Жас ұрпақтың қиялын ұштап, өз қолдарымен жаңа нәрсе жасап шығаруға құлшынуы қуантады. Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10 «А» сынып оқушысы Диана Қуанбай жылыжай мен көгал суаруға арналған машина жасап шығарды.
Диана бұл жобамен 2019 жылы айналысып бастаған. Әзірге жоба робот макет күйінде дайын тұр.
– Жұмыс істеу процесі оңайлатылған. Робот алдымен топырақтың ылғалдылығын өлшеп, осыған сәйкес су мөлшерін анықтап, жерді суарады. Әзірге білім ордамыздағы жылыжайда сынап жүрміз және роботты жетілдіру үстіндеміз. Осы жобамен облыстық ғылыми байқаулар жобасында жүлделі орыннан көріндік, енді республика деңгейіндегі сайыста қорғаймын, – дейді өнертапқыш.
Диана қазірде бірегей жобасымен наурыз айында өтетін республикалық байқауға дайындалуда. Роботқа қауіпсіздік GPS сауытын орнату жоспарланып отыр.
16 жастағы Диана Қуанбай болашақта IT саласында жоғары білім алу үшін Еуропадағы беделді университетке түсуді ойлайды. Отбасындағы 4 баланың үлкені мектепті абыройлы тәмамдап, туған өлкенің дамуына өз үлесін қосқысы келеді.
Маңғыстау облысы