінде жарияланды. Аталмыш басылымның меншікті тілшісі Станислав Песнев «Я лиру посвятил народу своему…» (Поэтический дебют Нурсултана Назарбаева) деген кіріспе мақаласында: «…Сегодня «Экспресс К» впервые в республике познакомит читателей с переводом текста песни на русский язык, который по нашей просьбе сделала поэтическая династия из Караганды – Сабит и Акниет Бексеитовы. Передать всю глубину и афористичность языка оригинала – это трудная работа. Но делали ее отец и сын для вас от души, тоже поражаясь многосторонности и творческой одаренности автора», деп жазды.

Мен саналы өмірімнің қақ жартысын бұқаралық ақпарат құралдарына арнаған, қайда жүрсем де қолымнан қаламым түспеген қаламгер ретінде де, енді бір қақ жартысын мемлекеттік қызметке арнаған, ұлықты басшыға құлықты қосшы керек екенін білетін мемлекеттік қызметші ретінде де азды-көпті тәжірибе жинақтаған, өз пікірімді бір адамдай айта алатын азаматпын деп шамалаймын. Әр дәргейдегі адамдармен көп араластым, талай әкім-қараның алдынан өттік. Сонда бір байқағаным: солардың біразының «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген өміршең қағиданы ұмытып кететіндігі; кеуделеріне нан пісіп, көздерін шел басып, күні кеше амандасып жүрген адамын көпе-көрнеу танымай, төремін деп кекірейіп, қызметшілерін менсінбей, қабылдаудан ат-тонын ала қашып, мәселені шеше алмайтын дәрменсіздігін бюрократтық бетпақ бет-пішінімен жасырамын деп жаңсақ ойлайтындығы. Иә, ондай жортақай жармақтарды мен аямай-ақ қояйын, оларды Құдай аясын. Бірақ солардың арасынан әлі де болса өзіне сын көзімен қарап, түзелемін деген ойы бар есті азаматтар шығып жатса, мен өзімнің көзім көрген, өмір бойы өзіме өнеге тұтқан, үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты, елімен етене, халқына қадірлі Нұрсұлтан ағамыздың нұрлы жолын нұсқар едім. Өйткені, ол – адамгершіліктің, азаматтықтың, ізгіліктің нұрлы жолы.

Сәбит БЕКСЕЙІТ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

ҚАРАҒАНДЫ.

Соңғы жаңалықтар