Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өкімімен Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы болып Нәзира Тоғызбаева тағайындалды.
Нәзира Тоғызбаева Қызылорда қаласында туған. Тұрмыста, балалары бар.
Қызылорда политехникалық институтын «экономика және басқару» мамандығы бойынша, Қазақ гуманитарлық заң университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің аспирантурасын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.
1999-2003 жылдары Қызылорда облысының әкімдігінде жұмыс істеген, жетекші маманнан бөлім басшысына дейінгі еңбек жолдарынан өткен. Сондай-ақ әр жылдары коммерциялық ұйымдарда жұмыс жасаған.
Алматы қаласының әкімдігінде 2016 жылдан бастап жұмыс істейді.
Алматы қаласы әкімінің бас инспекторы, Алматы қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі қалалық Комиссияның хатшысы қызметтерін атқарған.
Осы тағайындауға дейін Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары болды.