Соңғы кезде сайттар мен түрлі газет беттерінде Тіk Тоk әлеуметтік желісі туралы жарияланым көбейді. Барлығының айтары Тіk Тоk-ты қадағалау керек, ол жердегі контент ұят, жастарды бұзуда» дегеннен әрі аспайды. Бірақ онымен күрес желіні жабумен немесе қатаң қадағалаумен шешілмейді. Өйткені ол мүмкін емес.
Күресу үшін сол Тik Тоk-тың не екенін білген дұрыс-ау. Бұл әлеуметтік желіні 2016 жылы Қытайдың Вyte dance компаниясы шығарды. Өз елінде ерекше танымал болған желіні көршіміз халықаралық нарыққа шығаруды ойластырды және дегеніне жетті. Ол шақта бұл желінің аты «Дауинь» еді. 2017 жылы аталған компания «Мюзикал ель уайт» компаниясын сатып алды да, оны «Дауинь»-мен біріктіп, Тik Тоk-ты шығарды. Қазір бұл әлеуметтік желіні 500 миллионнан астам адам пайдаланады. Осымен бұл әлеуметтік желі туралы білуге тұрарлық ақпарат таусылады. Өйткені оған бір рет болса да кіріп көрген адам Тik Тоk-та пайдалы дүние жоқ екенін түсінеді. Бірақ бұл оны жауып тастауға негіз емес.
Неліктен Тіk Тоk аз ғана уақыт ішінде жастардың сүйікті әлеуметтік желісіне айналып шыға келді? Соған жауап іздеп көрсек. ХХІ ғасырда барлығы оңтайландырыла бастады. Тіпті танымал болу да осы күні бір кездегіден әлдеқайда жеңіл. Алғаш «Ютуб» шыққан күннен қазірге дейін желіге видео салу жағы оңай бола түсті. Ютуб-блогер болу үшін видео түсіруді ғана емес, оны монтаждауды да білуің керек. Жыл өткен сайын танымал болғысы келетін жандардың саны арта берді. Ал желі жасаушылар олардың өмірін оңайлата түсті. Естеріңізде болса, «Вайн» және «Снапчат» атты әлеуметтік желілер де болды. Бірақ оларды «Инстаграм» жұтып алды. Ақыр соңында әлем Тіk Тоk-қа келіп тірелді.
Алғаш рет кіріп көргенімізде оның функцияларының көптігі таңғалдырды. Adope Premier бағдарламасында жарты сағат отырып жасайтын видеоны Тіk Тоk-та екі-үш минут ішінде жасап шығуға болады. Сонысымен де бұл желі көпшілікке танымал әрі сұранысқа ие. Осыны пайдаланатын немесе кіріп көрген жандарды сөзге тартқанымызда, олардың барлығы Тіk Тоk-та пайдалы ештеңе жоқ екенін айтты. Солай екені рас. Бірақ осыған дейінгі болған барлық әлеуметтік желі алғашында сондай болды. Естеріңізде болса, «Инстаграм» алғаш шыққан кезде көпшілік оған суреттерін салып, өздерінің ойларымен бөліскен-ді.
Дәл сол шақта оны да жақтырмай, пікір білдіргендер болды. Ал қазір «Инстаграм» дегеніңіз бизнеспен біте қайнасып кетті. Неге олай? Өйткені барлығы өзгеруде. «Инстаграмның» аудиториясы өсті. Өскен соң адамның сұранысы да өзгереді. Бір кездері оған суретін ғана емес, жеп отырған тамағына дейін салған адамдардың алдының жасы 35-тен асты. Сол себепті «Инстаграм» өзгеріп қана қойған жоқ, ерекше түлеп шыға келді. Уақыт өте келе Тіk Тоk-тың да аудиториясы есейіп, «Инстаграмның» кейпіне ене қалса, таңғалмайық.
Жалпы, қазақ қоғамы не болса соны қорқа қабылдап, жаңашылдыққа ұмтыла бермейтіндей көрінеді. «Mail.ru» шыққан кезде де оны жастарымызды бұзып жатыр деп жар салғандар болды, «Инстаграм» шыққанда да сол әнге басқандар көп. Енді кезек Тіk Тоk-қа келді. Келесі әлеуметтік желі шыққанша осы «пластинканы» тыңдай тұрамыз. Бір қызығы біздің желі «жапқыштар» мен «қадағалағыштар» сол Тіk Тоk-қа тіркеліп, пайдалы контент қалыптастыруды ойламайды. Онымен күресудің жолы – пайдасыз контентті пайдалымен ауыстыру екенін түсінетін кез келді ғой.
Сол себепті әр бұрышта отырып алып, мораль оқығанша, Тіk Тоk-қа тіркеліп, көпшіліктің сұранысына ие болатындай контент қалыптастырған жөн. Міне, сонда ғана желідегі олқылықты жоюға болады. Алысқа бармай-ақ өткен айдағы «Мен туымды мақтан етемін!» челленджін мысалға келтіруге болады. Сол кезде бүкіл «Инстаграм» көк туымыздың түсіне боялды емес пе? Тіk Тоk-ты да пайдасы тиер контентпен өз пайдамызға жыға аламыз. Онымен күресудің жалғыз жолы – осы.
Түгелбай БИСЕН
Батыс Қазақстан облысы